дүйсенбі, 16 маусым, 2025 22:05

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Қазақстан мен Марокко: Африкамен жаңа серіктестік

Қазақстан мен Марокко: Африкамен жаңа серіктестік
ҚР СІМ
Соңғы жылдары Қазақстан сыртқы саясатында географияны кеңейтіп, Африка құрлығымен экономикалық, саяси және мәдени қатынастарды дамытуды көздеп отыр.

Бұл үрдістің жарқын көріністерінің бірі – Қазақстан мен Марокко арасындағы екіжақты серіктестіктің жаңа деңгейге көтерілуі. Аталмыш елдер арасындағы ынтымақтастық қазір тек дипломатиялық шеңберде ғана емес, инвестициялық, сауда, мәдениет және білім беру салаларында да қарқын алып келеді.

Марокко Корольдігі – Солтүстік Африканың геостратегиялық тұрғыдан аса маңызды елдерінің бірі. Атлант мұхиты мен Жерорта теңізіне шығатын порты бар бұл мемлекет – Еуропа мен Африка арасындағы көпір қызметін атқарып келеді. Сонымен қатар, Марокко – Африка Одағының, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының, Франкофония халықаралық қауымдастығының және БҰҰ-ның белсенді мүшесі.

Қазақстан үшін Марокко тек Солтүстік Африканың ғана емес, бүкіл Африка құрлығының экономикалық әлеуетіне шығатын тиімді серіктес бола алады. Екі ел арасындағы ресми дипломатиялық қатынас 1992 жылы орнатылғанымен, соңғы жылдары бұл байланыс сапалық жаңа кезеңге өтті.

Қазақстан мен Марокко арасында тауар айналымы әлі де төмен деңгейде тұрғанымен, оның даму әлеуеті жоғары. Екі ел де бір-бірін толықтыратын салаларда маманданған. Қазақстан – минералды ресурстар, астық, уран және химия өнімдерінің экспорты бойынша жетекші елдердің бірі болса, Марокко – фосфаттар, тыңайтқыштар, ауыл шаруашылығы өнімдері мен тоқыма бұйымдарының ірі өндірушісі.

Соңғы кездесулер мен келіссөздер барысында тараптар ауыл шаруашылығы, тыңайтқыш өндіру, жаңартылатын энергия көздері, логистика және туризм салаларында бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделі екенін білдірді. Әсіресе, қазақстандық «Kazphosphate» және марокколық «OCP Group» арасында фосфор және тыңайтқыш өндірісі бойынша әріптестік орнату мүмкіндігі талқыланып жатыр.

Марокко – Африкадағы жаңартылатын энергия көздерін қарқынды дамытып отырған ел. Корольдік күн және жел электр станцияларын салу бойынша континентте көшбасшы саналады. Бұл тәжірибе Қазақстан үшін өте маңызды. Екі ел де климаттың өзгеруіне қарсы күреске белсенді қатысушы ретінде, бір-бірімен осы бағытта технология мен тәжірибе алмаса алады.

2023 жылы өткен «Климаттың өзгеруі және жасыл технологиялар» тақырыбындағы халықаралық форумда Қазақстан мен Марокко өкілдері бірлескен ғылыми жобаларға бастамашы болу қажеттігін атап өтті.

Қазақстандық және марокколық ЖОО-лар арасында академиялық ұтқырлық бағдарламалары бастау алуда. Жас ғалымдар, студенттер мен өнер иелерінің қатысуымен түрлі симпозиумдар мен форумдар өткізіле бастады. Қазақ мәдениеті мен тіліне марокколық жастардың қызығушылығы артып келе жатса, Қазақстанда да араб-ислам өркениетінің жауһарларын зерттеуге қызығушылық бар.

2024 жылы Рабат қаласында өткен «Орталық Азия мәдениеті апталығы» аясында Қазақстанның музыка, қолөнер және гастрономия саласындағы шеберлері қатысып, жергілікті халықтың ықыласына бөленді. Бұл – халықтар арасындағы достықты нығайтудың тамаша үлгісі.

Қазақстан мен Марокко халықаралық ұйымдарда да тығыз ынтымақтастық орнатқан. Екі ел БҰҰ, ИЫҰ, АӨСШК сияқты құрылымдарда бейбітшілік, тұрақтылық және даму қағидаттарын қолдап, ортақ ұстаным білдіреді. Қазақстанның 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше ретінде атқарған жұмысы Марокко тарапынан жоғары бағаланған.

Сонымен қатар, Марокко – Астана халықаралық форумдары мен «Орталық Азия – Таяу Шығыс» бағытындағы бастамаларға қолдау білдіріп келеді.

Қазақстан мен Марокко арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңі биылғы жылдың ақпан айында Рабат қаласында басталды. Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Марокко Корольдігінің Сыртқы істер, Африка ынтымақтастығы және шетелде тұратын марокколықтар істері министрі Насер Буританың арнайы шақыруымен алғаш рет ресми сапармен барды. Бұл сапар екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 30 жылдығы қарсаңында жүзеге асты.

Кездесу барысында екі тарап саяси диалогты жандандыру, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды нығайту, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық саладағы серіктестікті кеңейту мәселелерін талқылады. Энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы, цифрлық технологиялар, инновациялар, білім беру және туризм салаларында ынтымақтастықты тереңдетуге ерекше назар аударылды. Қазақстан мен Марокко арасындағы тауар айналымы 2024 жылы 70%-ға артып, 274 миллион АҚШ долларына жеткені атап өтілді. Қазақстанның Мароккоға дайын мұнай-химия өнімдері, металлургия өнімдері және азық-түлік тауарларын экспорттау мүмкіндіктері талқыланды.

Биыл 19 наурыздан бастап Қазақстан мен Марокко арасында визасыз режим енгізілді. Бұл келісім екі ел арасындағы саяси және экономикалық байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ халықтар арасындағы өзара түсіністік пен достықты арттыруға бағытталған. Визасыз режимнің енгізілуі екі елдің азаматтарына бизнес, туризм және білім салаларында жаңа мүмкіндіктер ашады.

Қазақстан мен Марокко арасындағы құқықтық саладағы ынтымақтастық та маңызды қадамдармен толықты. Қылмыстық-құқықтық салада екі ел арасында қылмыскерлерді экстрадициялау, қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету және сотталғандарды беру туралы мемлекетаралық келісімдер жасалды. Бұл келісімдер екі ел арасындағы құқықтық қатынастарды нығайтуға және халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.

Қазақстан мен Марокко арасындағы серіктестік – екі ел үшін де стратегиялық жағынан маңызды. Бұл ынтымақтастық Қазақстанның Африка нарығына ашылуына, ал Марокконың Орталық Азиядағы ықпалын кеңейтуіне жол ашады. Сонымен қатар, мұндай өзара байланыстар жаһандық көпвекторлы дипломатияны дамытуда нақты нәтижелер береді.

 

 

Арайлы Жақсылық
Автор

Арайлы Жақсылық

Арайлы Жақсылық

Ұқсас жаңалықтар