дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 23:39

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Балалар әдебиетін насихаттауға не кедергі?

Балалар әдебиетін насихаттауға не кедергі?
ашық дереккөзі
Балалар әдебиетін насихаттауға не кедергі?

Дәуірлердің диірменіне түсіп, ғасырлардың сүзгісінен өткен ардақты да аяулы ана тіліміз елімізбен һәм еліміз тілімізбен бірге жасап, күні бүгінге жетіп отыр. «Кей-кейде дүниеден түңілсем де, Қасиетті тілімнен түңілмедім» деп Мұқағали ақын әр перзенттің, бар ұрпақтың бақытына балаған ана тіліміз бен еліміз бір-бірінен еш уақытта ажырамайтыны тіл жойылса, ұлт жойылатыны сынды тағдырлы тарихымыз айғақтаған ақиқат. Күні кеше ғана ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында осы мәселе төңірегінде «Тіл игеру үшін балалар әдебиетінің атқаратын ролі зор. Сондықтан қазақ қаламгерлерінің үздік шығармаларына қоса, балаларға арналған шетел жазушыларының да таңдаулы туындыларын аударып, көптеп басып шығаруды және таратуды қолға алған жөн. Оған сұраныс жоғары» деген болатын. Расында солай. Бұл жайтты біз де тарқатып көрдік.

Ең алдымен, бізді қазіргідей ақпараттық технологиялар ғасырында жастардың нені, кімді оқып жүргені толғандырды. Осы сауалмен Д.А.Қонаев атындағы Жамбыл облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасына қайырылдық. Мұндағы рухани қазына қызметкерлерінің мәліметінше, 10 жасқа дейінгі бүлдіршіндер арасында ұзатылған жылы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы көш бастаған. Алдыңғы қатарда «Қазақ ертегілері», Ганс Христиан Андерсен, Шарль Перро, Александр Пушкин ертегілері мен Диснейдің Гравити Фолз графикалық романы және заманауи 3D кітаптары тұр. Ал аудармалардың ішінде Зина Наурызбаеваның тәржімалауындағы қазақстандық балалар жазушысы Лиля Калаустың «Алтын тостағанды іздеу» туындысының көші ілгері екен. Жамбылдық жасөспірімдер арасында отандық оқылымда Бердібек Соқпақбаевтың классикалық дүниесі «Менің атым Қожа», «Жекпе-жек», Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдары», Ілияс Жансүгіровтың «Құлагері» алдыңғы қатарда. Ең қызығы, соңғы жылдары жасөспірімдер психологиялық, мотивациялық кітаптарға көбірек сұраныс білдірген. Атап айтқанда, Қуаныш Шонбайдың «Бізге айтылмаған құпия», «Екінші болма», Кәмшат Бекжігітованың «Жақсы сөз жарым ырыс», «Ойыңды өзгертіп, өміріңді өзгерт», Михаил Лабковскийдің «Хочу и буду», Луиза Хейдің «Все о чем мечтали», Джон Кехоның «Түйсігіңмен ойлай біл» атты жазбалары үлкен сұраныста екен. Шетел жазушылары арасында Муракамидің барлық шығармалары, Халеда Хоссейнидің «Бегущий за ветром» атты дебюттық романы, Дейл Карнегидің «Как использовать перемены себе во благо», Роберт Кийосакидың «Богатый папа, бедный папа» кітаптары қолдан түспейтін көрінеді. Хош, бұл нақты көрсеткіштер көкжиегі. Әңгіменің әлқиссасын әріден тарқатсақ, жалпы, отандық қана емес, әлемдік әдеби аренада балаларға арнап шығарма жазу жазушыға үлкен жауапкершілік жүктейтіні қаламгерлердің қауымына белгілі шындық. Мәселен, дат жазушысы Ханс Кристиан Андерсен, француз жазушысы Шарль Перро, неміс жазушылары Гофман, ағайынды Гриммдер, итальян жазушысы Джанни Родари секілді ертегі авторлары, орыс ақындары Чуковский, Маршак, Михалков, Барто, Заходер секілді ақындар, ағылшын жазушылары Дональд Биссет, Редьярд Киплинг, Алан Милн, орыс жазушылары Виталий Бианки, Николай Носов, швед жазушысы Астрид Линдгрен тәрізді қаламгерлердің аты әлемге мәшһүр. Әрине, балалар ғана емес, жалпы адамзат үшін кітап – қай ғасырда, қай заманда болмасын өз құнын жоймайтын таңғажайып тәрбие құралы. Баланың арман-қиялына қанат бітіріп, ақ пен қараны ажыратуда, таным көкжиегін кеңейтуде адал һәм айнымас досы. Ал сол кітапты жазып шыққан адамның творчестволық азабы, мұңлы машақаты өз алдына бір төбе. Қай-қайсысымызды алып қарасақ та, өмір бойы оқыған кітаптардың ішінде бала кезде оқылған кітаптардың орны орасан. Есте мәңгілік сақталып, өле-өлгенше жадымызда жатталып қалады. С.Бегалин, Ө.Тұрманжанов, С.Омаров сынды қажырлы қаламгерлерден бастау алған балалардың отандық көркем әдебиетін М.Әлімбаев, Б.Соқпақбаев, С.Сарғасқаев, Ә.Дүйсенбиев, Н.Сералиев, М.Жаманбалинов, О.Әубәкіров, Ж.Кәрбозин, Қ.Баянбаев, М.Гумеров, Қ.Ыдырысов, Ж.Смақов, М.Етекбаев, Қ.Толыбаев, Ә.Табылдиев, Е.Ерботин, А.Асылбеков, А.Сопыбеков, Е.Елубаев, М.Қабанбаевтар жаңа биікке көтерсе, М.Дүйсенов, М.Айымбетов, Н.Айтов, Ж.Әбдірашев, Р.Әбілқадырова, С.Әлімқұлов, Ж.Дәуренбеков, З.Иманбаев, Т.Дәуренбековтер керегесін кеңейте түсті. Туындылары үлкен тиражбен тарап, ауыл-ауылдың балалары аталған авторлардың повесть, әңгімелерін қолдан тастамай оқып, өлең-жырларын жатқа айтатын. Сол сом шығармалар таным тұғырынан түспей, ұрпақтан ұрпаққа жетіп отыр. Өкініштісі, оқылымды кітаптар арасында сол балалар әдебиетінің атасы Бердібек Соқпақбаевтың өзі «Балалар дүниесiн әдемi игерген және балауса ұрпаққа ғажап әңгiме, ертегi, хикаяттар берген Әлдихан бiздiң әдебиетiмiзге жарқын беттер қосты» деп оның еңбексүйгіш қасиетіне ерекше тәнті болған, саналы ғұмырының 40 жылында жеті хикаят, 70 әңгіме, ертегі, мысал, 3 пьеса жазып һәм төл туындылары топтасқан жинақтың бірнеше мәрте қайта басылып, орыс, белорусь, армян, татар, түркімен тілдеріне аударылған, «Кейіпкерлері балалардыкі, идея үлкендердікі» деп Шыңғыс Айтматов айтқандай, ең алғашқы «Көк дөңгелектен» бастап, «Қос тентек», «Су тасушы Әшірбек», «Байнаш солдат», «Шаншар атай», «Мишка – менің досым», «Өзен жағасында», «Солдат болу оңай ма?», «Менің ағам – солдат», «Автобус аялдамасы» атты шығармалары, 1999 жылы «Ата» деген атпен жарық көрген таңдамалы туындылары, 2002 жылы «Мен – апамның баласымын» атты романы, 2004 жылы екі томдық таңдамалы шығармалары, 2008-2009 жылдары төрт томдық шығармалары, 2009 жылы оқырманға жол тартқан «Көңіл көмбесі» атты кітабы қазақ әдебиетінің қазынасын қампайтқан орны бөлек жазушы Әлдихан Қалдыбаевтың шығармалары әлі күнге елеп-ескерусіз қалпында сөреде шаң басып жатқандай. Әйтпегенде жазушының «Шаншар атай» деп аталатын комедиясы 1980 жылы қазіргі Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрында қойылып, балалар мен жастарға арналған спектакльдердің бүкілодақтық байқау-конкурсында бірінші орынға ие болды. «Қайран Ынтықбай ағай-ай» комедиясы қазақ телевизиясының алтын қорына енді. Оның барлығы шығармашылық шеберханасы мен зерденің зертханасындағы омарталы ойлар мен еселі еңбектің еншісі екені айпасақ та белгілі. Әрине, мәселенің басты себебі де насихаттың аздығы. Осы тұста Әлдихан ағаның өмірсапарының соңғы сәтіндегі «Жастар оқитын кітап бізде аз дей алмаймын. Олар оқитын дүниелер қасиетті қазақ әдебиетінде жетерлік. Менің де бірнеше кітаптарым көз алдымда шаң басып үйде жатыр. Оның барлығын соларға арнап, өскелең жас ұрпақ үшін жаздым ғой» деген ақтық сөзі еріксіз еске оралады екен. Міне, осынау бала бақытының бағбандығы жолында бар бейнетін көтеріп, шығармашылықтың шыңына шығарған Әлдихан Қалдыбаевтың шығармалары да заманауи тұрғыда насихатталса деген ой-ұсынысымыз бар. Ол үшін жазушының шығармашылығы жасөспірімдердің алтын уақытын уысында ұстап тұрған әлеуметтік желілерде қызықты ақпараттандырылса да жетіп жатыр. Хош. Жазушылықтың өзінде қалам көтеріп жүрген әрбір шығармашыл қауымның қолы бара бермейтін істің бірі – балаларға арнап шығарма жазу екенін жоғарыда атап өттік. Оны әккі жазушылардың өзі де мойындайды. Ұлы Дала ұрпағына арнап шығарма жазып жүрген қаламгерлер өңірімізде ғана емес, ел аумағы бойынша қат болып отырғаны рас. Ал талай жыл табан аудармай ұстаздық етіп, өскелең ұрпақпен өнегелі өмірі өзектес болған тағы бір жамбылдық жазушы Пернебай Дүйсенбин үшін балауса бүлдіршіндерге арнап туынды жасау қаламгердің өзін де, оқырмандарын да рухани ләззатқа бөлейтін үйреншікті іс. «Жұмбақ жұлдыз», «Кішкентай генералдар», «Ән салыңызшы, әке!», «Елгезек ертегілер елінде», «Арайлы таң алауы» атты балаларға арналған кітаптардың авторы өзінің салмақты да парасатты жазушылық қабілетімен «Жалын», «Балауса» баспасының, «Парасат» журналының, халықаралық «Дарабоз» бәйгесінің лауреаты атанғанына ел куә. Атап айтқанда, 1977 жылдан бастап көркем әдебиетпен айналысуға ғазиз ғұмырын арнаған қаламгер 1979 жылы «Кішкентай генералдар» повесі, 1980 жылы «Біз, Төлепбек атай, самолет командирі және «Пальма» повесі, 1981 жылы «Сары сөмке және оның достары» повесть-ертегісі үшін лауреат атанды. Сондай-ақ 1986 жылы жазушы өзінің шымыр ойлы, шап-шағын, жұп-жұмыр жазылған «Қайсар қара қарындаш туралы хикая» повесімен республикалық «Жалын» баспасының екінші бәйгесін тағы да иеленеді. Оның балаларға арнап жазған шығармалары туралы белгілі жазушылар, сыншылар Әзілхан Нұршайықов, Мұхтар Мағауин, Сейітжан Омаров, Кәдірбек Сегізбаев, Болатбек Төлепбергенов, Гүлзия Пірәлиева, Қаржаубай Омаров, Әлия Бөпежанова, Жүсіпбек Қорғасбек, Бекен Ыбыраймовтар жоғары баға берген. Сонымен қатар «Шуақ», «Алтын мүйізді киік» атты екі үлкен әңгімесі, «Жұлдыз­дар неге жылайды?», «Сол бір асу...», «Есен-сау жүріңізші, асыл ата!» «Зертөбе» атты шығар­малары рес­пу­блика­лық әдеби басылымдарда, жур­нал­дарда жарияланып, әдебиетсүйер қауымның көзқуанышына айналды. Ал олардан бөлек, яғни 2013 жылы балалар шы­ғар­ма­шылығына ар­нал­ған маңдайалды халықара­лық «Дарабоз» бәйгесінің екінші жүлдесін, 2015 жылы аталмыш бәйгеге қатысқан 533 қалам­гердің арасынан топ жарып, «Дарабоздың» бас бәйгесін иеленді. «Мен бүлдір­шіндерге арнап бірнеше кітаптар жаздым. Балаларды ізгілікке, тапқырлыққа, мейірімділікке тәрбиелейтін «Сары сөмке және оның достары», «Қайсар қара қарындаш туралы хикаят», «Ойынпаз ойын­шық­тар отауында» сияқты шығар­ма­ларым туды. Бұл бағыттағы менің ұста­ны­мым – балаларға арнап жазыл­ған шығармалар ұлттық тәрбиемен астасып жатуы керек» деп жазушының өзі айтқандай, оның шығармашылығы рухани құндылықтар, адами қасиеттер, тағылым жауһарларымен тікелей астасып жатыр. Жазушы шығармаларының басым бөлігі интернеттегі қазақтілді әдеби порталдарға орналастырылған күннің өзінде ол теңіздің тамшысындай ғана. Тіпті жергілікті жас оқырмандардың арасында да аймақтағы жазушылар мен олардың балаларға арнап жазған шығармалары туралы ақпарат тым аз. Балалардың басым көпшілігі олардан бейхабар. Осы тұста тағы бір айта кетерлік жайт, біздегі шетел жазушыларының аудармалары да көңіл көншітпейді. Бұған қоса қазіргі таңда аймақ түгіл, ел аумағында балалар жазушыларын ынталандыратын байқаулар да некен-саяқ. Қолдау болмағандықтан да көркем әдебиеттің балалар бағыты кенжелеп келеді. Осы тұста Мемлекет басшысының аталмыш мақаласынан кейін сең қозғалып, серпін болады деген сенімдеміз. Қорыта айтқанда, «Жазушы деген сөз қалаушысы, сөз кестешісі, сөз зергері, зергері болғанда жай ғана зергер емес, сөз арқылы адамның жан дүниесін, сана-сезімін тәрбиелейтін зергер. Сондықтан да ол «адам жанының инженері» дейді Сәкен Сейфуллин. Ал сынаптай сырғып, сананы тұрмыс билеген бүгінгі заманда адам жанының нағыз инженерлері, бала күннен іргетасын қалайтын сәулетшілері Қызыл кітапқа енген киелі құстар секілді азайып бара жатыр. Бірақ бағымызға орай біржолата жоғалып кеткен жоқ. Олар бар. Арамызда, қасымызда, тіпті өз өлкемізде жүр. Тек олардың есіл еңбегін ескерусіз қалдырмасақ болғаны...

  Нұржан Қадірәлі
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар