Халыққа мемлекеттік қызмет түрлері қаншалықты сапалы көрсетіліп жатыр
- авторМағжан Орынбасар
- 20 мамыр, 2025
- 238

Қазақстанда жыл сайын мемлекеттік қызметтер сапасы бойынша халық арасында сауалнама жүргізіледі. 2024 жылы бұл сауалнамаға 12,7 мың адам қатысты. Қызмет алушылардың ішінде 70,1%-ын жеке тұлғалар, 26,6%-ын заңды тұлғалар, ал 3,3%-ын жеке кәсіпкерлер құрады, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Мемлекеттік қызметтер сапасын бағалау барысында бірнеше фактор мен көрсеткіштер ескерілді. Әр қызметтің ұсынылу формасына да мән берілді. Бекітілген әдістеме бойынша бағалау сегіз негізгі критерий негізінде жүргізіледі, олардың әрқайсысы қосымша өлшемдер мен көрсеткіштерді қамтиды. Мысалы, қызметті алу кезіндегі бюрократиялық кедергілер деңгейі сияқты
Қызметтердің қолжетімділігі мен ыңғайлылығына келсек, бұл бағыттағы қанағаттану деңгейі 79,8% болды. Осы критерий бойынша қағаз түріндегі қызметтер электронды форматқа қарағанда ыңғайлырақ және қолжетімдірек деп танылды: сәйкесінше 88,9% және 70,7%. Азаматтар жұмыс кестесінің қолайлылығын, ғимараттардың орналасуын және күту аймақтарының жайлылығын оң бағалады.
Қызметтер туралы ақпараттың қолжетімділігі мен байланыс арналары бойынша қанағаттану деңгейі 83,6% болды. Бұл санатта электронды қызметтер қағаз форматынан жоғары баға алды. Респонденттер порталдағы ақпараттың қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді екенін оң қабылдады.
Мемлекеттік қызмет көрсетуші қызметкерлердің жұмысы бойынша қанағаттану деңгейі төмендеген – 71,7%. Былтыр бұл көрсеткіш 81,7% болған. Яғни 10 пайыздық тармаққа азайды. Ең төмен баға қызметкерлердің сыпайылығы мен ұқыптылығына қатысты берілген.
Қызмет көрсету мерзімдеріне қанағаттану деңгейі – 89,6%, ал қызметті алу кезіндегі шығындарға – 87%, көрсетілген қызмет нәтижесіне – 91,6% болды.
Ең төмен бағаны виртуалды көмекшінің жұмысы алды. Бұл бағыттағы қанағаттану деңгейі небәрі 46,7% болды, ал өткен жылы бұл көрсеткіш 60% болған. Респонденттер әсіресе виртуалды көмекшінің сұрақтарға толық жауап бермеуін сынға алған.