Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп өткен ғасырдың басында-ақ өмір өлшемімен өшпес бағасын берді. Содан бергі уақыт бедерінде ақпарат айдынына сан мыңдаған газеттер мен басылымдар қосылып, билік пен бұқара арасында алтын көпірге айналды. Ал 2005 жылы 13 қазанда Жамбыл журналистикасы «Ар-Ай» атты жастар үнпарағымен толықты. Міне содан бері 15 жылдың белесі артта қалды. Басылымның ашылуына өлшеусіз үлес қосып, кейіннен жастар газетінің бас редакторы болған, бүгінде облыстық мәслихаттың депутаты Масат Берікпен айтулы мереке қарсаңында жүздесіп, өткен күннің өшпес іздерін еске түсіріп, бүгінгі журналистика тақырыбында әңгіме өрбіткен едік.
– Масат Әшімұлы, өзіңіздің бауыр еті балаңыздай болған «ARAI» газеті биыл 15 жылдың белесіне келіп отыр. Тарихқа шегініс жасап, газеттің алғашқы қадамын бір еске түсірсек. Басылымның қазығы қалай қағылды? – Тәуелсіздік жылдарының алғашқы таңдарында экономикаға басымдық беріліп, идеология сәл артта қалғаны жасырын емес. Сол кезде ауасыз кеңістік пайда болып, жастармен ешкімнің шаруасы болмай қалды. Яғни жастармен мақсатты жұмыстар жүргізілген жоқ. Содан 2003 жылы облыс әкімдігінің ішкі саясат департаменті құрылып, идеология мәселесіне ден қоя бастадық. Негізі о баста «Жастар үшін бір газет қажет-ау» деген ой жүрген. Себебі облыстық газеттерде жастар үшін орын болмады. Тоқсанына бір рет жастар беті жарық көрсе көрді, көрмесе ол да жоқ. Сонымен ішкі саясат департаменті құрылғаннан кейін осы мақсатқа жетуге мықтап кірістік. Ең әуелі облыс әкіміне айтып жүріп, еліміз бойынша алғашқылардың бірі болып әлеуметтік мемлекеттік тапсырысқа қол жеткіздік. Ол қаржыны бірнеше лотқа бөліп, бір бағытын жастар басылымына қарай бұрдық. Қаржының аздығынан мемлекеттік тапсырысты жеңіп алған үкіметтік емес ұйым бастапқыда жастар басылымын қабырға газеті үлгісінде шығарды. Алайда сол газеттің ішіне билік тынысын да, жастар мәселесін де сыйдырып, басшылыққа көрсеттік. Нәтижесінде сол кездегі облыс әкімі Бөрібай Жексембин өз рұқсатын беріп, газет ашуға қаулы шығарды. – Қаулы шыққаннан кейін қаржы, материалдық база, штат мәселесі сынды түйткілдердің түйінін қалай тарқаттыңыздар? – Қаулы шыққанымен қаржы бөлуде қиындықтар туды. Шенділер арасында «ақшаны желге шашу» деген сынды бұра тартулар болды. Алайда облыс әкіміне кіріп жүріп, бұл қиындықтарды да еңсердік. Ендігі мәселе газеттің басшысын тағайындау. Ол кезде өз-өзін ұсынып, таласқа түскен журналистердің легі қалың болды. Алайда біз таңдауды облыстық «Ақ жол» (қазіргі «Aq jol») газетінде жұмыс істеп жүрген Болат Бекжановқа жасадық. Штат саны аз болғандықтан тілшілердің де ең мықты, талантты дегендерін қабылдауға тырыстық. Енді осы редакцияны отырғызатын орын керек болды. Оны да қаланы шарлап жүріп, Әйтеке би көшесінің бойынан таптық. Ол нысанды алу үшін сол кезде құрылған жастар орталығын да сонда көшіріп, бар әрекетін жасадық. Алайда ғимараттың төбесінен суы ағып, көптеген құрылыс жұмыстарын қажет етіп тұрды. Әйтеуір, бұл мәселенің де шешімі табылды. Содан күн сайын Болат Бекжанов газеттің жобасын жасап, жұмысқа әкелетін болды. Түнімен отырып, әр мақаланы зерделеп, қайсысын қалай салатынымызды, оның дизайны сынды дүниелердің бәрін талқылап жүрдік. Сонымен газеттің алғашқы санына облыс әкімі Бөрібай Жексембиннің құттықтауын салып, жастар үнпарағы оқырманға жол тартты. Осылайша жастар газеті қыруар жұмыс пен маңдай термен дүниеге келді. Сол жылдан бері «ARAI» газеті талай жас журналисті республикалық деңгейде танытып, үлкен өмірге түлетіп ұшырды. Олардың қатарында Өркен Кенжебек, Ерлан Жүніс, Азамат Есалы, Хамит Есаман, Нұрболат Әлдибеков сынды қазіргі таңда республикалық басылымдарда жүрген жастар бар. Осы тұста бір айта кетерлігі біз 2005 жылы «Ар-Ай»-ды ашқанда республикада ондай жастар газеті болмаған. Қазір де мұндай басылымдар некен-саяқ. Бұның барлығы менің ғана еңбегім демеймін. Бастама көтердік, қолдау тауып, жаңа басылым дүниеге келді. Бүгінде жастар үні өз биігінен табылып, ақпарат кеңістігінде өз орнын ойып тұрып алғанына қуанамын. – Өмір ағымымен 2017-2018 жылдар аралығында «ARAI» жастар газетін өзіңіз де басқардыңыз. Айтыңызшы, сол жылдардан қандай естеліктер қалды? – Әр нәрсенің бір себеп-салдары болады ғой. Өзім кезінде қазығын қаққан басылымды басқару мен үшін ерекше сәттермен есте қалды. Әсіресе газет шығатын күні бүкіл ұжым болып, әрбір мақаланың қатесін тексеріп шығатынымыз көз алдымда. Бұл ең бірінші жауапкершілік жүгі. Оқырман үшін сапалы дүние ұсынуға тырыстық. Алайда көп нәрсені орындай алмай қалдым. Жоспар аз емес еді, бірақ қаржылық мәселе қолбайлау болды. Десе де ең бірінші газеттің қатесіз шығуына басымдық бердік. Кезінде газетті басқарған редакторларға қате мәселесіне қатысты көптеген ескертулер жасайтынмын. Осы күн өзіме келгеннен кейін қатесіз газет шығаруға барымды салдым. Бір сөзбен айтқанда газетте бас редакторлық еткен жылдардың қиындығы мен қызығы қатар жүрді. – Биыл «ARAI» газеті «Aulieata-Media» холдингіне, бір шаңырақ астына бірікті. Газеттің ендігі болашағынан не күтесіз? – Бұл енді заман талабына қарай туындаған шешім. Холдинг құру, басылымдарды оңтайландыру әу баста республиканың батыс өңірінен басталды. Бір кездері Ақтөбе облысын басқарған Аслан Мусин холдинг құрып, оны кейін Атырау облысына әкелді. Енді міне осы оңтайландыру Жамбыл жеріне де жетіп отыр. Қазір көптеген адамдар болашақта интернет басылымдар газет-журналдардың орнын алмастыратындығын айтып жүр. Алайда АҚШ сынды алып мемлекеттерге қарасаң онда осы күнге дейін газеттер жарық көріп жатыр. Сондықтан газет жоғалып кетеді дегеннен қорықпау керек. Тек оны заман ағымына қарай жаңартып отыру қажет. Қытай мемлекетіне іссапармен барғанымда бір көшеге толықтай баспасөз өнімдері қойылғанын көрдім. Ол жерден АҚШ, Франция сынды кез келген мемлекеттің газет-журналдарын табуға болады. Міне Қытай мемлекеті қағаз үлгісіндегі басылымдарға осындай көзқараспен қарап отырғанда газет өміршең болатындығы хақ. Алайда алдағы 50 жылдың бедерінде мемлекеттік тапсырыс жоғалып кетуі мүмкін. Бүгінгі басылымдар осыған қазірден дайындалғаны жөн. Холдингке бірігудің бір саясаты да осы болар. Қай заманда болмасын бізге мемлекеттік саясатты жүргізетін газет-журнал қажет. Ондай басылымдар өзге мемлекеттерде де бар. Десе де бұл ақпараттың сан алуандығы жоғалады деген сөз емес. Әр газет өз бағытында жұмысын жалғастыра береді.
– Мемлекеттік тапсырыс туралы айтып қалдыңыз, осы конкурсқа өзге өңірдің басылымдары түсіп, танып-білмейтін аймақтың лотын жеңіп алу мәселесіне қалай тоқтам жасауға болады? – Бұның бірден-бір жолы «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңға өзгеріс енгізу керек. Одан басқа жолы жоқ. Мен «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болып жүргенде мұндай сұмдық пен қулықтың талайын көргенмін. Сонау Атыраудағы компания облыстың жолын жөндеу тендерін ұтып алып, оны Алматы қаласындағы құрылыс компаниясына субмердігерлікке беріп қойған. Бұдан енді жол құрылысы қалай оңады? Бұл газеттердің мемлекеттік тапсырысына қатысты да айтылатын дүние. Егер сенің лотыңды басқа облыстағы басылым ұтып алып жатса, ол күнделікті осы өңірде жүрмегендіктен әр жерден ақпаратты құрастырып, мемлекет саясатының тас-талқанын шығарады. Егер сол лотты жергілікті басылымдарға берсең, ар-ұят үшін өз жұмысын абыройлы атқарады. Сондықтан бұл мәселеге қоғамдық пікір тудырып, заңға өзгеріс енгізу қажет.
– Бүгінде «Халықтың үнін еститін мемлекет» құрамыз деп ашықтық принципіне жол аштық. Алайда осы ашықтықты әркім әрқалай түсініп, әлеуметтік желілерде түрлі жазбалар көбейіп кетті. Айтыңызшы, бұл қаншалықты дұрыс деп ойлайсыз? – Әрбір мемлекеттің даму кезеңінде мұндай дүние болып тұрады. АҚШ сынды алпауыт мемлекеттер бұл кезеңнен өтіп кеткен. Бізде де уақыты келгенде тоқтайды. Қоғам үшін қажеттілігі болмай қалады. Алайда ол кезеңге дейін мұндай дүниелердің айтылғаны жөн. Әркім әрқалай жеткізгенімен түпкі мақсаты – жергілікті билік пен Үкіметке естірту. Соның есесінен тұрғындардың көкейінде жүрген мәселелер шешіліп жатса, бұл үлкен олжа. Философияда қажеттілік пен кездейсоқтық деген түсінік бар. Қарапайым тілмен айтсақ, бір үйдің шатырының бұрышында бір кірпіш шығып тұрса, түрлі табиғи әсерлердің салдарынан ол бір күні құлауы мүмкін. Яғни кірпіштің құлауы қажеттілік болып тұр. Ал сол кірпіш үйдің маңында кетіп бара жатқан адамның басына түссе, ол – кездейсоқтық. Бұдан түйер ой – ашықтық принципі заман талабынан туындап отырған қажеттілік. Одан түрлі кем-кетіктеріміз түзелуі мүмкін. Десе де соңы халық өз-өзін сабырға шақырып, тынышталады. – Қазіргі таңда оқырманды не қызықтырады деп ойлайсыз? – Ішкі саясатта жүрген кезімізде әлеуметтік зерттеу деген дүниені мықтап қолға алғанбыз. Сол кезде бұл бастамамызға облыс әкімі Бөрібай Жексембин қолдау білдіріп, жан-жақты демеуін жасады. Қазір бізге осы әлеуметтік зерттеуді тереңдетіп, халыққа қажетті дүниені ұсынуымыз қажет. Қажет болса үкіметтік емес ұйымдарды жұмылдырып, бірлесе жұмыс жүргізген жөн. Әрдайым билікті ғана сөйлете бермей, халықтың да сөзіне құлақ асқан абзал. Газет кімге керек, ең бірінші халыққа. Егер халықтың көңілінен шығатын дүние айтпасаң, ол жазбаңның құны болмайды. Біржақты сынай бергеннен де түк шықпайды. Сын мен мінді тізе берсең, бұқара одан да жалығады. Сол себепті бір мезет халықтың үнін тыңдап, түрлі мәселелерді халықтың аузымен айтқызған жөн. Ал жастар газеті жастарға басымдық беріп, олардың пікірін, ойын беріп тұрса деймін. Одан бөлек, газеттерге танымдық, рухани, діни, ұрпақ тәрбиесі хақында көп жазатын болсақ, ұлт үшін үлкен іс қылар едік. Сондай-ақ бүгінде тарихтың жаңа беттері жазылып жатыр. Міне осыны ақиқатпен ұштастырып, көпшілікке жеткізгеніміз жөн. – Газетіміздің 15 жылдық белесіне қандай тілек тілер едіңіз? – Әркім өз баласы тәрбиелі, иманды болғанын қалайды ғой. Сол сияқты мен де басылымның болашағы баянды, ғұмыры ұзақ болғанын тілеймін. Журналистердің ізденісі артып, жазары көбейсін. Басқа басылымдар көтермеген тақырыптарды қаузаса игі. Он бес жылдық белес құтты болсын! «ARAI»-ым әрдайым абырой биігінде болсын! – Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Саян ТІЛЕУЖАН
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз