АҚШ-та америкалық жазушы Майкл Фаррис Смиттің «Ұлы Гэтсби» (авторы Фрэнсис Скотт Фицджеральд) шығармасына кіріспе (приквел) ретінде жазған «Ник» романы жарияланды. Кітап 25 ақпаннан бастап Ұлыбританияда сатылымға шықпақ.
Смит бұл шығармасын біраз уақыт бұрын жазса да 1 қаңтарды күткен екен. Өйткені дәл осы күні Фицджеральд кітабының авторлық құқығы шегіне жетіп, шығарма қоғамдық игілікке айналды.
Кіріспе роман сюжетінде әңгімеші түпнұсқадағы Ник Каррауэйдің Гэтсбимен кездескенге дейінгі оқиғасын баяндайды. Аталған кітап әдеби сыншылардың қарама-қайшы пікірлерін тудырды.
Town & Country баспасы бұл еңбектің Фицджеральдқа деген ерекше құрмет екенін және Ник Каррауэйдің бұлыңғыр өткенін ашып көрсеткенін атап өтті. Ал Los Angeles Times сыншысы, керісінше роман өте асығыс жазылған шикі туынды екенін айтты.
Айта кетейік, «Ұлы Гэтсби» – америкалық жазушы Фрэнсис Скотт Фицджеральдтің үздік туындысы. 2013 жылы роман желісі бойынша голливудтық фильм түсірілген еді. Сол жылы фильм фурор (күшті әсер) туғызып, оның әнші Ферги орындауындағы A little party never killed nobody саундтрегі хит әнге айналды.
Алайда кітапты оқығандардың өзі романның алғашқы атауы басқаша болғанын біле бермейді. Джаз дәуірінің ұлы туындысына атау қою барысында автор көп ойланған. Оның «Гэтсби – Алтын қалпақ», «Ессіз ғашық» және т.б. нұсқалары болыпты. Баспадан шығаруға бір апта қалғанда «Трималхион тойы» деп бекітілген. Кейін ол да өзгеріп, АҚШ туының түстеріне сай «Қызыл, көк, ақтың астында» деп аталған. Бірақ ең соңында әлемге таныс «Ұлы Гэтсби» атауы таңдалды.
Жалпы, роман 1925 жылы 10 сәуірде жарық көрген. Америка әдебиетіндегі Джаз дәуірінің өкілі саналатын Фицджеральд шығармасын Нью-Йоркте бастап, Еуропадағы саяхаты кезінде Парижде аяқтаған. Алғаш сол жерде жарияланған болатын. Оқиға Нью-Йорктен алшақтау орналасқан Лонг-Айленд «алтын жағалауында» өтеді. 1998 жылы роман Modern Library баспасы ұсынған тізім бойынша XX ғасырдың ең үздік 100 кітабының рейтингінде 2-орын иеленді.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз