жексенбі, 6 қазан, 2024 3:40

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Мектептегі құрылыстың мерзімінде бітпеуіне кім кінәлі?

Мектептегі құрылыстың мерзімінде бітпеуіне кім кінәлі?
ашық дереккөзі
Мектептегі құрылыстың мерзімінде бітпеуіне кім кінәлі?

Облыс әкімдігінде өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен аппараттық кеңес отырысы өтті. Онда облыста құрылысы аяқталмай жатқан білім нысандарының мәселесі қаралып, «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің 8 айдағы атқарған жұмысының қортындысы тыңдалды.

Апараттық кеңесте білгеніміздей, Тараз қаласы мен аудандардағы құрылысы жүргізіліп жатқан бірқатар білім нысандарындағы жұмысқа көңіл толамай тұр. Өйткені, мердігерлердің дені өндірістік кестеден кешігіп келеді. Техникалары мен жұмысшыларының саны жеткіліксіз. Құрылысқа қажетті материалдардың уақытылы жеткізілмеуі секілді мәселелер жетерлік. Мұны облыс әкімінің өзі тілге тиек етті. Аталған мәселе жөнінде осы уақытқа дейін бірнеше мәрте жиын өтіп, аудан, қала әкімдері мен мердігерлерге тиісті тапсырма берілсе де нәтиже болмай отырған сыңайлы. Кейбір жаңа мектептердің құрылысы, басқа да білім ошақтарында жүргізіліп жатқан күрделі, ағымды жөндеу және санитарлық тораптардың жұмысы келісімшарт бойынша бірінші қыркүйекке дейін аяқталуы тиіс еді. Бірақ, облыс бойынша жаңадан салынып жатқан 9 мектептің құрылысы бітпей тұр. Кейбірі жұмыстың 50 пайызы да еңсерілмеген. Одан бөлек, тағы осыншама мектептің санитарлық торабы әлі дайын емес. 13 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары әзірге бітетін түрі жоқ.

– Өткен аптада Қордай Меркі аудандарына іссапармен бардым. Сонда екі ауданда да, әсіресе Меркі ауданында тапсырманың орындалуы өте нашар деңгейде екенін көз жеткіздім. Жұмыстың жүргізілмеуі, тиісті қаржының бөлінбеуінен болса – бір жөн. Бұл кемшілік қаралған қаржының игерілмей отырғанын көрсетеді. Құрылысы кешеуілдеп жатқан мектептерге жауапты мердігерлер жұмыс күшінің жетіспеуін сылтауратып отыр. Құрылысшының жетіспеуінің бір-ақ себебі бар. Ол – аталған мердігерлердің бір емес, бірнеше нысанды өздерінің шамасына, техникасының санына қарамай алып алуынан туындап отыр. Соның салдарынан құрылыс нысандарының жұмысы кешеуілдеуде. Өткенде облыс әкімдігінің білім басқармасына осы жұмыстарды бақылау жөнінде арнайы тапсырма бердім. Қазір аталған мәселені тағы да қарағалы отырмыз. Қылышын сүйретіп қыс келе жатыр, ал біздің жүрісіміз мынау. Менің ойымша, бұл жерде мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаментінің де жұмысы нашар. Өйткені, бұл басқарма осы уақытқа дейін бұл мәселені өздері қозғауы керек еді. Өкінішке орай, біз қимылдамасақ, олар үнсіз отыра беруге үйренген. Аталған басқарманың жұмысы – негізінен құрылыстың сапалы аяқталуын бақылауға алып, облыс басшылығына тиісті мәліметті беріп отыру.

Екінші мәселе біз құрылыс жұмысын келісілген мерзімде аяқтамаған мердігерлерге жаза қолданбайтындығымызда. Біздің жазалауымыз аз мөлшерде айыппұл салдырумен ғана шектеліп жүр. Осыны біліп алған құрылыс компаниялары арқаны кеңге салуда. Сондай-ақ техникалық қадағалаушылар да өз жұмысына салғырт қарайды. Тіпті, құрылыс басына бір айда бір-ақ мәрте баратын техникалық қадағалаушы мамандар бар.

Тағы бір кемшілік – аудан әкімдерінің құрылыс нысанын бақылауда ұстамауында. Қазір бірінші тоқсан қашықтан оқытылып жатқандықтан, олқылығымыз білінбей тұр. Ертең оқушылар жаппай дәстүрлі оқытуға көшетін болса, мұның соңы үлкен мәселеге айналатыны хақ. Егер аудан әкімдері осы мәселеге уақытында бас ауыртып, істі күнделікті қадағалап отырғанда, құрылыс нысанын мерзімді уақытта тапсыруға үлгерер едік. Өңірімізде жұмыссыз жүрген азаматтар көп. Ал мердігірлердің жұмысшы таппай жүргені ақылға қонымсыз. Аудан, ауыл әкімдері бос жүргендермен жұмыс жүргізіп, оларға ауылда құрылыс нысанына жұмысшы тапшы екенін түсіндіріп, жұмысшыға қанағаттанарлықтай ақы төлеп, құрылысқа тарта білсе, мәселе оң шешілер еді, – деді Бердібек Машбекұлы.

Облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенованың айтуынша, Тараз қаласындағы №1 мектеп-гимназиясының 300 орындық қосымша ғимаратының құрылысы шілде айының соңында тапсырылуы тиіс болған. Қазір мұндағы жұмыстың орындалуы 50-ақ пайыз. Өндірістік кестеден қалып келе жатқан нысанның бірі – Тараз қаласындағы саңырау және нашар еститін балаларға арналған «Мейірім» мектеп-интернатына тиесілі 80 орындық қосымша ғимарат. Бұл нысанның құрылысы жыл соңында тапсырылады десек те, жұмыс әзірге 24 пайызға ғана орындылған. Осы тектес олықылықтар әр ауданда бар.

Облыс әкімі өз кезегінде тисті мердігерлер мен аудан әкімдерінен жауап алды. Барлық мектептің құрылысын, күрделі жөндеу жұмысын жыл аяғына дейінгі болжамды мерзімде аяқталуы керек екенін қатаң ескертті. Кейбір құрылыс компанияларын сотқа беру арқылы жосықсыз мердігер деп танып, келер жылы тендерге қатысу құқығынан айыру жайын еске салды.

Жиында екінші мәселе бойынша «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық офисінің жетекешісі Назима Дәрменқызы сөз алып, аталған жобалық кеңсенің 8 айда атқарған жұмысын баяндады.

  Нұрым Сырғабаев
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар