ХТУ ректоры жаңа оқу жылының басымдықтарын таныстырды
- авторБақытжан Бекболат
- 17 маусым, 2025
- 173

2025–2026 оқу жылына талапкерлерді қабылдау науқанына орай Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры, профессор Махметғали Сарыбеков Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында бұқаралық ақпарат құралдарына арналған баспасөз конференциясын өткізді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Университет ректоры өз сөзінде білім беру саласындағы жаңашылдықтар мен халықаралық тәжірибеге негізделген оқыту үрдісінің маңызын атап өтті. Бүгінде Халықаралық Тараз университеті 53 бакалавриат және 24 магистратура бағдарламасы бойынша мамандар дайындайды. Аталған бағдарламалар еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие және заманауи талаптарға сай жасақталған.
«Біздің басты мақсатымыз – бәсекеге қабілетті, кәсіби құзыретті, жаңашыл маман дайындау. Ол үшін барлық жағдай жасалған: ғылыми инфрақұрылым, профессорлық-оқытушылық құрам, халықаралық байланыс, академиялық ұтқырлық бағдарламалары», – деді ректор өз баяндамасында.
Баспасөз конференциясында журналистер тарапынан үлкен қызығушылық тудырған маңызды мәселелердің бірі – «ХТУ-дың 100 гранты» әлеуметтік жобасы болды. Аталған бастама аясында Жамбыл облысының дарынды, алғыр жастарына ақысыз білім алу мүмкіндігі ұсынылып отыр.
«Біз жастарға сенеміз және олардың әлеуметтік жағдайына қарамастан, қабілет-қарымына қарай білім алуға жол ашуға тырысамыз. Осы мақсатта 2022 жылдан бастап іске қосылған '100 грант' жобасы жүздеген студентке үміт сыйлады», – деді университет басшысы.