сәрсенбі, 12 маусым, 2024 20:13

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Шумахер Айка»:Жамбыл облысында көп балалы ана трактор мініп, шөп шауып жүр

«Шумахер Айка»:Жамбыл облысында көп балалы ана трактор мініп, шөп шауып жүр
Сурет: jambylinfo.kz
Айткүл Бубеева 28 жасында 7 баланың анасы атанған

Жеті баланың анасы Айткүл жаз бойы трактормен шөп руллондап, пресстеп, өзі еңбектеніп жиған шөбін жүк көлігіне артып, қалаға жөнелтіп отырады, деп жазады jambylinfo.kz.

Жамбыл облысы, Талас ауданы, Майтөбе ауылының тұрғыны Айткүл Бубеева 28 жасында 7 баланың анасы атанған. Күйеуі Нұржан Оңғарбай –  механизатор. Тұңғыштары Үмбетәлі 5 жасында жеңіл көлік айдаса, 7 жасында трактор тізгіндеген. Ауылдастары «Шумахер Айка» атап кеткен келіншекпен тілдесудің сәті түскен еді.

«Жеті бала тапқан ана қандай болады? Әрине көп балалы болған соң, тіршіліктің көзін табуға талпынасың, тыным таппай жұмыс істемесең, аш қаласың. Күйеуім үйдің жалғыз ұлы болғандықтан, жаным ашып, қасында көмектесіп жүріп, бәрін үйреніп алдым. Қазір күйеуіммен қатар трактор айдап, еңбек етіп жүрген жайым бар. Жұмыста қара жұмыс істеп, шаршағаныммен, үйге келген соң ошаққа от жағып, қара баланың қамымен қазан асып, келіннің жұмысын істеймін. Ауылымызда әлі көгілдір отын тартылмағандықтан, тамақты даладағы қазанға істейміз. Оған ағаш жағып, отын дайындау да бір жұмыс.  Көгілдір отын  тартылса, ауыл келіндерінің жұмысы жеңілдер еді»,– дейді Айткүл.

14 жасар Үмбетәлі де жаз бойы шөп басында, әкесі мен анасының қасында еңбек етеді.

«Кішкентай кезімнен атам мені рульге отырғызып, бар тіршілікке баулыды. 8 жасымда көлігімнің жеңіл-желпі бұзылған жері болса,  өзім жөндеп алып, айдап кете беретінмін. Мектепте көлік айдағаныма ұстаздар кішкентайсың әлі деп қарсылық білдіреді. Сондықтан қазір рульге көп отырмаймын. Үйдің тұңғышы болғандықтан көп жауапкершілік артылған. Өзімнен кейінгі бауырларыма үлгілі аға болғым келеді», – дейді Үмбетәлі.

Құралай Сейсенбекқызы 

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар