«Әйелге тән емес» кәсіпте әйелдердің жетістігі көп
Энергетика дәстүрлі түрде ерлер саласы болып саналады. Күйзеліске төзімділік, қатаң талапшылдық, жылдамдық және кей кезде салқынқандылық – энергетик жұмысындағы осы қасиеттер мықты ер адамның бейнесін сомдайды. Дегенмен әйелдер де электр энергетикасы саласында бұрыннан өздерінің берік қағидаларын ұстанған.
Қазақстанның энергетикалық кешенінде өз мамандығын жақсы көретін және оны жетілдіруге ұмтылатын көптеген әйел жұмыс істейді. Оның ішінде басшылық лауазымында да бірқатар энергетик-әйел қызмет атқарады. Олар өздерінің білімі мен тәжірибесі арқылы күн сайын Қазақстан тұрғындарының жайлы өмір сүруін қамтамасыз ету үшін қолдан келгенін аямайды.
Жалпы, Қазақстанның энергетикалық саласында 150 169 адам жұмыс істейді, оның ішінде аралап қараушылардан бастап станса басшыларына дейінгі әртүрлі лауазымдарда 47 368 әйел (немесе 32 %) жұмыс істейді.
Ғазиза Әзімханқызы Барамысова ғылыми, өндірістік және мемлекеттік қызметте үлкен тәжірибеге ие. Экономика, электр энергетикасын ұйымдастыру және басқару саласындағы маман. Министрлікте жұмыс істеген кезінде электр энергетикалық кешенін реформалау және қайта құрылымдау бағыттарын әзірлеуге қатысты. Электр энергиясының көтерме, бөлшек сауда нарығының нарықтық тетіктері бойынша нормативтік құқықтық базаны әзірледі, электр энергетикасы, жаңғырмалы энергия көздерін пайдалануды қолдау жөніндегі заң жобаларын әзірлеуге тікелей қатысты, заңға тәуелді актілерді, нормативтік құқықтық актілерді, нормативтік құжаттарды әзірлеу жөніндегі жұмыстарға басшылық етті.
Надежда Евгеньевна Байжанова да «Электр энергетикасы туралы» алғашқы заңды әзірлеуге қатысты.
Энергетика саласында Энергетика министрлігінің ерекше көзге түскен қызметкерлері де бар. Марьяш Сәлемгерейқызы Жакупова – ғылым кандидаты, Орталық Азиядағы USAID «Болашақ энергиясы» аймақтық бағдарламасының инженер-энергетигі, энергетикалық секторда 50 жылдық тәжірибесі бар. Еңбек жолын Бүкілодақтық ғылыми-зерттеу және жобалау-іздестіру институтында, «Энергосетьпроект» қазақ бөлімінде инженер болып бастады. Алматы энергетика институтында ассистент, аға оқытушы, «Электр желілері және жүйелері» кафедрасының доценті қызметтерін атқарды. Энергетика және сауда министрлігі Электр энергетикасы және қатты отын департаментінің бөлім бастығының орынбасары болды. Сонымен қатар «KEGOC» АҚ-да, Ақмола өңірлік диспетчерлік орталығында (АӨДО) режім мәселелері бойынша бас диспетчердің орынбасары, «КОРЭМ» ААҚ-да (электр энергиясы мен қуаты нарығының қазақстандық операторы) Коммерциялық департаменттің директоры болып жұмыс істеді. Tetra Tech-тегі жұмысы аясында көпшілік алдында сөйлеу мен презентациялар үшін қажетті дағдыларды дамытуға көмектесу мақсатында студенттер мен жас инженерлерді осы салаға тартуда ұйымдастырылған бірнеше оқу сапарлары мен семинарларға қатысты.
Электр энергиясы саласына ерекше үлес қосқан әйелдердің бірі – Жәкен Оқасқызы Бердинова. Энергетика саласында жалпы еңбек өтілі – 38 жыл. 1970 жылы Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын инженер-жылуэнергетик мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын Жезқазған ЖЭО-да бастады. Әр жылдары турбина цехының бу турбиналарының машинисі, электр цехының кезекші электр монтері, станса ауысымының бастығы болып жұмыс істеді. Бастауыш партия ұйымы партия комитетінің хатшысы болды. Сонымен қатар директордың әлеуметтік, кадрлық және жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. 1994 жылдың маусым айынан бастап Жезқазған ЖЭО-ны басқарды. 4 жыл Жезқазған ЖЭО директоры болып жұмыс істегеннен кейін, 1998 жылдан бастап Топар қаласының бас тарату энергия стансасын басқарды. Еңбек жолын 2008 жылы Қазақмыс корпорациясы электр стансалары департаментінің бас директоры болып аяқтады.
Жезқазған ЖЭО, Балқаш ЖЭО және Қарағанды ГРЭС-2 қызметін басқарды, Отбасы және әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, сондай-ақ Абай сайлау округі бойынша облыстық мәслихаттың депутаты болды. «Социалистік жарыстың жеңімпазы» (1975-1977 жж.) белгісімен және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Бүгінде құрметті демалыста.
1962 жылы Ермак ГРЭС-те 5-топтың қараушы-машинисі ретінде Людмила Николаевна Иванова өзінің еңбек жолын бастады. Ол электр энергетикасы саласында 40 жыл бойы еңбек етті. 1976-1978 жылдары Череповец ГРЭС-ке ауыстырылды. Екібастұз ГРЭС-1-де 1978 жылдан бастап бесінші топтағы қараушы-машинист болып жұмыс істей бастады. 1992-2002 жылдары 7-топтағы турбина бойынша энергоблокта машинист болып жұмыс істеді. Ол – станса тарихындағы турбинадағы энергия блогінің машинисі болған алғашқы әйел. 1982-1984 жылдары Павлодар облыстық кеңесінің депутаты болып сайланды. 1985 жылдан 1990 жылға дейін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының мүшесі болды. Жаңа жабдықтар мен технологияларды игеруде жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған. Кәсіпорын әкімшілігі тарапынан жұмыстағы адал еңбегі үшін бірнеше рет ынталандырылды. Сонымен қатар Энергетика министрлігі ұжымының ұсынуымен «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.
2014 жылдан бастап Қазақстандық салалық энергетиктер кәсіптік одағының «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС кәсіподақ ұйымы филиалы кәсіподақ комитетінің төрағасы болып сайланған Татьяна Александровна Чигвинцева елдің ең ірі электр стансасы – «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1-де» кәсіподақ құрудың бастауында тұрды және зейнеткерлік жасына қарамастан осы қызметті бүгінге дейін атқарып келеді.
Электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматты жүйесін (ЭКЕАЖ) іске асыру бойынша маңызды және жауапты жобаны енгізуге 1983 жылы Өскемен ЖЭО-да электр цехында инженер болып еңбек жолын бастаған Зейнегүл Рамазанқызы Сансызбаева қатысты.
Ол есімін үлкен әріппен жазуға болатын маман! Өскемен ЖЭО ЖШС-да жалпы үздіксіз жұмыс өтілі 37 жыл, оның ішінде релелік қорғау және автоматика қызметінің электр-техникалық зертханасында (РЗА) 23 жыл жұмыс істейді. Станса желілерін қазіргі заманауи бағытталған жоғары жиілікті қорғауды енгізуге, реттеуге, қызмет көрсетуге қатысып, станса жабдықтарының сенімділігін арттыруға ықпалын тигізді.
Зейнеткерлік жасына қарамастан Алевтина Александровна Корягина энергетика саласындағы еңбек қызметін жалғастыруда. Жастардың тәлімгері. Энергетика саласындағы жалпы еңбек өтілі – 42 жыл. 1977 жылы В.И.Ленин атындағы Иваново энергетикалық институтын «Электр стансалары» мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын электрмонтажшы болып бастады. Әр жылдары жоспарлау бөлімінің мастері, инженері, смета-келісім бөлімінің аға инженері, өндірістік-техникалық бөлімнің инженері болып жұмыс істеді. Бірнеше жыл бойы өндірістік техникалық бөлімнің бастығы қызметін атқарды. 2019 жылы Энергетика министрлігінің ұсынуымен «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.
Энергетика саласында 31 жыл жұмыс істеген Татьяна Леонидовна Крюкова жылу автоматикасы және өлшеу цехының жұмыс сапасын жақсартуға елеулі үлес қосты. 1989 жылы Павлодар индустриялық институтын «Электр стансалары» мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын Қарағанды ЖЭО-да қазандық-турбиналық және отын беру цехтарында электр стансасының автоматикасы мен өлшеу құралдарын жөндеу және қызмет көрсету жөніндегі электр слесарі болып бастады. 1990 жылы мастер, 1992 жылы жылу автоматикасы және өлшеу цехы бастығының пайдалану жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеді. Еңбекқорлық, техникалық сауаттылық, тамаша ұйымдастырушылық қабілеттері арқылы 2004 жылы жылу автоматикасы және өлшеу цехының бастығы лауазымына тағайындалды. Өзінің еңбек жолы кезеңдерінде өте жақсы ұйымдастырушылық қабілеттерін көрсете білді. 2019 жылы «Құрметті энергетик» атағын алды.
Электр энергетикасын дамыту үшін бұрын-соңды жұмыс істеген немесе жұмыс істейтін Қазақстан әйел-энергетиктерінің еңбегін шексіз атап өтуге болады.
Қайрат РАХЫМОВ,
Энергетика вице-министрі
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала