дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 11:39

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Біттік, құрыдық»: Қазфосфат жергілікті әкімдікті не үшін «қорқытып» жүр

«Біттік, құрыдық»: Қазфосфат жергілікті әкімдікті не үшін «қорқытып» жүр
Сурет: jambylinfo.kz
Аталған өндіріс орнында қазір 7 мыңнан аса жұмысшы бар

Жамбыл облысының өнеркәсіп саласындағы жалпы өнімнің 40 пайызын өндіретін «Қазфосфат» ЖШС-ның әлеуеті төмендеп барады, деп хабарлайды jambylinfo.kz.

Кәсіпорынның технологиясы жылдан-жылға тозып жатыр. Модернизация жүргізу үшін қаржы керек. Өндіріс орнының басшылығы бұған қолдан келер қайранның болмай отырғанын алға тартады. Өйткені, минералды тыңайтқыштың бағасын өсіре алмайды. Дәл осындай бірқатар проблемалар сенаторлар қатысқан жиналыста айтылды. Парламент сенатының экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің депутаттары Жамбыл облысына өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселелері бойынша келген. 

«Қазфосфат» ЖШС бас директорының кеңесшісі Батырбек Құлекеевтің сөзінше, өндіріс орнының қазіргі басты проблемасы - қалдықтарды төгетін аумақты кеңейту. Фосфогипс деп аталатын қалдықтың қоры бүгінгі күні 28 гектар аумақта 17 миллион тоннадан асады.

«3 жылға 20 гектар жер сұраймыз. Біздің инвесторлардың қазіргі мақсаты - осы зауытты Жаңатасқа көшіру. Біз 3 миллион тоннаға дейін қалдық төгетін аумақты кеңейтуді көздеп отырмыз. Тараз еліміз бойынша лас 5 қаланың тізіміне кірмейді. Шыққан түтіннің тең жартысы бу»,- деді Батырбек Құлекеев.

Мәселенің шешілуі оңайға соқпайтын көрінеді. Себебі, жергілікті әкімдік жер бергенімен, оған рұқсат беруге экология министрлігі тоңтеріс. Талапқа сай болмағандықтан ұсынысын кері қайтарған. Сөйтсек, қала әкімдігі де бұл проблеманы шешуге аса ықыласты емес екен. 

«Қалдық төгетін аумақты кеңейту – мәселені түбегейлі шешпейді. Уақыт өте бұл мәселе тағы да пайда болады. Қазфосфат мәселенің уақытша шешімін іздеп отыр. Қазір Тараз қаласының аумағы кеңейіп жатыр. Біз осы аумақтан 5 шақырым жерде жаңа мөлтек аудан соғып жатырмыз. Санитарлық аймақ болғандықтан тұрғындардың денсаулығы бірінші орында»,- деді Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков. 

Сонымен қатар, қала әкімі «Қазфосфат» басшылығы аймақтағы салық түсімі мен жұмыс орнын беруші ретіндегі әлеуетін пайдаланып, қорқытқысы келіп отырғанын да айтып қалды. Өндіріс орнында күрмеулі мәселе көп. Мұның бәрін ескерген сенаторлар елордада проблеманы жан-жақты саралап, алдағы уақытта тиісті жеріне жеткізетіндіктерін атап өтті.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар