дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 12:41

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Ржев шайқасының қаһарманы

Ржев шайқасының қаһарманы
ашық дереккөзі
Ржев шайқасының қаһарманы
Бүгінгі күні егемен елі­міздің тарихына «Екінші дү­ниежүзілік соғыс» деген атаумен енгізілген кешегі Кеңес заманындағы Ұлы Отан со­ғысының ащы шындығы әлі толық ашылмағандығы мәлім. Кеңес Одағы ыдырағаннан соң ғана айтылып, жазылып жатқан әйгілі «Ржев шайқасы» туралы шындық соның бір ғана айғағы. Қаншама боздақ жер құшқан сол қанды қырғынның куәсі бол­ған орыс ақыны Александр Твардовский: «Мен Ржевтің түбінде өлдім, Бақытты болуды сіздерге бұйырып, Отанға адал болуды тапсырдым, Өлілер кетсе де, кеткен жоқ күйініп, Бізде бір ұлы бақыт бар – Отан үшін құладық, Оны біз құтқару үшін қиылдық», – деп жырлап еді, көзінен жас парлап тұрып. Бүгінгі мақаламызға арқау болып отырған, сұрапыл соғыстан оралмаған қазақтың мыңдаған боздақтарының бірі Жұмаш Жетпісов те сол Ржев шайқасына жататын 1943 жылғы «Ржев-Вязьма шабуылдау операциясы» кезінде шейіт болды. Жұмаш 1918 жылы бұрынғы Семей облысы Күршім ауда­нының Топтерек ауылында дү­ниеге келген. Анасы Әйеке төрт құрсақ көтерген адам екен. Алмажан, Жаңыл деген қыз­дарының әкесі Даубай қай­тыс болған соң, әмеңгерлік жолымен қайнысы Жетпіске қосылған. Жетпістен Жұмаш пен Күбира туған. Жұмаш жастайынан ал­ғыр, білімқұмар болып өсті. 8 сыныптық білім алып, латын қарпін жақсы меңгерген ол кол­­хозда есепші болып жұмыс істеді. 1939 жылы Жұмаш әскер қатарына шақырылды. Гитлерлік Германия Кеңес Одағына шабуыл жасағанда ол Қызыл Армия қатарында болатын. Өкінішке қарай, Жұмаштың 1939 жылдан 1942 жылға дейін қай жерде әскери борышын өтегендігі, қандай әскери оқу орнын тәмамдағандығы туралы мәліметтер жоқ. Сұрау салынған Ресейдің Қорғаныс министрлігінің мұрағатынан тұщымды жауап ала алмадық. Бел­гілісі, 1942 жылы кіші лей­тенанттар даярлайтын артил­лериялық курстарды бітіргендігі, сол жылдың 1 наурызынан 30 маусымына дейін 199-армиялық қосалқы атқыштар полкінің әскери транзиттік полкінде бол­ғандығы. Одан соң, 1942 жылдың желтоқсанында лейтенант Жұмаш Жетпісов Батыс майданның 139-атқыштар ди­визиясының 718-атқыштар полкінің атқыштар ротасының командирі болып әскери қыз­метін жалғастырады. Тарихи анықтама. Батыс май­данның 139-атқыштар дивизиясы жауынгерлерінің асқан ерлігімен, жанқиярлық батырлығымен Кеңес әске­ри тарихында өзінің орнын ойып алған. Дивизиядан Ке­ңес Одағының 28 батыры, «Даңқ» орденінің 14 толық ка­валері шыққан. Солардың қа­та­рында «Даңқ» орденінің үш дәре­жесін қатар алған қан­дас­тарымыз Ә.Дәрменов пен М.Сү­лейменовті мақтан етеміз. 1943 жылдың 1 наурызында неміс әскерилері «Бюффель» деп атаған операцияны бастады. Гитлер майдан шебін 530 шақырымнан 200 шақырымға қысқарту үшін, негізгі күштерді алдын ала дайындалған шептерге шегіндіріп, артылған күшті басқа бағыттарға жұмсауға дайындалды. Операция 30 наурызға дейін созылып, немістер Ржев шебін тастап шықты. Оның нәтижесі немістердің ойлағанындай болып жүзеге асты. 1 Кеңес әскери басшыларының немістерді өкшелей қуып, оларды алынбайтын қамалдай етіп жасаған шебіне жеткізбей құр­тамыз деген ойы іске ас­пай қалды. Кеңес жағы біз де жағдайымызды жақсарттық, Мәскеу ауданына төнетін қауіп біржолата сейілді дегенімен, сол кезеңде айтылмай, тағы да бір шындық шаң басқан архивтерде қалды. Ол – бір айға созылған осы шайқаста Қызыл Армияның қатарында өте көп адам шығынының болғандығы еді. Ғаламтор желісіндегі деректерге сәйкес, сол қырғында Кеңес әскерлері сапында 38 мыңнан астам адам қаза тауып, 100 мыңға жуығы жараланса, неміс әскерлерінің шығыны 15 267 адамды ғана құраған (3 450 адам өлген, 10 891 адам жараланған, 926-сы хабар-ошарсыз кеткен). Осы қанды қырғынның бел ортасында Жұмаш басқарған 718-атқыштар полкінің 6-ат­қыштар ротасы да жүрді. 718-ат­қыштар полкінің коман­дирі подполковник А.Па­хо­мовтың жоғарыға баяндауы бойынша, 1943 жылдың 18 наурызында Үлкен Каменка, Вязовня, Ртинка деревняларын шегініп бара жатқан жаудан тазарту үшін шабуылға шыққан полк немістердің әуе шабуылының, соның артынша танктерден, зеңбіректер мен минометтерден қарша бораған оқтың астында қалады. Соған қарамастан, сол күні түн ортасында 718-атқыштар полкінің 1-атқыштар батальоны Үлкен Каменка деревнясының күнбатыс тұсына, 2-атқыштар батальоны Каменка өзенінің оңтүстік батыс жағалауына, 3-атқыштар батальоны Үлкен Ка­менка деревнясының күн­шығыс тұсына яғни межеленген жерлерге бекінеді. Үлкен Каменка деревнясы толықтай өртеніп кетті, полкта адам шығыны көп, 177 боздақ қаза тауып, 800-і жараланды,  делінген жоғарыға баяндалған есепте. 18 наурызда қаза тапқан­дардың бірі Жұмаш еді. Сол кездегі қаруластарының еске алуы бойынша, ол соңғы оғы бітіп, ақырғы демі таусылғанша жаумен арпалысумен болған. Тек оқ жаудырып қана қоймай, бағынышты жауынгерлерін жұмылдырып, шешуші шабуылды ұйымдастыра білген. Көз жұмарында Жұмаштың не ойлағаны белгісіз. Балалық бал дәуренінің куәсі болған Күршім өзенінің көбік езу толқыны мен құмдақ жағалауы есіне түсті ме, әлде өзі жанындай жақсы көрген қарындасы Күбираның балаң жүзі көз алдына келді ме, ол жағы беймәлім. Белгілісі, еліміздің шығысында кір жуып, кіндік кескен қазақтың қара ұлының Смоленск түбіндегі орыс орманында бір төмпешік болып қалғандығы. Жар құшып, бала сүйіп, қарапайым пендеуи қызықты көре алмай, қыр­шынынан қиылғандығы. Кейіннен туыстарына келген «қара қағазда» Жұмаштың Смоленск облысының Спас-Деменск ауданы Вязовня дерев­нясының шығысындағы орманда жерленгендігі жазылған. Соғыс аяқталған соң, қаза тапқан жауынгерлердің сүйегін жинастырып, «бауырластар зиратына» жерлеу барысында Жұмаштың денесі 1943 жылдың наурызында қайтыс болған 297 жауынгермен бірге қазіргі Калуга облысының Спас-Деменск ауда­нының Үлкен Каменка деревнясында қайта жер қойнына тап­сырылған. Бұл қанды қырғыннан кейін де, Жұмаштың полкі ерен ер­ліктің талай үлгісін көр­сеткен екен. Соның бірі 1943 жыл­дың 14 қыркүйегінде 718-ат­қыштар пол­кінің он сегіз жа­уынгері Калуга облысы Куй­бышев ауданының Ру­бе­жанка деревнясының тү­бінде 300 фашистпен жан аямай соғысқан. Жаудың барлық солдатын жай­ратып, екі жауынгер ғана аман қалған болатын. Сол он сегіз жа­уынгердің ерлігіне «Ты­ныш­тық» («Тишина») ки­но­фильміне жазылған «Аты жоқ тө­беде» («На безымянной высоте») деген ән арналды. Ер есімінің ел есінен кет­пейтіндігі рас. Өз кезегінде, жер­лестері Күршім ауданының орталығында орналасқан Даңқ аллеясындағы тақтаға Екінші дүниежүзілік соғысына қатысқан басқа арыстармен қатар Жұмаш Жетпісовтің есімін де жазды, сондай-ақ оның қысқаша өмірбаянын «Боздақтар» кіта­бына енгізді. Дегенмен, бақытты болуды кейінгі ұрпаққа аманат еткен, қан майданның құрбаны лейтенант Жұмаш Жетпісовтің есімі Күршім ауылындағы көше, мектеп атауларына сұранып тұр­ғаны анық. Бұл жөнінде аудан басшылығы, ардагерлер алқасы тиісті жұмыс жүргізеді деген сенімдеміз.    
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар