жексенбі, 29 желтоқсан, 2024 9:17

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Мухинаның соңғы сальтосы

Мухинаның соңғы сальтосы
ашық дереккөзі
Мухинаның соңғы сальтосы

Тағдыр тауқыметін молынан тартқан спортшылардың бірі – Елена Мухина. Көзі тірі болғанда атақты гимнасшы былтырғы жылдың соңында 60 жасқа келетін еді. Алайда жаттығу барысында ауыр жарақат алған ол айықпас дертке шалдығып, ұзақ уақыт бойы төсек тартып жатып қалды. Ал ол 2006 жылдың 22 желтоқсанында жарық дүниемен қош айтысты. Ол небәрі 46 жаста еді.

Елена Вячеславовнаның тағдыры адам қызығарлықтай емес. Мәскеуде туып-өскен ол анасынан екі жасында айырылды. Бәріне кінәлі әкесі. Араққа сыл­қия тойып алған ол абайсызда өздері тұрып жатқан үйді өртейді. Шарпыған жалынның құшағында қалған анасы мерт болады. Одан кейін-ақ әкесі оңал­мады. Вячеслав басқа бір келіншектің етегінен ұс­тап, бел­гісіз жаққа кетті. Ал кіш­кен­тай бүлдіршіннің тәрбие­сімен әжесі айналысты. Сол Анна Иванов­наның  мейірімі мен шапа­ғатының арқасында Еле­на ел қатарлы білім алып, спорт­тың сиқырлы әлеміне бойлады.

Спорттық гимнастиканы се­рік еткен қаршадай қыз уақыт оза өз қатарының алды болды. Ал­ғашында Антонина Олежко мен Александр Эглитаның қол астында жаттықса, кейіннен Михаил Клименконың үйірме­сіне ауысты. Күн санап шебер­лігі шыңдала түскен Мухи­на көп ұзамай майталман ма­ман­дардың қырағы назарына ілікті. Тіптен оның 1976 жылы Монреальда алауы тұ­танған Олимпия ойындарына қатысуы да мүмкін еді. Бірақ «тәжірибесі аз» деген желеумен Елена Үйеңкі жапырақтар еліндегі жарыстан шет қалды. Бапкерлердің таңдауы өзге гим­нас­шыларға түсті.

Жоғарыдағы жағдай 16 жасар қыздың жігерін жасытқан жоқ. Ол күрделі элементтерді бірі­нен кейін бірін мінсіз орын­дап, өзінің мықтылығын түбе­гейлі мойындата бастады. Қыс­қа ғана мерзім аралығында ха­­лық­аралық аренада ауыз тол­тырып айтарлықтай табыс­тарға қол жеткізді. 1978 жылы Францияның Страсбург қала­сында ұйымдастырылған әлем чемпионатында үш ал­тын медальді мойнында жар­қы­ратып, барша жұрттың назарын өзіне аударды. Тарқатып айтсақ, Елена көпсайыс пен еркін жаттығуда алдына жан салмады. Командалық бәсекеде де бас жүлдені олжалады. Екі жаттығуда күміспен күптелді. Нәтижесінде, әлемнің абсолютті чемпионы атанды. Аталған жарыста Мухина Монреаль Олим­пиадасында бес рет жеңіс тұғы­рына көтерілген аты аңызға ай­нал­ған румыниялық гимнасшы Надя Команечидің өзін артқа тас­тады.

Жалпы 1977-1978 жылдары Мухинаның жұлдызы жарқырай жанды. Жоғарыдағы табысынан бөлек, ол КСРО мен қарт құрлықтың теңдессізі деп танылды. Әлем кубогында алтын тұғырға көтерілді. Оның жеңісті жолы осылай жалғасып жатты. Алда – Мәскеу Олим­пиадасы мен­мұндалап тұрды. Сол жарыс­қа Елена жатпай-тұрмай да­йындалды. Кеңес Одағының бас ша­һа­рында өте­тін ғаламдық додада Мухи­на­ның шоқтығы биік бола­тынына ешкімнің де күмәні жоқ еді.

Елена өте еңбекқор еді. Ол еркінсу, босаңсу дегенді біл­мейтін. Залда жанын салып жат­­тығады. Бапкері де тым талапшыл әрі қатал еді. Ол түр­лі эксперименттер жасауды ұна­татын. Шәкірттерінің ащы терін әбден сығып алғанша дамыл таппайтын. Міне, Мухина сондай мектептен өтті. Михаил Кли­менко оны әу бастан аса күрделі тәсілдерді орындауға бейімдеді. Ал орындалатын әдіс неғұрлым күрделі болса, жарақат алу қаупі соғұрлым жоғары болатыны тү­сінікті ғой. Бірақ бапкері ондай «майда-шүйде» нәрселерге аса мән бермейтін. Мысалы, 1975 жылы КСРО халықтары спартакиадасында Мухинаның мойын омыртқаларына зақым келді. Ондай жағдайда жаттығу былай тұрсын, жүріп-тұруды өзі қиын. Оған қарап жатқан Клименко жоқ. Ол күн сайын Еленаны ауру­ханадан алып кетіп, жаттығу жасататын.

Уақыт оза Еленаның өзі де анау-мынау жарақаттарды елемейтін болды. Қабырғасы қайысып, саусақтары сынып, миы шайқалса да мыңқ етпейтін. Клименконың қаһарынан қо­рыққаны соншалық, Мухина еш­кімге байқатпай нашатырь спиртін иіскеп алатын да түк болмағандай жаттығуын әрі қарай жалғастыра беретін.

1980 жылдың 3 шілдесі. Мәскеу Олимпиадасының бас­талуына екі аптадан аса уақыт қалды. КСРО құрамасы өзінің соңғы оқу-жаттығу жиынын Минскіде өткізіп жатты. Бірде шұғыл шаруалардың шығуына байланысты Михаил Клименко дереу Мәскеуге ұшады. Дәл сол күні Мухина жалғыз өзі томарға шығып, аса бір күрделі сальтоны орындауға бекінді. Орнынан секірген Елена әуеде 540 градуске айналамын деп, ағаттық жіберді. Соның салдарынан жерге басымен оңбай құлады. Залда үнсіздік. Атақты спортшы ес-түссіз еденде жатыр. Жаттықтырушылар 03 нөміріне қоңырау шалды. Шұғыл жеткен жедел жәрдем машинасы оны дереу ауруханаға алып кетті. Көп ұзамай гимнасшы қыз­дың мо­йын омыртқалары қатты зақым­данған деген суыт хабар жетті.

20 жастағы спортшыны ажал тырнағынан аман алып қалу үшін дәрігерлер барын салды. Әйтеуір, Елена көзін ашып, есін жиды. Бірақ спорт та, басқасы да жайына қалды. Әй­гілі спортшы аяғынан тік тұра алмай, өмір бойы мүге­дек­тер арбасына таңыл­ды. 28 жыл бойы ол төсек тартып жатып, 2006 жылдың 22 желтоқсанында қайтыс болды. Міне, кеше ғана миллиондаған көрерменнің көзайымына ай­нал­ған атақты гимнасшының қай­ғылы тағдыры осындай.

Ал бапкері ше? Шәкірті тө­секке таңылып жатқанда ол халін сұрап бірде-бір рет не үйіне, не ауру­ханаға келмеген деседі. Бірақ Елена Мухина көз жұмған соң Михаил Кли­менко да көп өмір сүрмеді. Ол шәкіртінен кейін бір жылдан соң, яғни туған күнінде дүние­ден озды. 2007 жылдың 14 қарашасында ол 65 жасқа келген еді.

egemen.kz

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар