Енді тротуарлар мен жолдарға жарнама жазып кеткендерге айыппұл салынады
- авторjambylinfo.kz
- 11 қыркүйек, 2024
- 404
Тиісті норма бүгін Мәжілісте таныстырылған елорданы және республикалық маңызы бар қалаларды дамыту мәселелеріне арналған заң жобасы аясында ұсынылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбековтің айтуынша, сыртқы жарнаманы жолдар мен көшелерді бояу арқылы орналастыру қалалардың эстетикалық келбетіне теріс әсер етеді. Сондай-ақ, қаланың сыртқы келбетінің нашарлауына қоғамдық орындарда аудио жарнаманың кең таралуы себеп болып отыр. Қазіргі кезде аталған әрекеттер ереже бұзу әрекетіне жатпайды және заңнамада оған қарсы ешқандай әкімшілік шаралар көзделмеген.
«Қазір қаладағы тротуарға белгілі бір дүкеннің немесе басқа да өнімдердің жарнамасын баяумен жазып кететінін көріп жүрміз. Ал әкімдіктің коммуналдық қызметтері сол түрлі шимай жазу мен бояуларды өшіріп әлекке салынып жатады. Атап айтқанда, осының барлығы қаланың келбетін ұсқынсыз көрсетеді. Сонымен қатар, осы жазулар жолда жүріп келе жатқан адамның назарын аударып, қауіпсіздікке де әсер етеді. Сондықтан осындай әрекеттерге жол бермеуді қарастырып отырмыз. Қазір осының бәрі әкімшілік заң бұзу әрекетіне жатпайды. Бірақ осындай баяулар үшін жарнама туралы заңнама аясында айыппұл енгізуді ұсынып отырмыз», - деді Бауыржан Омарбеков Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Бұл ретте, «Жарнама туралы» Заңы аясында ашық кеңістікте аудио жарнаманы таратуға тыйым салу, сондай-ақ тротуарларда, веложолдарда, автожолдарда және көшелерде сыртқы жарнаманы орналастыруға тыйым салу ұсынылған.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз