сенбі, 23 қараша, 2024 5:05

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Пандемия еңбек нарығына қалай әсер етті?

Пандемия еңбек нарығына қалай әсер етті?
ашық дереккөзі
Пандемия еңбек нарығына қалай әсер етті?
Бұған дейінгі дағдарыстарда дәл бұлай дағдармаппыз. Кірпіш өріп, бетон құятын көршім Тоқберген­нің тосылғанын, жұмыстан шығып қалған Аят құрдасымның 42 500 теңге аламын деп аласұрғанын көрдім. Шаһарға кіре алмай, кірсе шыға алмай шерменде болған жұртты көрдім. Тап 2020 жылы кәсіп бастап, онысы орасан қарызға батып, ақырында несиесін кейінге шегеріп тастап, такси қызметімен айналысқан жігіттер де – біршама. Ауырған, сырқаған ағайынның түйткілдері – бір төбе.
 
Ойда-жоқта ойран салған дерт, әсіресе еңбек нарығына ауыр тиді. Пандемия экономикалық белсенді халық санын қысқартты. Екінші тоқсанда елдегі жұмыссыздар 454 мың адамға дейін жеткен. Алайда қос карантинді қоса есептегенде жұмыссыздық деңгейі 5 пайыздан асқан жоқ дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі. Дерт өршіген кездің өзінде жұмыссыздардың саны 900 мың – 1,1 млн аралығында ғана болған. Ведомство оның үстіне жұ­мыссыздықты жою үшін қан­шама бағдарлама қабыл­дап жат­қанын айтады. Еңбек ре­сурс­­­тарын дамыту орта­лы­ғы­ның мә­ліметі бойынша Enbek.kz элек­т­рон­ды еңбек нары­ғында­ғы түйін­деме мен бос орын­дар саны төтенше жағдай кезін­де 23 пайызға дейін азайды. Мем­лекеттің осынау деректеріне шәк кел­тір­гендей болмайық, алайда кей­де құрғақ статистиканың өмір шындығынан алшақ түсіп жата­тыны да өтірік емес. Мұны эконо­мист Мақсат Халық та растайды. – Қазақстанда еңбекке жарам­ды адам саны – 10 млн шама­сында. Елдегі ахуалды 42 500 тең­ге алған адамдар санынан да бай­қауға болады. Қатаң каран­тин болған екі жарым айда 4,5 млн азаматқа осы төлем берілді. Демек, осыншама азамат уақытша болса да жұмыссыз болды деген сөз. Жұмыссыздық деңгейі пан­демияға дейін болған. Пан­демияға дейін 4,8 пайыз деңгейінде болған жұмыссыздық сәуір айында 45 пайызға дейін шарықтап кетті деп айта аламыз. Блок-бекеттер ашылғаннан кейін ұлттық экономика министрлігі жұмыссыз­дық деңгейі 5,8 пайыз болды деп мәлімдеме жасады. Біз, экономистер бұл дерекпен келіспедік. 45 пайыздан 5,8 пайызға ыршып түсуі мүмкін емес қой. Біз­де қызмет көрсету саласында іс­тей­тін жастар, қаншама халық жұ­мыс­сыз отыр. Карантин аяқтала салысымен жұмыссыздардың бәрі жұмыс тауып кетті деу шынайы емес, – дейді экономист. Экономика ғылымдарының докторы Сәуле Қалиеваның айтуынша, пандемия еңбек нарығы заңдылықтарын өзгерте бастайды. Адамдар тығырықтан шығу үшін жеке қабілетін дамытуға күш салады, қосымша білім алу жолын іздейді, өзін дамыту еңбек нарығында оза шабудың бірден-бір жолы екенін түсінеді. – Адам қай кезде де әйтеуір бір амалын табады ғой. Жұмыс беру­шілер жұмыс орнын қыс­қартты, не болмаса жалақыны азайт­ты. Бұл адамдардың өздеріне жаңа кеңістік іздеуіне жол ашады. Болашақта тұрақты жұмыс орны тура қазіргідей сұраныста бол­мауы мүмкін. Байқасақ, қазір қашықтан жұмыс істейтін адам­дарға деген сұраныс артып жатыр. Менің ойымша, індет біткен соң интернет-дүкен қызметкері, жеке қаржы консультанты, интерьер дизайны, әлеуметтік жұмысшыларға деген сұраныс көбейеді. Жалпы, қазіргі қиын кезең адамдарға онлайн платформаларды меңгеруге, әлеуметтік желі функцияларын үй­реніп, пайдалануға, контент-менеджмент, тайм-менеджментті меңгеруге міндеттеп тұр, – дейді сарапшы. Маман айтқан тағы бір мәсе­ле – жастардың мамандық таң­дау­­да адасуы. Аты дардай сала­ның дипломын еншілеп, бірақ нәпақаны басқа кеңістіктен іздеу біздің елде әдетке айналғандай көрінеді. «Түйені жел шайқаса, ешкіні көктен іздейтініміз» сияқ­ты сақадай маман абдырап қал­ғанда, өз саласы бойынша жұмыс істемей жүрген жастар, тіпті қиналды. – Жастар нарық заманына бе­йім­делуі керек. Жастар тәжі­ри­бесін арттырып, қабілетін да­мыт­пауы салдарынан жалда­нып жұмыс істеуге мәжбүр бола­ды. Өнімділігі төмен салада жал­ақы алғанына риза. Қазір 76 пайызға жуық жастар жалдамалы жұ­мы­спен күн көруде. 24 пайыз жас қана өз-өзін жұмыспен қам­тып отыр, – деді С.Қалиева. Мамандардың сөзіне сү­йенсек, тап осы жерде еңбек өнім­­­­ді­лігі мәселесі туындайды. Өйт­­кені дәл осы еңбек өнімділігі эко­­но­м­иканың әлеуетін көтереді, ІЖӨ көр­сеткішін арттырады. Ал ішкі ор­тадағы бәсекенің әлсіздігі, аза­мат­тардың жұмысына, маман­дығына махаббатпен қарай алмауы да еңбек нарығындағы өнімділікті әлсіретіп тұр. Заң ғы­лым­дарының кандидаты Аида Егембердиева Center of Business Analytics GSB UIB тікелей эфи­рінде осындай пікір білдірді. – Мәселен, Жапонияда және Еги­пет­те адамдар бір жұмыс ор­нын­да 30-40 жыл жұмыс істей­ді. Жұмысына ерекше жауап­кер­шілікпен қарайды. Әркім өз ісін терең меңгеріп, істегенде ғана керемет нәтиже шығады. Әрине, бұл ретте жұмыс берушілердің де ықпалы бар. Олар адамдарды ынталандыруы, адамдарға мотивация сыйлайтын тиімді бағдарлама құра алуы, KPI (Key Performance Indicators – тиімділіктің бас­ты көрсеткіштері) белгілеуі, белгілі бір мерзімде орындалуы тиіс жұмыс көлемі үшін тиіс­ті міндеттер мен жұмыс коэф­фи­­циен­тін қоя білуі өте маңыз­ды. Осы­ның бәрі үйлесім тап­қан кез­де ел де дамиды. Еңбек өнім­­ді­лігі де артады. Осыдан 15 жыл бұ­рын жұмысқа тұруға келген кандидат қазақ, орыс, ағыл­шын тілдерін біліп тұрса, біз оны бірден жұмысқа алатынбыз. Ал қазіргі нарықтың талаптары басқа. Сондықтан елдегі кәсіби шебер қызметкерлер санының көбеюі де жастардың өзіне байланысты болып тұр, – дейді А.Егембердиева. Finprom.kz мәліметінше, бірін­­ші тоқсанның қорытындысы бойынша елдегі жұмыссыз жастар саны 78,9 мыңға жеткен. Бұл елдегі жалпы жұмыссыз азаматтардың 17,8 пайызы екен. Жыл аяғына дейін аталған көрсеткіш 3,8 па­йызға дейін қысқарыпты. Кө­бі­не жастар құрылыс, мемле­кет­тік басқару, міндетті әлеу­мет­тік қам­сыздандыру салаларын­да жұ­мыс істеп жүр деген дерек кел­тіріпті. Сарапшы С.Қа­лиева­­ның айтуынша, пандемия әсері­нен коммерциялық жылжымай­тын мүлік нарығында және қо­ғам­дық тамақтану орындарын­да құрылымдық өзгерістер туындайды. Қызметін онлайн-сервис­ке сапалы түрде көшіре біл­ген ұйымдар ғана ұтады. «Әрине, бәрі бірдей қашықтан жұмыс істеуге көше алмас. Алай­да жұ­мыс істеудің пайда бол­ған осынау бір тосын түрі жаңа тех­но­ло­гиялардың дамуына, біз­дің оны игере білуімізге, цифр­лан­дыру­дың дамуына, интеллектуалды жұмыс әдісінің алға басуына ықпал етеді», дейді. Әзірге мемлекет азаматтардың жұмыспен қамтылуы үшін қолдан келген шараларды ұсынып-ақ жатыр. Соның ішінде «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы жайлы ауыз толтырып айтуға болатын шығар. Биыл 10 айда 580,9 мың адам осы бағдарламаға қатыс­қан. Оның 380 мыңға жуығы жұ­мыс тапса, 230 мыңнан астамы тұрақты жұмысқа орналасқан. Айтпақшы, осы бағдарлама аясында жастар практикасы да жүзеге асады. Оқуын енді бітіріп, еңбек нарығына қадам басқан жастар аталған практикаға қаты­су арқылы еңбек өтілін ала­ды. Біздің кейбір бюрократия­лық ұс­танымдарға «адал» жұмыс орын­дары дипломды енді алған жас­тан өтіл сұрап, тауын шағып жат­қанын жиі естиміз, жиі көреміз ғой. «Еңбек» сол олқылықтың да орнын толтырады екен. Бағдар­лама аясындағы «Бастау Бизнес» жобасы да кәсіпкерлік негіздеріне үйретеді. Іліп алып кеткендер кәсібін ашып та жатыр. Мемлекет осынау стандартты жүйеге негіз­делген жобалармен қатар жас­тарды дамытудың, жұмыс орнын құрудың заманауи жолдарын тауып жатса, тіпті құба-құп. Жылдар өткен соң ұйымдар­дың қашықтан жұмыс істеуін жалғас­тыра бергенін, мекеме­лердің сапалы видеоконференция жасай алатын құрал-жабдықпен қамтылғанын, онлайн оқу, онлайн жұмыс істеудің жоғары дәрежеде жолға қойылғанын, жастардың бұрынғыдан білімді һәм мобильді бола түскенін көріп, «бұл бір пандемиядан қалған сапалы сарқыт болды» деп отырармыз.   Абай АЙМАҒАМБЕТ egemen.kz
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар