сенбі, 23 қараша, 2024 0:42

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Мың жасаған шаhардың «сиқырлы асықтары»

Мың жасаған шаhардың «сиқырлы асықтары»
ашық дереккөзі
Мың жасаған шаhардың «сиқырлы асықтары»

Бүгінде тарихи-этнографиялық зерттеулерде асықпен байланысты мәліметтер аса көп емес. Ғаламтор бетінде асық жайлы деректер кездескенімен, көбі бір-бірін қайталаудан ары бармайды. Осы мәселенің орнын толтыру үшін кешенді тарихи, археологиялық, этнографиялық, палеозоологиялық зерттеу нәтижелерін ғылыми айналымға енгізіп қана қоймай, түрлі ақпарат көздері арқылы халықты хабардар етіп отыру қажет.

Археологиялық зерттеулерден байқағанымыз, асықтарды белгілі бір салт-дәстүрмен және ойын түрімен байланыстырған. Бірақ археологияның трасологиялық әдістері негізінде жүргізілген зерттеулер асықтарды тері илеу, қыш ыдыстардың сыртын тегістеу ісінде де пайдаланғанын көрсетіп отыр. Осы жөнінде белгілі ресейлік трасолог, тарих ғылымдарының кандидаты И.Горащук асықтарды терінің белгілі бір бөлігін беткі шелінен тазарту ісінде жиі қолданғанын айтады. Ежелгі Тараз қалашығына 2011-2017 жылдары жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде, сүйектен жасалған бұйымдар көптеп кездесті. Қазба жұмыстары кезінде көптеген асықтар, мал сүйектері табылды. Асықты көне замандарға тән жерлеу орындарында, бөлмедегі ошақтың жанынан табылуы және асықтардың түрлі қырынан тесілген және боялған немесе бетінде әрқилы сызықты белгілердің болуы, сонымен қатар жерленген адамның жас ерекшеліктері және т.б. белгілеріне байланысты ғұрыптық мақсатта пайдаланған. Сонымен бірге асықтарды өңделуі, егелуі, тесілуі және боялуына (көбіне ортағасырларда) байланысты және асықтың түрлері мен пішіндеріне байланысты көне заманға тән ойын түрлеріне пайдаланғаны көрініп тұр. Асықтарды пайдалану ерекшеліктеріне қатысты жоғарыда аталған пікірлерді біз, Л.Макарова, Ұ.Үмітқалиев, А.Нұржанов, З.Ибадуллина, Б.Сиражева және тағы басқа белгілі отандық және шетелдік археолог, этнограф, палеозоолог және трасолог ғалымдардың еңбектерінен кездестіре аламыз. Асық ойындарының ондаған түрі бар. Бірақ археологиялық зерттеулерге назар аударатын болсақ, көбіне бірнеше ойынның ғана дамығанын байқауға болады. Әрине дәл сол кезеңде асықпен байланысты ойындардың қалай аталғанын айту қиын. Дегенмен біздің ойымызша алыстан атып ойнайтын «омпа», «иірмешілік», «үштабан» секілді ойын түрлері дамыған секілді. Әсіресе жоғарыда аталған тесігі бар, егелген және қорғасынмен ауырлатылған асықтар ортағасырлық қалалардан жиі табылады. Ал ерте кезеңдерде (қола, темір дәуірлері) асықтар көбіне «мұрындықталып» тесілген, боялған секілді белгілермен кездеседі. Сонымен бірге ХІХ ғасырда қазақ жеріне жүргізілген зерттеулер халқымыздың дәстүрлі спорт ойындарымен қатар, балалар арасында асық ойындарының кең таралғанын көрсетіп отыр. Кеңестік кезеңде өкінішке қарай «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар...» деген қате түсінікпен ұлттық ойынның дамуына көп көңіл бөлінбеді. Тәуелсіздіктен кейін асық ойыны біршама дамып, жетілгенін біздің бала күнгі ойындарымыз дәлелдей түседі. Бірақ соңғы он жыл көлемінде технологияның дамуы бұл жағдайды кейінге ысырып, қазақтың дәстүрлі ойындарының ұмыт болуына әкеліп соқты. Қазақтың қазақ болып қалуының бір жолы атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық құндылықтарымызды қайта жаңғырту, асықты бүгінгі жастардың ойын құралына айналдыруда. Меніңше дәстүрлі ойын түрлерін күнделікті өмірге терең енгізе алсақ жастардың қазақ мәдениетіне, ұлттық ерекшеліктеріне деген құрметі артары сөзсіз.

 

Айжан ЖАРЫЛҚАПОВА, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейінің тарихшысы

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар