Ұлт данасын ұлықтау
Жер жүзіндегі әр ұлттың, әр мемлекеттің өздері үшін теңдесі жоқ межелі де мерейлі белестері бар. Келесі жылы қазақ елінің ұзақ уақыт бойы аңсаған тәуелсіздігін алып, дамудың жаңа даңғылына түскеніне 30 жыл толады. Осы айтулы кезеңнің не бойында халқымыздың тарихында қадау-қадау із қалдырған торқалы тұстар, салтанатты сәттер болды. Соның ішінде, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, «елдің болашақ бағдарын айқындап берген рухани темірқазығы» – Абай Құнанбайұлын ұлықтауға әр кез аса үлкен мән-мағына жүктеліп келгені белгілі. Егемендігіміздің ширек ғасырдан астам мерзімі ішінде ХІХ ғасырда к рсеткен негесі ХХІ ғасырдың өркениетіне шашауы шықпастан кіріккен ұлы ақын, кемеңгер ойшыл Абайдың мұрасы руханиятымызға қапысыз қызмет етті. Халық пен билік мүддесі ұштасып, Ұлы дала данышпанының 150 жылдығы тәуелсіздіктің елең-алаң шағында қаржылық және тағы басқа қыруар қиыншылықтарға қарамастан, ал 175 жылдығы кемелденген елдік бірлігіміз бен берекеміздің аясында, күллі әлемді жайлаған пандемияның кедергісіне дес берместен, республикалық және халықаралық деңгейде абыроймен аталып өтті.
Даңғазалық пен дарақылық, ысырапшылдық пен ынсапсыздық – ұлт хакімінің дүниетанымына мүлде сыйымсыз құбылыстар болғандықтан, Абайға науқаншылдықтан аулақ, мақтаншылдықтан ада құрмет көрсету жарасымды екенін әр саналы азамат терең түйсінгені анық. Ол – ол ма, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Бұл тойдың тұсындағы басты мақсатымыз бүкіл халықтың ұлт ұстазы алдындағы өзіндік бір есеп беруі іспеттес болуы тиіс деп білемін», деп биік парасат-пайымға негізделген іргелі концепциясын ұсынды.
Расында да, Абай соңына ұрпақтан-ұрпаққа, заманнан-заманға ұласып, өз халқымен мәңгі бірге жасайтын салиқалы сөзін аманаттап кетті. Оның ешқашан ескірмейтін, мәйегін жоғалтпайтын, ішіне бүккен қатпар-қабаты әр дәуірдің контексінде жаңа қырынан ашылып отыратын классикалық ой қазынасы – қоғамның өрісі мен өресінің, бітімі мен болмысының дәл индикаторы іспетті. Тұңғиық зердесі, ұшқыр қиялы, нәзік түйсігі күні бұрын болжап берген үдерістер аясында біз ақынның өсиетіне мұқият зер салып, өшпес қағидаттарын жүзеге асыра алдық па? Елдігіміздің еңселі, бағдарымыздың баянды болуы жолында ол талап еткен тиянақты өлшемдерді ұмыт қалдырып жүрген жоқпыз ба? Ол айтқан «жүрек айнасына» үңіліп, ұлттық жаратылысымызды тереңірек танып-түстеуге, «жақсы менен жаманды айыруға» ұмтылысымыз қаншалықты дәрежеде? Абайды еске алған сайын, көпшіліктің көкейін осы сияқты сансыз сауал мазалайтыны сөзсіз.
Мұның барлығын мемлекеттік тұрғыдан жан-жақты сарапқа салған Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев: «Мен бұл мақалада Абай сөзінің бүгінгі заманымыз үшін көкейкестілігі, ақын шығармаларынан халқымыз қандай тағылым алуға тиіс екендігі жөнінде жұртшылықпен ой бөліскім келеді», деп қоғамдық сананы қайта түлетудің өзектілігіне айрықша назар аударады және осы ретте Абай мұрасын ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру барысында ұтымды пайдалану қажеттігіне ден қояды. Ол кейінірек жарық көрген «Абай – рухани реформатор» атты екінші мақаласында да әлгі ойларын әрі қарай нақтылап, «қазіргі Қазақстан қоғамын Абайдың рухани ұстанымына сай дамыту аса маңызды» екендігін атап көрсетеді.
Қ.Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласының «Ұлттық болмыстың үлгісі», «Мемлекет ісінің мүдделесі», «Жаңа қоғамның жанашыры» деп аталатын тарауларында баяндалатын жайттар Абайдың қағидаттарымен байланыста қарастырылып, бүгінгі «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесінің берік орнығуына апаратын қадам ретінде сараланады.
Мемлекет басшысы пайымдағандай, билікке құрмет, заң үстемдігі, қоғамдық тәртіп, популизмге ұрынбау, сындарлы диалог – мемлекет іргетасының, ұлт ынтымағының мызғымас атрибуттары. Осы ретте ол өзінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын Абайдың әділетті қоғам құру идеясын дамыту мақсатында ұсынғандығын алға тартып, мұны жүзеге асырудың бірден-бір шарты билік пен қоғам өкілдерінің түйткілді мәселелерді шешу кезінде ортақ мәмілеге келуі деп біледі. Жаңадан құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі сондай келелі пікір алмасу алаңына айналып, оның отырыстары тікелей Президенттің өзінің қатысуымен өтуі оң дәстүр болып қалыптасты.
Абайды өз заманындағы «іскерліктің ұйытқысы, еңбекқорлықтың мотиваторы» дей отырып, Қасым-Жомарт Кемелұлы бүгінгі дамудың шешуші факторлары қатарында аталатын бәсекеге қабілеттілік, әлеуметтік жауапкершілік, масылдықпен күрес, кәсіби адалдық төңірегіндегі толғақты ойларын көпшілік талқысына салды және шикізатқа тәуелділік шырмауынан арылып, орта және шағын бизнесті ілгерілетуді негізгі басымдықтардың бірі ретінде белгілеп берді.
Озық жұрттармен терезесі тең болып, иық теңестіру үшін қоғамымыздың әр мүшесі өзін өзі жетілдіргені, Абай айтқан кемелдікке ұмтылғаны абзал. Қазақстан Президентінің бұл бағыттағы темірқазық идеясы – интеллектуалдық ұлт қалыптастыру. Ал оған қарай ілгерілеудің басты талаптары: білім мен ғылым; тіл үйрену; сананың ашықтығы; түрлі өнерді игеру; ұлтжанды азамат болып тәрбиелену. Керісінше, тойқұмарлықтан тартыну, жалқаулыққа бой алдырмау, сөзуарлыққа салынбау. Мұны ұлы ақын тарқатып түсіндірген «бес асыл» мен «бес дұшпан» тайталасының қазіргі қоғамдық реалияларға сәйкес трансформацияланған көріністері туралы өскелең ұрпаққа бағышталған парасатты байлам деп қабылдаймыз.
Жыл бойына Абайдың даңқы мен дәрпін одан әрі шарықтатып қана қоймай, оны Қазақстанның әр азаматының күнделікті сұхбаттасына, тұрақты ақылшысына, рухани демеушісіне айналдыратын шешімдер қабылданып, соған сәйкес жүйелі шаралар жүзеге асырылды. Мерекелік күнтізбеміздегі үлкен жаңалық – енді әр жыл сайын тамылжыған тамыздың 10-ында Абай күнін атап өтіп, рухына тағзым жасайтын боламыз.
Әдебиет және өнер саласындағы үздік шығармаларға берілетін мемлекеттік сыйлық Абайдың атын иемденді. Жаңадан ашылған «Абай» телеарнасы көзіқарақты көрерменді халқымыздың бай руханиятымен сусындататын ілкімді ақпарат құралына айналды. Арғы бастауын Мұхтар Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытов дәстүрінен алатын республикалық «Абай» журналына қолдау көрсету жөнінде тапсырма берілді. Жоғары оқу орындарының білім бағдарламалары «Абайтану» курсымен байытылды. Ол болашақ гуманитарлардың ғана емес, техника мен жаратылыстану саласын таңдаған студент жастардың да көзқарасын кеңейтетін пән болса игі деп ойлаймыз.
Біздің оқу ордамызда, яғни Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде құрылған Абай академиясы іске кірісіп, биылдың өзінде ақынның шығармашылық мұрасына байланысты жоспарлы жұмыстарды атқарып үлгерді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, алдағы уақытта бұл ғылыми-зерттеу институтының төңірегіне топтасқан білікті мамандар Абайдың «толық адам» концепциясын қайта зерделеуді қолға алатын болады. Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, бұл тұжырымдама «шындап келгенде, өміріміздің кез келген саласының, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі тұғырына айналуы керек». Сондай-ақ елордада тұрақты өткізіліп келе жатқан әлем діндерінің басын қосатын жиындардың мақсаты Абай дүниетанымымен ұштасып жатқандықтан, оның «кәміл мұсылман» қағидасын жан-жақты байыптаудың да зәрулігі көрінеді.
Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев Абайдың 175 жылдығы қарсаңында ең алдымен, 2019 жылдың 26 сәуірі күні қазақтың бас ақынының туған топырағына жұмыс сапарымен барып, Семей қаласының зиялы қауым өкілдерімен кездесу өткізгені мәлім. Сондағы сөйлеген сөзінде ол Абайдың әкесі – Құнанбай туралы қоғамдық санада кеңестік кезеңнің сарқыншағы секілді орнығып қалған идеологиялық стереотипті бұзып, оны қазақ тарихында өз орны бар тұлға ретінде әділ бағалаудың уақыты жеткенін айтты. Сөйтіп халықтың көңіл түкпірінде жүрген тілегі қабыл болып, Ақшоқы елді мекеніндегі Құнанбай әулетінің қорымы абаттандырылды және Құнанбай музейі ашылды.
Ал ел руханиятында атқарған зор маңызы үшін «тарихи орталық» деп белгіленген Семей қаласында 2020 жылдың 15 қазаны күні Мемлекет басшысының қатысуымен «Ұлы ақын Абай – ұлдарымен» ескерткішінің ашылу салтанаты өтті. Бұл өнер туындысы текті әулеттен шыққан Абайдың өзін ғана емес, оның талантты перзенттері Ақылбай мен Тұрағұлды әкесімен рухани бірлікте бейнелеу арқылы ұрпақтар сабақтастығын әйгілейді.
Ғұламаның кіндік қаны тамған Сырт Қасқабұлақта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Жидебайдағы «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешені мен ақынның мұражай-үйі, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі заманауи талаптарға сай түбегейлі жаңғыртылды. Қарауылда Абай саябағы салынды. Семейде «Абай Арена» мәдени-спорт кешенінің құрылысы аяқталуға жақын.
Өркениетті елдерде ұлы ақындарын дүниеге әкелген, сондай-ақ олардың шығармашылығына қанат бітірген қоныстарды қастерлеудің үлгілері бар. Басқаларды айтпағанда, Абайға қатысты дереу еске түсетін – немістер Гете (Майндағы Франкфурт пен Веймар), Шиллер (Марбах пен Веймар), ағылшын Байрон (Ньюстед аббаттығы), поляк Мицкевич (Заосье усадьбасы), орыстар Пушкин (Михайловское усадьбасы), Лермонтов (Тархан усадьбасы), Бунин (Озерки усадьбасы), Крылов (Санкт-Петербург пен Приютино усадьбасы) мұралары сөз етілгенде, әр ұлттың әлем әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан зор тұлғаларын дәріптеу салты өзара үйлес екенін көреміз. Жидебайда жазған сөзі жер-жаһанның әр түкпіріне жете бастаған Абайға мемлекет тарапынан жасалып жатқан құрмет те «қалың елі – қазағын» тағы бір серпілтті.
Қазақстанның саяси және экономикалық табыстары жайынан әлем жұртшылығы жақсы хабардар болғанымен, халқымыздың кең шалқар рухани қазынасымен, мәдени құндылықтарымен жеткілікті дәрежеде таныс деп айта қою қиын. Сондықтан дипломатия саласындағы тәжірибесі мол, әлемдік тенденцияларды айна-қатесіз аңғаратын Қ.Тоқаевтың жалпыадамзаттық деңгейден табылатын Абайды «Жаңа Қазақстанның бренді» деп таныстыруды ұсына отырып: «Өзге жұрт «Қазақ халқы – Абайдың халқы» деп, бізге ілтипат білдіріп отырса, зор мәртебе болары анық», деген сөздері қоғамымыз қол созған мұраттармен және бүгінгі дәуірдің талабымен тығыз үндесіп тұрғаны айқын. Осыған орай Қазақстанның шет мемлекеттердегі елшіліктері жанынан «Абай» ақпараттық-мәдени орталықтары ашылып, ақын шығармашылығын ұлттық құндылықтарымызбен сабақтастыра отырып насихаттау жұмысына кірісті. Еліміз жүзеге асырған бірегей халықаралық жоба негізінде Абай шығармалары ағылшын, испан, араб, түрік, қытай, неміс, италиян, француз және жапон тілдеріне аударылды. Сөйтіп адамзаттың бәрін «бауырым» деп сүюге үндеген ақынның көркемдік әлемі, ой кеніші, рухани тәлімі жүзден астам елдің кітапханалары мен мәдени ошақтарының табалдырығынан аттап, төріне озды.
Қазақтың бүлдіршін қызы Ләйлімнің Абай өлеңінен үзінді оқып, эстафета кезегі жолданған Қазақстан Президенті тарапынан қолдау табуымен басталған челлендж жалпы бұқаралық сипатқа ие болып, ақырында күллі дүниені шарлап кетті. Виртуалды кеңістіктің шексіз көкжиегін шабытымен көмкерген ақын шығармаларын оқу арқылы әртүрлі елдердің танымал саясаткерлері, атақты музыканттары, әйгілі қаламгерлері, ірі бизнесмендері, сондай-ақ әдебиетсүйер қауымы – бәрі-бәрі өзара тебірене үн қатысып, қазақтың біртума данышпанына және оның халқына құрметін білдірді.
Қорыта айтқанда, мерейтой аясында елішілік және халықаралық ауқымда іске асқан шаралар ұлы Абай мұрасының, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай, «ойы озық, санасы сергек «толық адамның» толыққанды қоғамын» құру жолында мәңгі рухани азық бола беретініне көзімізді кәміл жеткізді.
Ерлан СЫДЫҚОВ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры,
ҚР ҰҒА академигі
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала