сенбі, 23 қараша, 2024 0:47

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Ажал аузында жүріп арды ойлаған»...

«Ажал аузында жүріп арды ойлаған»...
ашық дереккөзі
«Ажал аузында жүріп арды ойлаған»...
Теріскейден қарт Қаратау түстіктегі ақбас Алатаумен қолтықтасқан тұсындағы Жуалы өңірінің табиғаты ерек, адамдары бөлек болып келетіні ел арасында ежелден айтылып жүр. Батырлар мен ақындар мекені деп айдар тағылған Жуалыдан кеше ғана күндей күркіреген, даңқы дүркіреген батыр Баукеңді, шындықтың шырақшысына айналған Шерхан ағамызды айтсақ та жеткілікті.
Осы тұлғалар салған сара жолды жақ­сылықпен жалғастырып, киелі өңірде кір жуып, кіндік кескен, бала боп құл­дыраңдап, шыбық мініп шапқылаған, есейе келе еңселі істерімен елге танылған азаматтар баршылық. Солардың бірі де, бірегейі Ғани Тілеубеков дер едік. Ол Жуалыда дүниеге келіп, арман-мұратын арқалап майталман маман атанған, ауған соғысында от пен оқтың орта­сында ерлігімен танылған, бүгінде елорда төрінде еңбегімен елдің елеулісіне айналған азаматтың бірі, орны бөлек орнықты тұлғалардың қатарында. Жамбыл облысы Жуалы ауданы Көлтоған ауылында өскен біздің әңгіме­міздің кейіпкері үйелмелі-сүйелмелі сегіз ба­ланың тұңғышы болғандықтан ерте жастан еңбекпен есейіп, тірлікпен шы­нығып өсті. Мұрты тебіндеп бозбала жасқа жеткенде көпті көрген әкесі Өтеміс ақсақал мен анасы Зина апа ақылдаса келе, тұла бойы тұңғыштарының өмірде ысы­лып, білімді азамат болуы үшін Жам­был қаласындағы №12 мектепке оқу­ға жібереді. Осы мектепті үздік бітірген Ғани астанамыз Алматыға келіп, өзі мақсат еткен заңгер мамандығын алу үшін жо­ғары оқу орнының дайындық курсына қабылданады. Халықаралық жағдай ушығып тұрған, дүрлікпесі көп өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басында Ғани Өтенұлына әскерге шақыру қағазы келеді. Әскер болғанда да, күрделі жағдайда тұрған Ауғанс­танға бару мәселесі қозғалады. Батыр Бауыржан атасындай қолына қару алып, Ауғандағы сұрапыл соғысқа аттан­ған Ғани сол жылдары өмір мен өлім арасын­дағы аласапыранды бір кісідей-ақ басынан өткереді. Ол кезде Кеңес өкіметінің ойы – Ауғанстанда өзара тартысқа түскен ресми үкімет пен оппозициядағы моджахедтер арасындағы сілкіністерге араласып, сол елде толықтай саяси бақылау жүргізу болатын. Ақырында Ауған елін басқарып отырған шах Хафизулла Аминді алып тас­тап, орнына күш көрсете отырып Бабрак Кармальді отырғызғаны, сөйтіп Кеңес саясаты ол елде өз идеясын жүзеге асырғаны белгілі. Осылайша сол кездегі біздің әскерлер ұзақ жылдарға созылған қарулы қақтығыстардың қақ ортасында қала берді. Құрамына жас барлаушы ретінде Ғани енген, Ауғанстанға алғаш аттанған әскердің шағын легін елдің шеткері аймағында жатқан әлдебір провинцияның маңайына орналастырады. Ғани жаңадан жасақталған ротадағы жалғыз қазақ екен. Коммунистік рухта, езілген халыққа еркіндік әпереміз деп келген жауынгерлер осы провинцияға орын тепкенде, жергілікті жұрт әуелгіде өздерін бас­қыншы ретінде қабылдағанын бай­қайды. Елден аттанарда саналарына сі­ңірген «қалың жаудың» қарасы бұл маңайда көрінбейді, екі жақ боп темір­дей қаруланып, шайқасып жатқан жұртшылық тағы жоқ. Бар білетіндері – бір-бірімен алауыз болған, тарсылдатып оқ атып, ижығыс түсіп жатқан жер­гілікті тайпалар. Жеңілген жақ қол жайып Кеңес әскерлерінен көмек сұрап келіп тұрғандары. Біздің әскерлердің ұстанымы да қызық – бүгін мына тайпаға көмектессе, келесі күні қарсы жаққа болысады. Ара-тұра бейбіт өмір, мүлгіген тыныштық қайта орнайды. Мұндай кезде кеуделерінде күш-жігер бұлықсыған біздің солдаттар ит қуып, ұрынарға қара таппай дала кезіп кетеді. Сондай екі қолы алдына сыймай жүрген күндердің бірінде әскери борышын бірге өтеп жатқан ефрейтор жігіттің автоматымен далада ойнап жүрген ауған балаларын шырқырата қуып жүргенін көреді. Жандарын сауғалап сай-сайға тығылған, құлындаған дауысы құлақты тұндырған балаларды соңдарынан іздеп барып, тағы да тигізбей дырылдатып оқ жаудырып, зәре-құттарын алумен болады. Ефрейтор өзінің оспадарсыз қылығына өзі мәз, қарқылдап күліп, оқ атуын қояр емес. Көз алдында болып жатқан тілмен айтып жеткізе алмайтын сұмдық көрініске қарап тұрған Ғани шыдай алмайды. Ефрейтордың артынан жетіп келіп, ашу үстінде қолындағы авто­маттың дүмімен қақ маңдайдан бір ұрып, сұлатып салады. Біраздан кейін есін жиған ефрейтор: «Сен жау жағына шықтың, сен сатқынсың» деп, айғай салып, штаб жаққа безектей жөнеледі. Сол-ақ екен, әлгі ефрейтордың арызда­нуымен ұзаққа созылған тергеу-тексеру жұмыстары басталып кетеді. Әуелі Кеңес әскерінің жауынгерін қасақана ұрып құлатудың артында қандай арам пиғыл жатқаны тексеріледі. Кішкентай жеткіншектерге жаны ашып, бүйрегі бұрып бүйтіп араша түсуінде не гәп бар? Әрине, Ауған балалары да, жауынгер Ғани Тілеубеков те мұсылман, бұл төтен­ше жағдайдың бар себебі осы! Басқа түк те жоқ! Сондықтан Тілеубековтің ком­му­нистік бұлжымас идеяларға деген мұндай тұрақсыздығы соғыс жағдайында, бөтен елде, жау мемлекетте үлкен қауіп. Тек­серуші шенділер қара аспанды төндіріп, осындай қатаң тұжырым жасайды. Сөйтіп түймедейден түйедей пәле жасап, іс насырға шабады. Нәтижесінде жауынгер Тілеубековті елге қайтару мәселесі қаралып, одан әрі оның үстінен әскери қылмыстық іс қозғау керектігі ұсы­нылады. Әңгүдік жауынгердің әпербақан әрекетін тоқтатамын деп Ғани мықтап тұтылғанын енді түсінеді. Амал жоқ, күресерге дәрмен тағы жоқ, іштей мүжіліп, қиналып жүргенде Алматыдан аттанарда алғашқы дайындық жаттығуларына жетекшілік еткен командирі осы жаққа іссапармен келгенін естиді. Дереу іздес­тіріп, штабтың жанында аңдып тұрып ол кісімен жолығудың ретін табады. Мән-жайды командирінің алдында бүге-шіге­сіне дейін жайып салады. Асықпай тыңдаған байсалды командир өзге елде жүрген соң жергілікті жұрттың кеңес солдаттарын өгейсіне қабылдайтынын, сондықтан әрбір қадамды байқап басып, сақ жүру керектігін ескертеді. Өзінің басқа да біршама ағалық ақыл-кеңесін береді. Сөзінің соңында әлгі бейкүнә балаларды басынған басбұзарға жаза қолданатынын, ал Тілеубековтің әскери борышын одан әрі алаңсыз жалғастыра беруіне болатынын айтып, қуантып кетеді. Арада екі ай өткенде мұндағы жауын­герлік бөлімшенің орын ауыстыруы туралы жоғарыдан бұйрық келеді. Бәрі шұғыл жинала бастайды. Шатырларды жығып, техниканы тиеп, керек-жарақты жинастырған соң солдаттар қаздай тізі­ліп сапқа тұра қалады. Осының бәрін ұйым­дастырып жүрген сержант өзінің командиріне бөлімше жолға шығуға әзір екендігін тақылдап баян етеді. Бая­натының соңында орталықтан келісілген қосымша жүк көлігінің жетіспей қалуына байланыс­ты біраз заттарды, оның ішінде салмағы ауыр қару-жарақты, снарядтарды қалдырып кетуге тура келетінін жеткізеді. Командир үнсіз ойланып қа­лады, бет әлпетінен бір астыртын әре­кетке барғалы тұрғаны байқалады. Бір кезде түйіні қиын есептің шешімін тап­қандай ыржияды да, сержантты шетке шығарып, күбірлеп түсініксіз тапсырмалар береді. Сөйтсе, зымиян командир жоғары жақтан екі ай бойы ерігіп жатты дегендей ескерту алып қалмас үшін бір оқпен екі қоянды атып алмақ пиғылда ауыр қылмысқа баруды ұйғарған екен. Жауынгерлерге зеңбіректерге артық-ауыс снарядтарды оқтауды және тұрғындары тыныш ұйқыда жатқан қышлаққа қарай бағыттауды бұйырады. Бір сәтте айлы аспан астының астаң-кестеңін шығарып, көз алдарында бүтіндей бір елді мекеннің күлін көкке ұшырады. Адамның айуаннан бетер мұндай азғындығына денесі қалшылдап, Ғанидың көзінен жас шығып кетеді. Кезінде жер-көкке сыйғызбай «гума­низмнің үлгісі» деп мақтаған, «бей-б­іт­шіл» деп көкке көтерген Кеңес армиясында осындай да опасыздықтар, адам сенгісіз сорақылықтар болғанын біз Ғани Тілеубековтың әңгімесінен естіп білдік. Жаңа орынға жақсылап орналасқан соң бірде командирі аса маңызды әскери операция жоспарланып жатқанын құ­пия­лап, ерекше дайындықтан өткен бірер жауынгерді алдын-ала барлауға жібермекші болады. Ертесінде, ішінде Ғани Тілеубеков бар, бір топ барлаушылар таң қылаң бере жолға шығады. Мүмкіндігінше төбе-қырқаның ығымен, сай-саланың табанымен жасырынып, бой тасалап ұзақ жүріседі. Кезекті бір қарауыл төбеге ұқсаған қырқаның түстігін айнала бергенде жан-жақтан ысылдап оқ жауып кетеді. Барлаушылар жапа-тармағай жерге жабыса қалады. Жаудың төңіректі айналдыра оқ жаудыртып жатқанынан-ақ олар өздерінің қоршауда қалғандарын сезеді. Еңбектеп, жаңа ғана қасында еріп келе жатқан жолдасын иықтан түртсе – туралап келген оқ бет әлпетін опырып кетіпті. Жақ сүйегі ырсиған, қып-қызыл қан атқақтаған жарты бет адамға қараудың өзі қорқыныш екен! Әр тұстан өзге де жаралылардың ыңырсыған дауыс­тары шыға бастайды. Ес жиғандары дереу автоматтарын ыңғайлап, олар да қарсы жаққа бей-берекет оқ жаудырумен болады. Шамалары келгенінше жауды жақындатпай, қорғанумен кешті батырады. Түн болады. Әйтеуір түн баласында қарсы жақтан шабуыл жасала қоймайды. Таң ата салысымен жан-жақтан тағы да тарсылдап атыс басталады. Күні бойы бірін-бірі аңдыған сол атыспен екінші күн өтеді. Талғажауға алып шыққан азын-аулақ тамақ та таусыла бастайды. Күн шыжыған ыстық, шейіт болған жолдастарының мәйіттері бұзылып, жағымсыз иіс қолқаны қабады. Күш азаяды, қалқиып бірер жауынгер ғана тірі қалыпты, оқ-дәрі де таусылуға айналады. Ендігісі аңдыған жаудың барлаушылардың аман қалған шағын тобын алмай тынбасы шәксіз еді. Аптап астында бәрі қалжыраған, Ғани да сілікпесі шығып шаршағанын, қуат-күшінің сарқылғанын анық сезеді. Көз алдына Ауғанға аттанып бара жатқандағы туған елі, таумен көмкерілген көркем Көлтоған ауылы келеді. Ата-ана, бауырлары, құрбы-достары бәрі-бәрі жанарының алдында киноның лентасындай зымырап өтіп жатыр, өтіп жатыр. «Апырмай, шынымен-ақ атасы бөлек жат елде, бөтен жерде, айдаладағы бір төбенің басында сұраусыз, көмусіз қала бергенім бе?» деген өкініш жүрегін шымшылайды. Амал қанша, тағдырдың маңдайға жазғаны сол болса, оған иланбасқа лажың қайсы! Автоматын құшақтап, бәріне де көніп, бәрімен қоштасып, қайдағы-жайдағы шым-шытырық ой құшағында отырғанда өзімен бірге алып жүретін шағын қалта радиосы есіне түседі. Қапшығынан соны шы­ғарып, құлағын бұрай бастайды. Бір арнада түсініксіз тілде ән айтылып жатыр, енді бірінде ауған тілінде сұхбат жүріп жатқан сыңайлы. Радионың құлағын тағы бір сырт етіп бұрағанда – жанына жақын қазақша ән шырқай жөнеледі. Ғани селт етіп, өз құлағына өзі сенбей қалады. Расында да радиодан қазақтың күміс көмей әншісі Роза Рымбаева «Атамекен» әнін әуелете шырқап жатыр екен. «Айналдым сені, атамекен-ай» деп әннің қайырмасына кел­генде өмір мен өлім арбасқан жердің түбінде, қан майданның ортасында қор­шауда қалған қазақ жауынгерінің көзінен жас ыршып шығады. Әлгінде ғана қимас­тықпен еске алып жатқан туған елі – Қазақстанның көркем көріністері әннің әуенімен қосылып, өзгеше бір жарқын суреттермен жалғаса жөнеледі. Шегінерге жер жоқ, сұм ажалға мойынсына отырып сол арада Ғани Өтенұлы Аллаға мінәжат етеді, ақ жүрегімен тілек тілейді. «Е, Жаратқан ием, жанымды ерте ме, кеш пе алатыныңды анық білемін. Қай кезде алсаң да өз құзырыңда, тек қана туған Отаным Қазақстанымның қасиетті топырағын басуды, атамекенімді бір көруге өзің жар бола көр» деп іштей жалбарынады. Жауынгердің тілегі Жаратқанға жеткендей, кенет төменгі жақтан ызу-қиқу атыс басталады. Тасадан мойын созып, бар­лап қараса, о дариға-ай десеңші, қару­ластарын іздеп шыққан жолдастары көмекке жеткен екен! Ғани осы оқиғаларды сөз еткенде жау қолынан қаза тапқан талай боздақтарды есіне алып, Алла Тағаланың жазуымен аман қалғанына шүкіршілік етіп қояды. Мына жалғанда отбасыңның амандығына, Отанның тыныштығына ешнәрсе жет­пейтінін үнемі ғибрат етіп отырады. Еліміздің болашағына қатысты аса маңызды саяси шешімдер қабылданатын Президент Әкімшілігінде біз де Ғани Өтен­ұлымен ұзақ жылдар бойы әзіл-қалжыңымыз жарасып, қатар қызмет жа­састық. Қашанда байсалды, сабырлы, сергек көңілді Ғани ініміз сол жылдардан бері Әкімшіліктің белді бір бөлімін басқарып, күні бүгінге дейін абыроймен қызмет атқарып келеді. Ғани Өтенұлы шын мә­нінде еліміздің тәуелсіздігін нығайту ісіне, мемлекеттілігімізді тереңдетуге барынша күш-жігерін салып жүрген қайраткер тұлғаның бірі. Батыр мінезді адамның майданда да, бейбіт тірлікте де өзінің тура жолынан таймайтыны секілді, ол әрдайым ұлт мүддесіне, ана тіліміздің тағдырына қатысты күрделі мәселелерде өзінің нақты ұстанымынан айнып көр­ген емес, қан майданда шыңдалған табан­дылығынан тайқып көрген емес. Ғани Тілеубековтің қазақтың қарапайым ауылынан шығып, мемлекетіміздің астанасына, ол жердегі Ақордамызға дейінгі абырой­лы асқақ жолы жас ұрпаққа қашанда үлгі-өнеге. Ажал аузында жүріп арды ойлаған қазақ жігіті туралы қолға қалам алғанда ойы­мызға бірден Қадыр Мырза Әлидің жоғарыдағы тақырыпқа қойылған жалғыз жол өлеңі орала кеткені бар. Осындайда ата-баба аманатына адалдық танытып, ат ауыздығымен су ішкен, ер етігімен су кешкен қанды майдан мен зобалаң жылдар, тар жол, тайғақ кешуде адамдық қасиетін жоғалтпаған халқымыздың асыл қасиетіне сүйсінесің. Бүгінде жоралы жұрт ретінде күллі әлем мойындап отырған қазақ деген халық, мінеки, осы болады! Ерлік пен елдік ұштасқан ізгі дәстүрді жалғастырып келе жатқан сол халықтың Ғани Тілеубековтей ұрпағы да осындай!   Әлібек АСҚАРОВ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
egemen.kz © egemen.kz
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар