«Кәмелетке толмағандармен жұмыс»: Таразда полицейлерге арналған семинар-тренинг өтіп жатыр
- авторМағжан Орынбасар
- 12 наурыз, 2025
- 148

Таразда кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторларына арналған семинар-тренинг өтуде,- деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бүгін «Сенімен Болашақ» РҚБ Жамбыл облыстық филиалы, полиция департаменті және білім басқармасы жанынан құрылған психологиялық қолдау орталығы бірлесе ұйымдастырған семинар-тренингтің алғашқы үш күндігі аяқталып отыр. Осы уақыт ішінде кәсіби психолог-педагогтардан 35 тәртіп сақшысы эмоционалды қажуының алдын алу және психологиялық саулықты сақтау бойынша сабақ алды. Наурыздың 25-іне дейін жалғасатын семинарға облыстағы 140 полиция қызметкері қатысады деп жоспарлануда. «Сенімен Болашақ» РҚБ Жамбыл облыстық филиалының басшысы Дәурен Бағжановтың сөзінше, мұндай шара аймақта алғаш рет ұйымдастырылып отыр.
- Біз осы полиция қызметкерлеріне арналған үш күндік оқу бағдарламасын дайындадық. Оның әр күні әртүрлі тақырып қамтылды. Соның бірі – эмоционалды қажу. Бұл полиция, мұғалім, дәрігерлердің жұмыс атқару процесінде жиі кездеседі. Осыны біз семинардың бірінші күні кәсіби мамандармен талқыладық. Өйткені, бұл мамандық иелері көбіне түрлі адамдармен түрлі жағдайда тығыз байланыс орнатады. Осы уақытта көңіл-күйі бұзылып, жан-жағына зияны тиюі мүмкін. Біз мұндай мәселелердің алдын алу үшін оқу бағдарламамызды барынша пайдалы болатындай қылып қарастырдық,- деді «Сенімен Болашақ» РҚБ Жамбыл облыстық филиалының басшысы.
Семинарға қатысушылардың бірі - Тараз қаласы полиция басқармасының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлімшесінің бастығы Шакизат Юсупова. Ол сабақтарды зор ынтамен игеру арқылы қызмет атқару барысындағы түрлі психологиялық қиындықтардан шығу жолдары, отбасылық құндылықтар жөнінде құнды мәліметтер алғанын айтады.
- Соңғы үш жылдағы алғашқы қатысқан семинарым осы. Үш күн бойы психолог мамандардың тренингіне қатыстым. Практикалық сабақтар болды. Біз енді кәмелет жасына толмаған балалар және олардың ата-аналарымен тікелей жұмыс істегендіктен, осы бағытта білімімізді жетілдіре түскен артық болмайтынына көзім жетті. Өзім полицей емес, ана ретінде де отбасы құндылықтары жөнінде сабақ алған уақытым мен үшін пайдалы болды деп есептеймін. Тренингтерден тың ақпарат алып, көңілге көп дүниені түйдік,- деді Тараз қаласы полиция басқармасының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлімшесінің бастығы Шакизат Юсупова.
Жергілікті ювеналды полиция қызметінің аумақтық инспекторларына жалпы үш күн ішінде «Эмоционалды қажу», «Ата-аналармен жұмыс жүргізудің психологиялық аспектілері», «Қолайсыз отбасылармен және қиын жасөспірімдермен жұмыс» тақырыптары аясында тренингтер өткізілді. Бұл сабақтардың ішінде топтық, шығармашылық жұмыстар да қамтылған.
- Біздің негізгі мақсатымыз - осы эмоционалды қажудан шығудың жолдарын үйрету. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторлары ата-аналармен тығыз жұмыс жасайды. Осы орайда ата-аналар да автолитарлық, либералдық болып бөлінеті секілді ақпараттарды айттық. Сол ата-аналармен қалай жұмыс істеу, сұрақ қоя білу, сол сұрақтың шешімін табуға, отбасындағы мінезі қиын балалармен қалай жұмыс жүргізу керектігі бойынша тренинг өткіздік. Қазіргі жағдайда білесіздер, бізде балалар өз-өзіне қол жұмсауы секілді оқыс оқиғалар көп болып жатыр. Зорлық-зомбылық көріп жатқан балалар да бар. Мұның бәрі ата-ананың, отбасының тәрбиесінен деп ойлаймын. Бірақ осы отбасының тәрбиесін ретке келтіру, баланың өмірін сақтап қалу үшін осы полиция инспекторлары ауқымды жұмыс жүргізеді. Мамандарға аталған бағыттағы жұмыстарды нәтижелі жүргізу үшін бағыт-бағдар нұсқауды жөн көрдік. Бүгінгі семинарда инспекторлар өзіне қажетті дүниені ала алды деп ойлаймын,- дейді Облыстық психологиялық қолдау орталығы директорының орынбасары Меруерт Ермекбаева.