Желмен жарысқан желаяқтар
Аңызға сенсек, біздің дәуірімізге дейінгі 490 жылы, шамамен 12 қыркүйекте Марафон түбіндегі соғыста гректер парсыларды ойсырата жеңген соң ежелгі Эллада елінің жауынгері Фидиппид (әлде Филиппид) екі тәулік ішінде 230 шақырымдық қашықтықты жүгіріп өтіп, шаршап-шалдыққан күйі Афинаға жетеді. Қуанышты хабарды елге естірткен бетте ол жан-тәсілім етеді. Бағзы заманда-ақ осы оқиғаның аңыз емес, ақиқат екенін Геродот пен Плутарх бастаған бір топ ғалым дәлелдеді. Араға ғасырлар салып, дәл сол жанкешті жігіттің құрметіне алыс қашықтыққа жүгіретін желаяқтар арасында жарыстар ұйымдастырыла бастады. Ол «марафоншылар сайысы» деген атауға ие болады.
Қазіргі замандағы Олимпия ойындарының тұсауы 1896 жылы кесілгені белгілі. Афинада өткен байрақты бәсекенің бағдарламасына марафон да енді. 40 шақырымды құрайтын сайыста 17 желаяқ бақ сынауға бел буды. Олардың денін грекиялықтар құраса, АҚШ, Аустралия, Мажарстан және Францияның бір-бір спортшысы сапқа тұрды. Жарыс жолына шыққан жүйріктер арасынан Спиридон Луистың бақ жұлдызы жанды. 23 жастағы грекиялық өрен бұл қашықтықты 2 сағат 58 минут 50 секундта жүгіріп өтіп, бас жүлдені олжалады. Екінші орынды тағы бір жергілікті марафоншы Харилаос Весилакос иеленсе, мажарстандық Дьюла Келлнер үшінші сатыға жайғасты.
Спиридон Луис одан кейін дүбірлі додаларға қатысқан жоқ. Десек те ежелгі Эллада елінің ұлттық батыры ретінде үлде мен бүлдеге оранды. Луис жүрген жерінде толассыз сый, құрмет пен қошеметке бөленді. Даңқты марафоншы 1936 жылы Берлинде алауы тұтанған Олимпиадаға құрметті қонақ ретінде қатысып, салтанатты рәсім кезінде Германияның фюрері Адольф Гитлерге зәйтүн бұтағын табыс етті. Спиридон 1940 жылдың көктемінде 68 жасқа қараған шағында қайтыс болды.
1900 жылы Парижде алауы тұтанған Олимпиадада жарыс қожайындары шашаларына шаң жұқтырмады. Алғашқы екі орынды Мишель Теато мен Эмиль Шампьон еншілесе, швециялық Эрнст Фаст үшінші сатыға табан тіреді. Бұл бәсекеде алты мемлекеттен келген 13 спортшы шеберлік байқасты. Жеңімпаздың уақыты – 2 сағат 59 минут 45 секунд.
1904 жылы АҚШ-тың Сент-Луис қаласында өткен Олимпия ойындары шытырман оқиғаларға толы болды. Бұл жарыста америкалық желаяқ Фредерик Лорз алдына жан салмады. Мәре сызығын қиып өткен бетте ол жанкүйерлердің құшағына енді. Гүл шоқтарын алып, АҚШ президенті Теодор Рузвельттің қызымен суретке түсіп те үлгерді. Енді бірер минуттан кейін Олимпиада ойындарының алтын медалі Лорздың мойнында жарқырауға тиіс еді...
Іле-шала төрешілер мінген көлік стадионға келіп тоқтады. Асыға-үсіге жеткен қазылар жеңімпаз жігіттің «ерлігін» жалпақ жұртқа жария етті. Сөйтсе Лорз белгіленген қашықтықтың тең жартысына жуығын көлікпен жүріп өтіпті. Көпшілік назарынан тыс қалған кезде желаяқ жолда келе жатқан машиналарды алма-кезек тоқтатып, өз «жұмысын» біраз жеңілдеткен екен. Сол мезетте-ақ Фредерик Лорз абыройдан жұрдай болды. Нәтижесінде Сент-Луистегі жарыста жүлделі орындардың барлығын АҚШ құрама командасының өзге мүшелері иеленді. Олар – Томас Хикс (3:28:53), Альберт Кори (3:34:52) және Артур Ньютон (3:47:33). Бұл жолы қатысушылардың саны 32-ге жетті.
Екінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі кезеңге келетін болсақ, марафоншылар сайысында америкалық Джон Хейес (1908 жыл, Лондон), ОАР өкілі Кеннет Макартур (1912 жыл, Стокгольм), финляндиялық Ханнес Колехмайнен (1920 жыл, Антверпен) мен Альбин Стенроос (1924 жыл, Париж), франциялық Бугера әл-Уафи (1928 жыл, Амстердам), аргентиналық Хуан-Карлос Сабала (1932 жыл, Лос-Анджелес) және жапониялық Сон Ки Джон (1936 жыл, Берлин) сынды саңлақтар Олимпия ойындарының жеңімпазы атанды. 1948 жылы Лондонда Аргентинаның түлегі Дельфо Кабрера Гомес алдына жан салмаса, 1952 жылы Хельсинкиде чехословакиялық Эмиль Затопекке тең келер ешкім табылмады. 1956 жылы Мельбурнде француз Ален Мимунның айдарынан жел есті.
1960 және 1964 жылдары өткен Олимпиадада Абебе Бикиланың жұлдызы жарқырай жанды. Бұл спортшы жайында кеңірек әңгімелесек еш айыбы жоқ деп ойлаймыз. Ол Эфиопияның шалғайдағы бір ауылында тұрмысы төмен отбасында туып-өсті. Балауса кезінен қара жұмысқа жегіліп, таңның атысынан күннің батысына дейін мал бақты. Тек әскер қатарына алынғаннан кейін Абебенің жүгіруге қабілеті бар екені байқалды. Алайда бұл жігіттің Рим Олимпиадасына қатысуы екіталай еді. Тек дәл жарыс қарсаңында ұлттық команда сапындағы белді бір спортшының жарақат алуына байланысты ғана біздің кейіпкерімізге Апеннин түбегіне аттануға мүмкіндік туды. Өзіне шақ аяқкиім таппай, жарыс жолына жалаң аяқ шыққан Бикила Римде айды аспанға бір-ақ шығарып, алтын тұғырға көтерілді. Абебе 2 сағат 15 минут 16 секундтық көрсеткішпен рекорд жасады. Ол кезде марафондық қашықтық дәл қазіргідей 42 шақырым 195 метрді құрайтын.
Келесі Олимпиада Токиода өтті. Дүбірлі доданың басталуына тура 40 күн қалғанда соқырішек дертіне шалдыққанына қарамастан, Бикила тәуекелге бел буды. Бұл жолы Римдегі көрсеткішін үш минутқа жақсартқан ол тағы да бас жүлдені қанжығасына байлады. Тағы да рекорд! 1968 жылы Абебе өзінің үшінші Олимпия ойындарына қатысты. Алайда ескі жарақаты сыр берген ол мәре сызығына жете алмады. Есесіне Мехикода Эфиопияның тағы бір «қара маржаны» Мамо Волде жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.
Абебе Бикила 1969 жылы жол апатына ұшырады. Соның зардабын молынан тартқан даңқты спортшы 1973 жылдың күзінде 42 жасқа қараған шағында инсульттен қайтыс болды. Өз отанында Бикиланың беделі зор болғаны соншалық, оны соңғы сапарға шығарып салу үшін Аддис-Абебе көшелеріне 75 мыңнан аса адам жиналған екен. Ал Эфиопияның императоры 25 қазанды жалпыұлттық қаралы күн деп жариялады.
1972 мен 2004 жылдар аралығында мына желаяқтар Олимпиада чемпионы атағына қол жеткізді: 1972 жыл – Фрэнк Шортер (АҚШ), 1976 жыл – Вальдемар Церпински (ГДР), 1980 жыл – Вальдемар Церпински (ГДР), 1984 жыл – Карлуш Лопеш (Португалия), 1988 жыл – Джелиндо Бордин (Италия), 1992 жыл – Хван Ен Джо (Оңтүстік Корея), 1996 жыл – Джозайя Тугване (ОАР), 2000 жыл – Гезахегне Абера (Эфиопия), 2004 жыл – Стефано Бальдини (Италия). Ал соңғы үш ғаламдық додада қара құрлықтың өкілдері шашаларына шаң жұқтырмады. Тарқатып айтсақ, 2008 жылы Бейжіңде кениялық Самуюэль Ванджиру топ жарса, марокколық Жауад Гариб пен эфиопиялық Цегайя Кебенде жүлдегерлер санатына қосылды. 2012 жылы Лондонда угандалық Стивен Кипротич алдына жан салмаса, Кенияның қос қыраны – Әбел Кируи мен Уилсон Кипсанг екінші және үшінші орындарды иеленді. 2016 жылы Рио-де-Жанейрода кениялық Элиуд Кипчоге қарсылас шақ келтірмесе, күміс пен қола медальдарды эфиопиялық Фейиса Лилеса мен америкалық Гален Рапп еншіледі. Міне, жоғарыдағы деректердің өзі-ақ Африка құрлығынан келген «қара маржандармен» үзеңгі қағыстыру уақыт озған сайын қиындап бара жатқанын аңғартса керек. Соңғы Олимпиадада әлемнің әр қиырынан жиналған 150 атлет бақ сынады.
Байыптап қарасаңыздар, Олимпия ойындарындағы марафоншылар сайысында санаулы ғана мемлекеттің өкілдеріне бас жүлде бұйырған екен. 1896-2016 жылдар аралығында 28 алтын медаль сарапқа салынса, Еуропа құрлығының өкілдері – 12, африкалықтар – 9, америкалықтар – 5 және азиялықтар 2 алтынды олжалапты.
Өкінішке қарай, Қазақстанның бірде-бір марафоншысы бүгінге дейін әлемдік деңгейдегі додалардың бірде-біреуінде олжа салған емес. Осы орайда «Бұл бапкерлік мектептің әлсіздігі ме, әлде алыс қашықтыққа жүгіретін жігіттеріміздің жігерсіздігі ме?» деген сауал туындайды. Бәлкім, осы саланың тізгінін ұстаған азаматтар жеңіл атлетиканың бұл түріне айтарлықтай мән бермей жүрген болар? Ол жағы бізге беймәлім. Бірақ оған таңдануға да болмайтын шығар. Себебі кезінде Жер шарының алтыдан бір бөлігін бауырына басқан Кеңес Одағы өкілдерінің өздері Олимпия ойындарында небәрі бір рет қана жүлде алды. Оның иегері – Сатымқұл Жұманазаров. 1980 жылы Мәскеуде алауы тұтанған ғаламдық додада Қырғызстанның Талас облысының тумасы мәре сызығын 2 сағат 11 минут 16 секундта қиып өтіп, қола медальды мойнына ілді. Оған дейін де, одан кейін де КСРО-ның құрамында болған мемлекеттер өкілдерінің ешбірі Жұманазаровтың бұл көрсеткішін қайталай алған жоқ.
Дерек
- Олимпия ойындарында ең көп алтын алған Эфиопияның марафоншылары. Олар төрт рет топ жарды. АҚШ пен Францияның өкілдері үш мәрте жеңімпаз атанса, Финляндия, ОАР, ГДР, Кения, Аргентина, Италияның спортшылары екі реттен теңдессіз деп танылды. Грекия, Жапония, Чехословакия, Польша, Оңтүстік Корея және Уганданың желаяқтарына бір-бір бас жүлдеден бұйырды.
- Жеңіл атлетикадан әлем чемпионатының тұсауы 1983 жылы кесілді. Сол аралықта өткен 17 жарыстың марафоншылар бәсекесінде Кенияның «қара маржандары» бес рет қарсылас шақ келтірмеді. Испанияның желаяқтары үш рет дара шықса, Эфиопия мен Марокконың өрендері екі мәрте алдарына жан салмады. Сондай-ақ Аустралия, Жапония, АҚШ, Уганда және Эритерияның қоржындарында бір-бір бас жүлдеден бар.
- Соңғы рет әлемдік рекорд 2018 жылдың 16 қыркүйегінде жаңарды. Берлин марафоны кезінде Кения өкілі Элуид Кипчоге мәре сызығын 2 сағат 01 минут 39 секундта қиып өтті. Былтырғы 12 қазанда дәл сол желаяқ Венадағы додада 1 сағат 59 минут 40,2 секундтық көрсеткішке қол жеткізген еді. Алайда ресми жарыстарда қойылатын кейбір ережелер мен талаптар сақталмағандықтан, бұл нәтиже есепке алынбады.
- 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында Қазақстанның туы астында Тахир Мамашев өнер көрсетті. Оның көрсеткіші – 2:30:26. Нәтижесінде 70-орынға табан тіреді. Сол жарыста жеңімпаз атанған кениялық Самуюэль Ванджиру мәре сызығын 2сағат 06 минут 32 секундта қиып өтті.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала
«Құтты білік» және Абай туралы
Ұқсас жаңалықтар
Спорт
Футбол федерациясының жаңа президенті болып Марат Омаров сайланды
- авторМағжан Орынбасар
- 20 желтоқсан, 2024
Спорт
Президент гимнастика федерациясының президенті Әлия Юсупованы қабылдады
- авторМағжан Орынбасар
- 20 желтоқсан, 2024