Сұхбат
Мұхтар Өнерхан: Түркияға келіп емделетін қазақстандықтар көбейіп барады
- авторjambylinfo.kz
- 18 қараша, 2020
- 267
Мұхтар Өнерхан: Түркияға келіп емделетін қазақстандықтар көбейіп барады
Мұхтар Түркияға Моңғолиядан барған. Онда жүргеніне оншақты жылдың жүзі болған қандасымыз Түркиядағы медициналық мүмкіндіктер, ағза трансплантациясы және елімізден Түркияға барған жерлестеріміздің немен айналысатыны жайлы айтып берді.
- Бүгінде Түркияға қоныс аударушылар қарасы көбейді. Әсіресе Қазақстан азаматтарының саны басым. Ел неге Түркияға ағыла бастады?
- Иә, соңғы бірер жылда Түрік жерінде жүрген жерлестерімізді көптеп кездестіруге болады. Мұндағы 1-2 ауданда дені қазақтар тұрады. Біраз уақыт бұрын жақсы табыс табу үшін, жұмыс үшін Қазақстан азаматтары АҚШ-қа, Оңтүстік Кореяға баруды армандайтын. Иә, армандайтын. Себебі ол жақтарға барудың өзі оңай еместін. Жалпы дамыған елдің бір көрінісі мигранттар ғой.
- Демек Түркияны алпауыт елдердің біріне айналды деп толық айтуға болады ғой?
- Әрине, 83 миллион халқы бар елде жан басына шаққандағы ЖІӨ 9693 долларды құрайды. Бұл әлемдегі экономикасы қарқынды дамып келе жатқан демокаратиялық 20 елдің бірі.
Соңғы 15 жылда Түркия туризм, денсаулық сақтау, білім беру және жеңіл өнеркәсіп салалары бойынша әлемдегі озық елдердің біріне айналды.
2019 жылдан бері ел бюджетінің жалпы кірісі 165 миллиард долларға жетті. Бюджеттің ең үлкен үлесі – 20 миллиард АҚШ долларын Білім министрлігіне, 17,6 миллиард долларды Еңбек және әлеуметтік қамсыздандыру министрлігіне, ал 8,5 миллиард долларды – Денсаулық сақтау министрлігіне бөлген. Елдің қорғаныс саласына да 7,9 миллиард долларды жұмсапты. Яғни елдің қорғанысынан, халықтың денсаулығы мен тұрмыстық жағдайынан бұрын білімге деген мемлекеттің ұстанымы нәтижесінде Түрік елі тез арада дамып барады.
Туризм бағыты бойынша да Түркия әлемдегі жетекші елдердің біріне айналып үлгерді. 2018 жылы Түркия 46,1 миллион келушіні қабылдап, соның нәтижесінде 29,5 миллиард доллар пайда тауып, әлем бойынша туризм саласынан көшбасшыға айналды. Осы салаға жауапты министрдің айтуына қарағанда Түркия 2023 жылы 70 миллион турист қабылдауды мақсат етіп отыр.
- Туризм демекші, Түркияға саяхаттаушылардан бөлек ем іздеп баратындар да баршылық екен. Әдетте біздің халық Германия, Жапония, Корея медицинасына сенім артушы еді.
- Иә, елдегі туризм саласының дамуына медициналық-туризмнің де үлес қосып жатқаны жасырын еме. Бұның өзіндік бірнеше себебі де бар.
Біріншіден, ел үкіметі денсаулық сақтау саласына ерекше назар аударып, арнайы мемлекеттік саясат құрды. Жеке ауруханаларды қолдау және ашу арқылы сапалы қызметтерге бәсекелестік тудырды. Сонымен қатар медициналық білім беру сапасын күшейту, дәрігерлерге деген сұранысты арттыру және жоғары жалақыға жағдай жасай отырып, кешенді шараларды жүзеге асыра білгендігі – алдымен өз халқының денсаулығы үшін батысқа баруын тоқтатты. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласын сапалы және экономикалық жағынан тиімді етті. Осылайша медициналық туризмнің қалыптасуы қалпына келе бастады. Қазіргі таңда 876 мемлекеттік аурухана, 69 университет жанындағы емдеу ошақтары мен 565 жеке меншік ауруханалар бар.
Оның ішінде 61 аурухана JCI аккредитациясының әлемдік көшбасшылары қатарында. Бұл дегеніміз медициналық қызметтің сапасын арттыруды қалайтын мекемелер үшін «алтын стандарт» екенін айта кеткен орынды. Бұл салада Joint Commission International әлемдегі ең ірі және ертеден келе жатқан халықаралық ұйым екенін білесіз.
Дәл бүгінгі таңда барлық қызмет түрін көрсететін жаңа типтегі денсаулық сақтау жүйесі – 20 қалалық аурухана салынып, 10-ы пайдалануға дайын тұр.
Жуырда ғана Түркияның Анкара қаласында 3 810 орынды Еуропадағы ең үлкен және әлемде үшінші аурухана – Анкара қалалық ауруханасы ашылды. Жалпы мұнда 100 медициналық университет бар, оның 73-і мемлекеттік, 27-сі жеке меншік. Елде ресми лицензиясы бар 145 мыңнан астам дәрігер бар. Еуропа елдерінде де лицензиясы бар түрік дәрігерлері танымал әрі келушілер сенімінен шыққан деуге болады. «Денсаулық сақтауды басқарудың үздік магистрлері» таңдаған әлемдегі ең талантты 20 хирургтың тізіміне түріктің екі танымал хирургі кіреді. Жоғарыдағы сұрағыңызға нақты жауап – Түркия әлемде тек «денсаулық туризмі» бойынша үшінші орында.
- Әңгімеңізге қарағанда, Түркияның денсаулық сақтау саласын толық зерттеп тастағаныңыз көрініп тұр. Мұның бәрі оқырмандарымыз үшін дәлелдер мен дәйектер ғой. Ал біздің ел үшін, яғни Қазақстан азаматтары үшін қандай тиімділіктер бар?
- Түркия – дамудың өте жоғары деңгейін өте қысқа мерзімде көрсетті. Мәселен Түркияға емделуге келген шетелдіктердің саны 2009 жылы 75000-нан 2017 жылы 765000-ға дейін өсті. Ал сол жылы медициналық туризм кірісі 7 миллиард доллардан асқан. Түркияның Денсаулық сақтау министрлігі 2023 жылға қарай туризмнен түсетін кірісті 30 миллиард долларға дейін арттыруды көздеп отыр. Елдің медициналық секторы әлемдегі 180 елден пациенттерді халықаралық танылған стандарттарға сәйкес қабылдайды. Ондай мүмкіндіктер қазақстандықтар үшін де жасалған. Визасыз саяхат пен Түркияға тікелей рейстер біздің елде де жолға қойылған.
Жоғарыда айтып кеткенімдей, жерлестеріміз Қытай, Корея, Жапония, тіпті АҚШ сияқты елдерге емделуге жүгінеді. Алайда бұл елдерде саяхат және денсаулық сақтау қызметтері салыстырмалы түрде қымбатқа түседі. Түркияны таңдағандар емделу кезінде қаржысын 50-75%-ға дейін үнемдей алады.
- Қазақстан азаматтары көбінде қандай медициналық қызметтерге жүгінеді?
- Әрине, халқымыз «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» дейді. Халқымыз солай деп отырса да, ауруы асқынған соң ғана қозғалатын ұлтпыз ғой. Түркияға жанына шипа іздеп келетін жандар түрлі сырқатпен келеді. Ағзаны трансплантациялау хирургиясы көш бастап тұр деуге болады. Әсіресе, бауыр ауыстыру, бүйрек ауыстыру, жілік майын ауыстыру көп. Одан кейінгі орында робот-хирургия, онкология, балалар аурулары, туа біткен және жүре пайда болған жүрек ауруларын диагностикалау және емдеу, ортопедия, кардиология, нейрохирургия, урология, гинекология, гастроэнтерология, тұқым қуалайтын аурулар, шашты трансплантациялау, көз (әлемдегі ең үлкен көз клиникаларының желісі Стамбулда), жарақат және косметологиялық хирургия, ауыз қуысы және стоматологиялық салалар халықаралық сапа деңгейінде. Кейбір елде медициналық сақтандыру арқылы төленбейтін косметикалық хирургия, шашты трансплантациялау, стоматологиялық және семіздікке қарсы емдер Түркияда сәтті жүзеге асырылады. Осының бәрі халықаралық деңгейде мойындалған. Және бұл медициналық қызметтерді Қазақстан азаматтары тұрақты тұтынады.
- Бұл медициналық қызмет түрлері елімізде де бар ғой. Сырқаттар оны пайдаланбай ма?
- Иә, медициналық қызметтің бұл түрлері Қазақстанда да бар. Оны жоққа шығаруға болмайды. Бірақ, бұл жерде мәселе Түркиядағы медициналық туризмнің дамуы басты артықшылық деп ойлаймын. Себебі бір елдегі бір азамат өз елінде дұрыс анализін, дұрыс диагнозын шығара алмай немесе сол өз елінде істеліп жатқан ем-домы дұрыс болмай, жақсы нәтижеге жете алмаса, болмаса кейбір адам болады, өте жоғары деңгейде медициналық қызмет көрсетілетін елді, аурухананы таңдайды. Сол үшін де бір елден бір елге тек медициналық қызмет көрсетудің сапасына бола баратындар болады. Ал бұл – медициналық туризм деп аталады. Бұл қазір әлемде жақсы дамып келе жатқан сала. Қазақстанда да медициналық туризм бар, бірақ ол әлі қалыптасып, елге пайда әкелетін деңгейге жете қойған жоқ. Ал медициналық туризмнің Түркияға қанша пайда әкеп жатқанын жоғарыда айттым.
Ал жоғарыда айтқан медициналық қызметтің барлық түрі Қазақстанда бола тұрып, олардың Түркияны таңдауының бірінші себебі – емделушінің өз еркі, қайда барып емделем десе де өзі біледі. Екінші – сырқат деңгейіне де қарайды. Әрине, науқас болған соң ең сапалы, ең сенімді деген ауруханаларға барғысы келетіні анық.
- Әңгімеңізге рахмет!
baq.kz
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз