сенбі, 23 қараша, 2024 5:15

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Бұрынғы Жамбыл мәдени-ағарту училищесін қайта ашатын кез келді»

«Бұрынғы Жамбыл мәдени-ағарту училищесін қайта ашатын кез келді»
ашық дереккөзі
«Бұрынғы Жамбыл мәдени-ағарту училищесін қайта ашатын кез келді»

Сәрсенбек БӘКІР, әнші, сазгер

«ТЕЛЕДИДАР «ТОЙХАНАҒА» АЙНАЛЫП КЕТТІ»

– Бәлкім келісерсіз, бәлкім келіспессіз, қазіргі әншілік өнердің айналасында жүргендерден оқшау ой, саналы сөз күтпейтін болдық. «Оқшау ой»-дың алғашқы сұрағы болсын, Сәрсенбек Бәкірден бүгінгі сұхбатымыз барысында оқшау ой, пайымды пікір күтуімізге бола ма? – Әңгімесі тойдың төңірегінен ары аспайтын, сырлы тонын бит жеген, қара басын күйттегендерден басқа не күтуге болады? Алты ауыз сөздің арқауы болар ой айтудың орнына ала алмай қалған атақ-даңқын, қатыса алмай қалған концертін айтады. Одан қала берсе бір-бірін қаралап, күйе жағады. Ұлт үшін ұлағатты сөз айтуға ұмтылатын сергек ойлы өнер азаматтары (әншілер) өте аз. Тым ұсақталып кетті. «Кешегі күні құрып кетудің аз алдында болған қазақ халқын сақтап қалған бір құдірет болса, ол өнердегі өлмес інжу-маржандары, халықтың әндері мен күйлері еді. Асыл дүниелерімізді құрметтеу арқылы өзіміздің жан дүниемізді қалыптастырдық» деген ойды белгілі бір қаламгердің кітабынан оқыған едім. Ал қазір қалай? Кезінде ұлы өнер халқымызды құрып кетуден сақтап қалған болса, қазір қолдан құртып жатырмыз. Өздерінің сөзі де, ісі де олақ, ұсақ болғаннан кейін өнерімізді табанға таптап, қадірін кетірді. – Неге біз осындай жағдайға жеттік? Қай жерден қателестік? – «Бизнес дегенді көп адам алыпсатарлық, тонау деп түсінеді. Бизнес ең алдымен интеллект, табандылық пен тәжірибе. Содан кейін барып ақша». Тура осы секілді, өнерді де ақша табудың оңай жолы деп түсінгендіктен. Ал бар ойы ақшаға ауып, баю болған адам сол үшін кез келген қадамға барады. Қазіргі әншілердің репертуарына көз жүгіртіңізші, әрқайсысында кемінде бірнеше көшірме ән бар. Көшірме әндердің кез келгені тойға арналып жазылған жеңіл ырғақты «хиттер». Яғни плагиат әндер арқылы пайда тауып, жеңіл дүниелерге әуестеніп барады. «Дәніккен қарсақ құлағымен ін қазады» дейді дана халқымыз. Егер қазірден бір тоқтам болмаса «әдемі» өмір сүру үшін әншілеріміз бұдан да түрлі сорақылықтарға баруы әбден мүмкін. Ақ күріштің атасы Ыбырай Жақаев «Әркім өз ісімен айналысуы керек. Диқан – кетпеніне, шопан – таяғына, жазушы – қаламына ие болсын» деп қалай әдемі айтқан. Өнер өрісінің тарылуының тағы бір себебі – әмбебап болып кеткеніміз. Бірнеше кеменің басын қатар ұстағымыз келеді. Қазақ өнерін көтеру үшін әркім өз ісімен айналысуы керек. Одан кейін көбіне әншілер кінәні өзінен емес, халықтан іздейді. «Халықтың сұранысы» деп ақталып жатады. Тыңдарманға ұсынатын әнші ғой. «Сіз өзбектің әуеніне сөз жаздырып орындаңызшы. Тойға арнап ән жазыңызшы» деп қарапайым халық әншіге барып, тапсырыс бермейді ғой. Әнші не айтса, халық соны тыңдайды. Тәрбиелеп жатқан өзіміз. Белгісіз бір бағытқа қарай халықты жетелеп кетіп бара жатырмыз. Қашан, қай жерге барып тоқтарымыз беймәлім. – Егер сіз де тойға арнап ән жазсаңыз, пәтерде емес, зәулім коттежде тұрып, дәулетіңіз судай тасып, байлыққа белшесінен батып отырар едіңіз ғой... – «Шын жыласа соқыр көзден де жас шығады» дейді. Бар мүмкіндігімді сарқ етсем де тойға арнап ән жазуыма болады. Бірақ тек бүгінгіні ғана ойлауға болмайды ғой. Неге композитор Шәмші Қалдаяқовтың әндері әлі күнге дейін қазақ аспанында қалықтап жүр? Неге Шәмші шығармашылығы ұлттық рухани мұрамыздың ажырамас бөлігіне айналған? Себебі «Қазақ вальсінің королі» атанған Шәмші ешқашан жеңіл дүниелерге бой ұрмады. «Аспанға қараймын, жұлдызды санаймын», «Мария Магдалена», «Кірмей қалама деп қорқамын» деп ән жазған жоқ. Сондықтан да қазақ барда Шәмші әндері ешқашан өлмейді. Яғни өз биігінде қалды. «Өле берсін күншілдер күйігінде, Өз ғасырым өзімнің иінімде. Ақ жаңбырлар тоздырған тау секілді, Мен өлемін өзімнің биігімде», – демей ме ақиық ақын Төлеген Айбергенов. Ал өз биігінде өлу екінің біріне бұйыра бермейді. Қанша еңбектеніп, табанақы, маңдай терімен биікке шығып, омақаса құлап жатқандар қаншама? Егер тойға арнап немесе басқа да сапасыз бір ән жазатын болсам алдындағы барлық еңбегім жоққа шықпай ма? Мұндай жағдайды қазіргі көп композиторлардан байқаймын. – Жуырда «ARAI» газетіндегі Шәмші Қалдаяқовтың туған күніне орай жарық көрген мақалада композитор әндерінің насихатталмай жүргені туралы пікіріңізді білдірген екенсіз. Жоғарыда айтып өткендей жіберген қателігіміздің бірі – Шәмші секілді өміршең шығармалары арқылы өз биігінде қалған тұлғаларымызды насихаттай алмай жүргеніміз емес пе? – Келісемін. Қазақ ән өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған, түнекті тіліп түскен күн секілді ұлы тұлғаларымыз көп. Өкінішке қарай бірде-бірі дұрыс насихатталмайды. Жылына бір мәрте туған күндерінде концерт ұйымдастырылады. Қалған уақытта жым-жырт. Неге жылына бірнеше мәрте ұйымдастырмасқа?! Қиын шаруа емес қой. Көгілдір экранда да Шәмші әндері насихатталмайды. Өнерімізді өркендетуге үлес қосудың орнына теледидарымыз «тойханаға» айналып кетті. Күніге болмаса да жиі-жиі беріліп тұрса нағыз тәрбие сол емес пе? Алайда оған басын қатырып, жанын ауыртып жүрген ешкім жоқ. Сондай-ақ Шәмші әндеріне неге бейнебаян түсірілмейді. Ойдан келген ойық құлақ, қырдан келген қырық құлақтың бәрін жарнамалап жатқан отандық музыкалық телеарналардан Шәмші әніне түсірілген бейнебаянды көрдіңіз бе? Жоқ. Істейтін тірлік көп. Әттең... Сонымен қатар ән байқауларын ұйымдастырса. Кезіндегі Шәмші Қалдаяқов атындағы конкурстар қандай еді, шіркін! Жыл сайын Қазақстанның түкпір-түкпірінде ұйымдастырылып жататын. Мәселен сол Шәмші атындағы конкурстың өзі талай таланттың бағын ашты. Біздің де облысымызда өтіп, сонда үздік өнер көрсеткен Гаухар Қаспақова кейін елімізге танымал өнер жұлдызына айналды. Тіпті халықаралық, әлемдік деңгейде де ұйымдастырылса құба-құп болар еді. Қазақтың көптеген әншілері шет мемлекеттерде өтетін түрлі байқауларға қатысып, сол елдің тілінде шүлдірлеп ән айтады. Қатыссын, өзгелерден оза шапсын. Әрдайым тілекшіміз. Сондай жоғары деңгейдегі байқауларды елімізде де ұйымдастыруға болмай ма? Қытайың да, түрігің де, өзбегің де Шәмшінің немесе Әсет Бейсеуовтің әнін айтсын. Сол арқылы қазақтың өнерін, тұлғаларымызды танытсақ қандай керемет болар еді.

«ҰЛЫ АДАМ ҰЛТАРАҚТАЙ ЖЕРДЕ ТҰРЫП, ЖЕР ШАРЫНА ДАУЫСЫН ЖЕТКІЗЕДІ»

– Еңбек дегеніңізден шығады, кейінгі жылдары өзіңіз шығармашылықта еріншектікке көп бой алдырып қойған жоқсыз ба? – (Күліп) Не айтқыңыз келгенін түсіндім. Осыдан бірнеше жыл бұрын шығармашылығымды шыңдай түсу үшін алдыма мақсат қойып, он жыл қатарынан Тараз қаласында жеке концертімді өткіздім. Ал соңғы рет Алматы қаласындағы Республика сарайында елімізге белгілі өнер азаматтарының қатысуымен шығармашылық кешімді бердім. Одан кейінгі жылдарда шығармашылығымда тоқырау болғаны рас. – Мүмкін жақсы шығармашылық орта болмай жүрген шығар... – Рас жақсы шығармашылық орта керек. Бұрынғы Жамбыл мәдени-ағарту училищесінде оқып жүргенде Ерболат Сейдахметов есімді ақын бауырыммен шығармашылық байланыста болдым. Бізден бір курс төмен оқыды. Алғашқы байланыс жасаған ақыным еді. Содан алғаш «Махаббат назы» атты өлеңіне ән жаздым. Кейін оқу бітіріп ауылға барып, туған жерім Талас ауданындағы Сейілбек ауылында клуб меңгерушісі болдым. Ауылда жүріп Тынышбай Рахымның, Сұлтан Қалиевтің өлеңдеріне ән жаздым. Бас-аяғы 20 ән. 1994 жылы Асылхан Сапаевпен танысып, кейін ұсынған шығармаларының ішінен «Не пайда?» өлеңіне ән жаздым. Жалпы өнердегі ұстаздарымның бірі-Асылхан Сапаев. Ал мектеп қабырғасында жүргенде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болған, ақын, сатирик Амангелді Ормантаев ағамыздың да тәрбиесін айтпай кетуге болмас. Домбыраға үйретіп, мандалинмен сүйемелдеп, ән айтқызып сахнаға шығарып жүрді. Сонымен қатар Жамбыл мәдени-ағарту училищесінде Көркемғали және Ұлбала Серімбетовтердің көп тағылымын алдым. Осы аталған ұстаздарымның арқасында өнердің қыр-сырына қанықтым. Сөйтіп араға алты жылға жуық уақыт салып, 1997 жылы Таразға келіп, кездейсоқ Серік Томановпен таныстым. Бес жыл сыйласып, ағалы-інілі болып араластық. Осы уақыт аралығында 5 өлеңіне ән жазыппын. Аты аталған азаматтармен шығармашылық байланыста жүріп дүниеге келген «Махаббат назы», «Не пайда?», «Сезімді қайтем тулаған?», «Соғады сен деп жүрегім», «Аузынан айдың түскен қыз», «Әкені аңсау» сынды әндеріміз ел арасында кеңінен таралды. Осы әндер арқылы есімім елге таныс бола бастады. Әсіресе Серік Томановпен достығымыз шығармашылығыма өте үлкен ықпалын тигізді. Осылайша азды-көпті танымалдылығымның арқасында ауылдан қалаға келдім. Әйтпесе біржола ауылда қалып та кетер ме едім? – Танымалдыққа ие болып, әндеріңіз алдыңыздан даңғыл жол ашып тұрғанда өнер ордасы Алматыға кетіп қалмағаныңызға қазір өкінбейсіз бе? – Әрине өкініш бар. Өзіңіз айтқандай, бар мүмкіндігім – әндерімнің кеңінен таралып, танымал болғаным еді. Әйтпесе Алматыдан немесе басқа қаладан арнайы шақырғандар болмады. Ешкім шақырмаса да кетіп қалуға болатын еді. Тәуекел жетпеді-ау. Талаптанып, талпыныс жасамадық. Дегенмен осы күніме де шүкір. «Ұлы адам ұлтарақтай жерде тұрып, жер шарына дауысын жеткізеді» деген екен Мұхамеджан Тазабеков бір айтысында. Өзіміз бармасақ та әніміз жетіп, қазақ даласын шарлап жүрсе, одан басқа қандай бақыт керек?!

«МӘДЕНИЕТ САЛАСЫН ЖАРТЫЛАЙ ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУ КЕРЕК»

– Естуімізше, Кеңес үкіметінің тұсында әрбір ауылда халық театрлары белсенді жұмыс істеп, талай таланттың тұсауын кескен. Өзіңіздің де өнер өлкесіндегі алғашқы қадамыңыз Ойық ауылындағы халық театрынан басталған екен... – Иә Ойық ауылында қазіргі Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының директоры Болат Бекжанов ағамыз бастап, ауыл өнерпаздарынан құралған театрдың атақ-даңқы дүркіреп шықты. Ауылдың талантты жастарының томағасын сыпырып, дарынын ұштауда театрдың қосқан үлесі қомақты. Ең бастысы біздің өнерге деген құштарлығымыз шексіз еді. Кезінде бір тиын шығындамай дамытқан өнерді қазір қыруар ақша төлеп дамыта алмай жатырмыз. Неге? Кезінде өнер азаматтары халық үшін еңбек етті. Ал қазір мәдениетіміз, өнеріміз белгілі бір азаматтарға ғана қызмет етіп жатыр. Қандай да бір концерт ұйымдастырып, оған белгілі бір басшы келетін болса сол кісіге ұнайтын ғана әндер шырқалады. Кейбір мерекелік концерттерге барыңызшы, көрермендер 5-10 минуттан кейін бір-біртіндеп шыға бастайды. Себебі ол көрермен өнерді бағалап, әншіні тыңдау үшін келген жоқ. Белгіленіп кету үшін ғана келеді. Өнеріміз қарапайым халыққа жұмыс істемейді. Бастысы басшыға ұнаса болғаны. Еркіндік беру керек секілді. Халықты жалықтырып алдық. Жалпы салаға серпін беріп, өнерімізді өрге сүйреу үшін қандай да бір өзгеріс жасайтын кез жеткен секілді. – Мәселен?.. – Өзіңіз де білесіз білім, денсаулық сақтау салалары әлдеқашан жекешеленіп кетті. Меніңше мәдениет саласын да жартылай жекешелендіру керек. Өнерге жаны ашитын азаматтарға бір жылға мүмкіндік беріп көру керек. Басшы өзінің атақ-абыройы, беделі үшін жұмыс істеп, жоқ-жітігін түгендеп, түйінді мәселелердің шешімін табуына оң ықпалын тигізер еді. Сапалы продюсерлік орталықтар ашылса, оларға концерт, мерекелік шаралар ұйымдастыруға мүмкіндік берілсе жөн болар еді. Сонымен қатар жеке өнер мектептерін ашудың да тиімділігі мол. Мәселен қазір елімізде Қарақат Әбілдинаның, Сәкен Майғазиевтің өнер мектептері жұмыс жасайды. Шәкірттері түрлі байқауларда топ жарып жүр. Тараз қаласында да Қарақаттың мектебі бар. Шәкірттерінің жеткен жетістігі ауыз толтырып айтарлықтай. Өздері үшін жанын салып жұмыс жасап жатыр. Осы бағыттағы жұмыстарды да жандандыру қажет. Өз басым тығырықтан шығатын басқа жол көріп тұрған жоқпын. Одан кейінгі тағы бір маңызды мәселе – бұрынғы Жамбыл мәдени-ағарту училищесін қайта ашатын кез келді. Қара шаңырақтың қазаққа танытқан шәкірттерін санап тауыса алмаймын. Бүгінде қазақ мәдениетінің бір-бір кетігіне кірпіш болып қаланған тұлғаларды тәрбиелеп шығарды. Ал қазір білікті мамандарды сырттан алдыруға мәжбүрміз. Қарапайым ғана мысал айтайын, жақсы концерт қою үшін дыбыс қоюшыны, режиссерді Алматыдан, Нұр-Сұлтаннан алдырып жатамыз. Кім тегін келсін? Миллиондап қаржы төленеді. Неге білікті мамандарды өзімізде дайындап шықпаймыз. Егер училище қайта ашылса қазіргідей ешкімге жаутаңдамас едік. Білікті мамандардың тапшылығы қатты сезілуде. Мүмкін училищені қайта ашу оңай шаруа емес шығар. Қазіргі кезеңде заң тұрғысынан келгенде көптеген қиындықтар да болар. Дегенмен егер облысымыздың өнеріне шын жанымыз ашыса қиындықты айналып өтетін бір жолды табу керек. Осы ретте көкейде жүрген тағы бір маңызды мәселеге тоқтала кеткенді жөн көріп отырмын. Ресейде жұлдыздарды дайындайтын орта бар. Барлық әнші сол ортадан тәрбиеленіп шығады. Ең бастысы әнші мейлі әлемдік деңгейге дейін өссін, бірақ ешқашан әлгі ортадан алыстап кетпейді. Және өздігінше әрекет етпейді. Сол ортаның көшбасшылары әншінің бес, он жылдық шығармашылығын алдын ала жоспарлап қояды. Әрине біздің әншілеріміз де үлкен ортадамыз деп ойлайды. Бір-бірімен жақсы араласады. Жеме-жемге келгенде әркім жеке пайдасын ойлап, «біреуі көлге, екіншісі көкке» тартып жатады. Әншілердің өзімен жұмыс істеп жатқан адам жоқ. Шарықтап барып жерге құлаған әнші көп. Небір сұмдықты көзіміз көріп жатыр. Концерт үстінде әкесіндей адамға тіл тигізіп жатқандары да болды. Ол бола береді. Себебі жүгенсізді жөнге, тентекті тезге салып отыратын орта жоқ. Егер орта болса талай тірлік оңалар еді. Көркемдік кеңестің де жұмысын қайта жандандыратын уақыт келді. Кеңес үкіметінің кезінде қандай еді. Әндер қалай електен өтетін еді. Кез келген ән эфирге жіберілмейтін, сахнада орындалмайтын еді ғой. Әбден сүзгіден өткізіп барып ұсынушы еді. Көркемдік кеңестің жоқтығынан қазір кері кетіп бара жатырмыз. Кеңестің жұмысы тоқтағаннан кейін ең алғаш рет көше әндері шыға бастады. Сөйтіп бірте-бірте сахнамыздан сән кетіп, көк жәшікке көрінген әнші шығып, көкитін болды. Міне өзгерту қажет, баса көңіл бөлетін мәселелер.

«ДОМБЫРА ҰСТАЙТЫН ЖАСТАР ЖОҚ»

– Рас-өтірігін кім білсін, төрт жасында-ақ танылған, кейін әлемге әйгілі болған композитор Моцарт 2-3 жасында құлағым шулай береді деп жылайды екен. Бір тылсым құдірет сәби Моцартқа алдын ала сездіріп тұрғандай. Осындай тылсымға сенесіз бе? – Кез келген адам депутат, әкім, басшы бола алады. Бірақ кез келгені өнер адамы бола алмайды. Өнер – адамға Алланың берген сыйы. Қазіргі сазгерлер қалай жазып жатқанын білмеймін. Өзім ешқашан жоспармен қолыма домбырамды алып немесе фортепионаға отырып ән жазған емеспін. Көңіл күйге байланысты әуен өзі келеді. Мүмкін екі айда, мүмкін бір жылда келуі мүмкін. Сол әуенді ары қарай дамыту өзіңнің шаруаң. Басынан аяғына дейін құйып бермейді. Қазіргі сазгерлердің көбі құрап жазады. – Ұзақ жылдардан бері Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде қызмет етіп, тікелей жастармен жұмыс атқарып келесіз. Жалпы қазіргі жастардың өнерге талпынысы қалай? – Шынымды айтсам, жастарымыз шығармашылыққа мүлдем жоқ. Осыдан 5-10 жыл бұрын бірінші курсқа кемі 400 студент қабылданса, соның 100-і ән айтатын едік деп келетін. Сол 100-дің арасынан іріктеп алатынбыз. Ал қазір 10 студент таппайсыз. Сенесіз бе, домбырамен ән айтатын жастар жоқ. Міне жастардың талпынысы. Әрине айта берсе сөз де, мәселе де көп. Мен айтқан мәселелер дәл бүгін ғана көтеріліп отырған жоқ. Осы уақытқа дейін де талай мәрте айтылып, жазылды. Үлкен мінбелерде де көтеріліп жатыр. Сонда да мәселелер өзекті күйінде қалып отырған болар. Бірақ күндердің күнінде бәрі өзгереді. Уақыт келеді. Бұл кезеңнен де өтеміз. Жуырда Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар мәдениет мәселелеріне қатысты заңнамалық түзетулерді мақұлдады. Сонда Мәжіліс төрағасы Нұрлан Зайроллаұлы: «Қисық арба жол бұзады», деп қазақ халқымыз айтқандай, өнер әрқашанда таза болу керек. Әнді жанды дауыста айтқаны дұрыс. Ал фонограмма болса оны алдын ала ескерту қажет. Және билеттің бағасы да соған сәйкес болу керек. Одан кейін, халық өзі шешеді, ол концертке бара ма, бармай ма? Әрине концерт жанды дауыста болса, әншіге халықтың бағасы да, құрметі де жоғары болады», деді. Міне үлкен өзгерістің бастауы. Маңызды қадамдар жасалуда. Ләйім, жемісті болғай! Өнеріміз өркендей берсін! – Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан Талғат НҰРХАНОВ

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар