Биылғы Жаңа жылда Нидерланды сынды мемлекеттер отшашу сатуға ресми түрде тыйым салды. Оның басты себебі – әлемдік пандемия кезінде коронавирус індетін жұқтырғандардың өмірі үшін күресіп жатқан дәрігерлерге артық жүктеме артпау. Бұған түсіністікпен қараған кәсіпкерлердің де жағдайын ойлаған билік оларға келер жылға дейін өнімдерін сақтауға қойма беруде. Ал біздің елде мұндай шектеу шаралары енгізілген жоқ. Десе де тәртіп сақшылары арнайы рейдтік шаралар ұйымдастырып, отшашудың бейберекет сатылмауын қадағалауда.
Қазір облыстық полиция департаментінің бастамасымен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтардың пиротехникалық заттар мен бұйымдардың қолданыс ережелерін сақтауын қадағалау мақсатында «Пиротехника» жедел-алдын алу шарасы қолға алынуда. Аталған бастама аясында тәртіп сақшылары, төтенше жағдайлар департаментінің мамандары және Тараз қаласы әкімдігінің өкілдері базарлар аумағына 49 рейд жүргізіп, бірқатар заң-бұзушылықтарды анықтап отыр. – Рейдтер барысында шаһар бойынша пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сатудың 12 дерегі анықталды. Сондай-ақ елді мекендерде де 7 заңсыз сауда нүктесі жабылды. Біз кәсіпкерлерге пиротехникалық бұйымдарды тек рұқсат қағазбен және белгіленген орында ғана сатуға болатынын түсіндіріп жатырмыз. Алайда әлі де болса көлеңкелі жолмен табыс табуға ұмтылып жатқандар азаймауда, – дейді облыстық полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Мәмбет Смаилов. Негізі отшашуды ойланбай қолданып, мереке қарсаңында опық жеп жататындар аз болмайды. Мамандардың сөзіне сүйенсек, жаңажылдық мереке күндері ауруханаларға жайшылықтан үш-төрт есеге артық адам түрлі жарақатпен түседі екен. Ал әлемдік пандемия кезінде бұл дәрігерлер үшін қосымша жұмыс. – ҚР ӘҚБтК-нің 436-бабына сәйкес, елді мекендерде және арнайы бөлінбеген орындарда жеке тұлғалардың тыныштығын, белгіленген тәртіпті бұзатын және 16 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар жасаған ірі материалдық залал келтіруге әкеп соғатын пиротехникалық бұйымдарды қолдану – пиротехникалық бұйымдарды тәркілей отырып, ата-аналарға немесе оларды алмастыратын адамдарға ескерту жасауға немесе 20 АЕК (55 560 теңге) мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. ҚР заңнамасын бұзуға жол бермеу, сондай-ақ балалар жарақаттануының ықтималды қауіп факторын немесе кәмелетке толмағандардың қатысуымен өзге де құқыққа қарсы әрекеттерді болдырмау мақсатында пиротехникалық бұйымдарды қолдануда қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтай отырып, ересектердің жіті қадағалауымен ғана пайдалануға шақырамыз, – дейді ПД ЖПҚБ ювеналдық полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Қуанышбек Қалжанов. Міне, осылайша тәртіп сақшылары жаңажылдық мереке күндері барынша сақтық шараларын сақтауға шақыруда. Одан бөлек, полиция қызметкерлері мереке күндері көлік жүргізушілердің тәртібін бақылауды да күшейтеді. Байқап тұрсаңыздар биылғы Жаңа жылда босаңсуға жол берілмейді. Сондықтан өзіміз бен жақындарымыздың амандығы үшін Жаңа жыл мерекесінде барынша сақ болғанымыз жөн. Ал апта басында Нұр-Сұлтан қаласында мерекелік отшашу атылмайтыны туралы Бас санитарлық дәрігердің қаулысы шықты. Сондай-ақ Аяз ата мен Ақшақарды үйге шақыруға да тыйым салынады. Бұл коронавирус індетін жұқтыру деректерін болдырмау үшін қолға алынуда. Демек, өзге өңірлерде де орталық алаңда мерекелік отшашулар атылмайды деп болжай берсек болатындай. Сондықтан Жаңа жылды отбасылық жағдайда қарсы алып, отшашумен де ойнамауға шақырамыз!
С.Жапарұлы
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз