Этномедиация негіздері түсіндірілді
Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының мұрындық болуымен Тараз қаласындағы Достық үйінде «Этносаяси сауаттылық және этномедиация негіздері» тақырыбында екі күндік семинар-тренинг өтті. Іс-шараға Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстары жергілікті полиция органдары, прокуратура өкілдері мен ішкі саясат бөлімдерінің қызметкерлері қатысты.
Семинарда Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті төрағасының орынбасары Айбек Жақсыбаев, институт директоры Талғат Қалиев, сондай-ақ институттың жетекші сарапшылары сөз сөйлеп, тәртіп сақшылары, прокурорлар мен әкімдік өкілдерімен бірге этносаяси сауаттылықты арттыру мәселесі төңірегінде ой бөлісті. Тренинг кезінде ұлтаралық қатынастардың ерекшеліктері мен қақтығыстар туындаған жағдайда ақпаратты қалай беру қажет, ұлтаралық араздықты болдырмаудың жолдары қандай деген сұрақтар талқыланып, нақты кейстерге талдау жасалды.
Этносаяси сауаттылықты арттыру, этносаралық қатынастар саласының ерекшеліктерін және оқиғаның қате интерпретациясының салдары жан-жақты түсіндірілген басқосу барысында «Конфликтология және этномедиацияның негіздері», «Ақпараттық және медиалық сауаттылық. Ақпараттық кеңістіктегі этносаралық қатынастар», «Қазақстанның этностық топтары арасындағы өзара қарым-қатынастың әлеуметтік-психологиялық ерекшеліктері. Жанжалдың ақпараттық компоненті. Алауыздық тілі. Жанжалдың декларативті кезеңіндегі бейнормативті этнонимдері», «Қоғамдық риторика дағдылары» тақырыптарына арналған дәрістер топтамасы ұсынылды.
Семинар соңында қатысушыларға алған білімдері мен дағдыларын бекіту үшін Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының сарапшылары тәжірибелік сабақтар өткізіп, білікті мамандар құқық қорғау органдары мен ішкі саясат бөлімдерінің өкілдеріне этномедиация дағдыларын үйретуге бағытталған тренингтер ұйымдастырды. Институт мамандары мұндай семинарларды алдағы уақытта еліміздің басқа да өңірлерінде өткізуді жоспарлап отыр.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала