сенбі, 23 қараша, 2024 9:02

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Сұрағы жоқ сұхбат. Саша Барон Коэн

Сұрағы жоқ сұхбат. Саша Барон Коэн
ашық дереккөзі
Сұрағы жоқ сұхбат. Саша Барон Коэн

Саша Барон Коэн (1971, Ұлыбритания) - ағылшын комигі, актер, режиссер, продюсер.

Қазақстанды мазақтамаймын. Менің қиялымнан туған осындай гротеск мемлекет шын өмірде бар деп түсінетін адамдарды мазақтаймын. Өмірдегі ең қиналған жерім – кейіпкердің образынан шықпай бес күн бойы өмір сүргенім. Борат болып оянып, Борат болып таңғы ас ішіп, түстеніп, кешкі тамаққа отырып, ұйқыға жатып жүрдім. Мені әлі күнге сотқа бермеген әр америкалыққа алғыс айтамын. Алладин (“Диктатор” фильмінің бас кейіпкері – ред.) атаулының бәрі күлкілі, ебедейсіз көрінеді. Бақытымызға орай, олардың көбі биліктен кетті. Біреулер енді келіп жатыр. Қарапайым біз секілді адамдар не істей алады? Оларға қарап тек күле алады. Бәлкім, бұл диктаторлардың билігі мен беделіне белгілі бір дәрежеде нұқсан келтірер. 2005 жылы Борат секілді  мизогин (әйелдерді жек көретін адам – ред.), нәсілшіл, антисемит (еврейлерге жаулық ниеттегі адам – ред.) кейіпкер керек болды. Адамдарға олардың ішінде жасырынып жатқан соқыр, жалған сенімге назар аударуға көмектесу үшін. Қазір мұндай дүниелер құпия болудан қалды: расист өзінің расист екенін мақтан етеді. Бар болғаны елді күлдіртсем дедім, осылайша авторитар биліктің қаншалықты қатерлі бола алатынын көрсеткім келді. Адамдар бір-бірін, әсіресе балаларын жақсы көруге тиіс. Facebook, YouTube және Twitter айуани инстинкт оятып, ашу мен үрей тудыратын контентпен миллиардтаған адамды қамтып отыр. Бұрын еврей болып ойнаудан қашушы едім, себебі еврейлерге тән жаттанды бейнесі бар актерге айналғым келмеді. Голливудта менен басқа да еврей бар. Кличко жайлы хикаяны айтып берейін. “Борат” шығып қойған. Бірде мейрамханада отыр едік, біреу маған “Виталий Кличко әңгімелескісі келеді” деді. Үстелге жақындадым. Виталий қолымды ұстап алды. Жанында тағы үш боксшы бар екен. Әлем чемпионы болып тұрған кезі. Қолымды қысқанына қарап, жағдайдың шатақ екенін түсіндім. “Сен менің елімді қорладың. Қазақстанды қорладың. Мені қорладың” деді. Ондай ниетте болмағанымды айтып, қолымды босатып алуға тырыстым. “Жо-жоқ, кетпейсің, – деп жауап берді. – Сен мені қорладың. Кек алатын сәт туды!”. Әйелім жанымда еді. Бізді көріп, жақындап келді де, Виталийге “Сәлем, жанкүйерің едім, қолтаңба бересің бе?” деп өтірік алдады. Кличко маған “Бара бер” деді, бірақ қолымды екі минуттай жібермей ұстап тұрды. Қалай кетіп қалсам екен деп бас қатырдым. Өте әлсіз адаммын. Бокстан аса ауыр салмақтағы әлем чемпионымен қалай төбелесемін? Оның үстіне жанында одан дәу тағы үшеу отыр. Екі минуттан соң Виталий күліп жіберді. Әзілдегені екен. Әлем үшін күш қолданып күресуді хош көретіндердің қатарына кірмеймін. Кинодағы жобаларымның, ойнап жүрген кейіпкерлерімнің бәрі шын өмірде бар адамдарды көрсетеді. Ойдан шығарылған ештеңе жоқ, тек таза шындық. Қазақстан үкіметі шағым түсіреді деген үш ұйықтаса түсіме кірмес еді. Ойдан шығарылған, әсіреленген, қараңғы наным-сенім атаулының бәрі кездесетін мемлекет туралы айтып отырғанымды көрермен түсінеді деп сендім. “Үстінен сансыз арыз-шағым түскен жалғыз актер” деген атаумен Гиннестің рекордтар кітабына енген-ақ шығармын. Кинода жүрген уақыт ішінде үш мыңнан астам адам мені сотқа берген екен! Күлдіргі кейіпкердің бейнесіне еніп, біреудің көңілін көтеруге тырысу – үлкен жүк. Шаршатып жібереді. “Борат” шыққан соң 100 мың доллар өтеп беруді талап еткен шағым түсті. Жанында “Негізі, балам екеумізге киноңыз ұнаған еді. Кішкентайымыз үшін қолтаңба бермейсіз бе?” деп бір ауыз сөз бар екен. Шынымды айтсам, кейде Саша Барон Коэн тұлғасының қай жерде бітіп, Бораттың немесе Алладиннің қай жерде басталатынын өзім де түсіне бермеймін. Түсірілім кезінде 14 сағат бойы кейіпкер бейнесінен шықпай жүруге тура келеді. Күн соңында кімнің қайда екенін ажырата алмай қаласың. Бұқаралық ақпарат құралдарымен кейіпкер болып әңгімелескен әлдеқайда ыңғайлы. Себебі ойымдағы дүниені еркін айта аламын. Тіпті әдепке қайшы келіп тұрса да. Ата-анам мені шексіз жақсы көрді. Осындай махаббаттың арқасында ғана сені жек көретін топқа қарсы тұруға болады деп ойлаймын. Бораттың рөлінен шығу қиын тиді. Комедия кейіпкеріне айналсаңыз, ел сізге басқаша қарайды, басқа жауап талап етеді. Айналадағы өшпенділік пен зорлық-зомбылықты тарихтағы ең ұлы пропаганда машинасына айналған интернет-компаниялар тудырып отыр. Түркіменстанның президенті және диктаторы болған, қателеспесем бейсенбі мен “нан” деген сөздерге шешесінің құрметіне басқаша атау берген Түркіменбашы секілді күлкілі кейіпкелерді сіз де көрген шығарсыз. Дәрігер “темекіні қойыңыз” деп кеңес бергенде, ол бүкіл ел бойынша темекіге тыйым салды, себебі шылымды еске түсіретін ештеңе болмағанын қалапты. Өмірінде бірінші рет гольф ойнап тұрып, тоғыз рет hole-in-one (допты шұңқырға бір ұрғаннан түсіру, гольфта сирек кездеседі – ред.) жасадым деп күпінген Ким Чен Ирді де білеміз. Ер құшағын көрмеген отыз пәк қызды әдейі алпыстағы әйел секілді киіндіріп, күзетші ретінде ұстаған және BBC-ге сұхбат беріп отырып, жел шығарып қоятын полковник Каддафиді де білеміз. Жұрт танитын танымал адам болу ұнамайды. Сондықтан кейіпкерлерімнің  атын шығарып, культке айналдыруға, бірақ өмірде қарапайым, ерекше ештеңесі жоқ жан болып қала беруге  тырысып бағамын. Әйелдерді жете бағалай бермейміз. Көбі атысты, футболды ұнатады. Ал бейпіл әңгімені барлығы дерлік жақсы көреді деуге болады. Борат – адам жанын зерттеуге арналған құралым. Сұхбаттасымды алдаусыратып, сеніміне кіріп аламын да, артынан оның соқыр сенімдерін жайып саламын. Ешкім ешқашан ештеңе естімегендіктен ғана Қазақстанды таңдадым. baribar
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар