сенбі, 15 наурыз, 2025 10:50

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Нашар экология және қолқаны алған иіс»: Биыл Жамбылда кәріз суын тазалайтын кешен салына ма?

«Нашар экология және қолқаны алған иіс»: Биыл Жамбылда кәріз суын тазалайтын кешен салына ма?
Фото - Jambylinfo.kz
Тараз қаласының кәріз жүйесі 1962 жылы іске қосылған

Тараз - еліміздегі кәріз суы тазартылмайтын жалғыз облыс орталығы. Қалада кәріз жүйесімен қамту деңгейі 44 пайызды құрайды. Шайынды судың сүзу алаңы Жамбыл ауданының аумағында орналасқан. Күнделікті шығатын 80 мың м3 қалдық су 200 гектардан асатын тұндырма алаңына төгіліп, жерге сіңу, булану арқылы тазарады. Мәселе осы тұста туындайды. Қаланың түрлі мекемесі мен тұрғын үйлерінен шыққан сарқынды су өңделмегендіктен экологияға едәуір зиян келтіріп, маңайдағы ауыл тұрғындарының мазасын қашырды. Мәселе талай жылдан бер көтеріліп, айтылып келеді. Бірақ, нақты шешім қабылданбады. Жамбылда кәріз суын тазалайтын кешен қашан салынады? Мүңкіген иіс кетіп, экологиялық ахуал қашан түзеледі? Осы тақырып аясында Jambylinfo.kz тілшісі ізденіп, жауапты мамандардың пікірін білді. 
АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫ НЕ ДЕЙДІ?
Қостөбе ауылының тұрғыны Ербол Сәдібеков кәріз суынан көресіні көрдік деп отыр. Айтуынша, қоршалмаған сарқынды су алаңдарынан су ішкен мал түрлі ауруға ұшырайды. Одан бөлек, улы су еккен егіннің берекесін кетіретін кезі де болады екен. Шайынды су жерге сіңгендіктен, құдықтан су ішу де күмән тудырады. 

- Кәріз суының зияны туралы талай уақыттан бері айтып келе жатырмыз. Бірақ, осы мәселені шешуге ешкім бас ауыртқысы келмейді. Ашығын айтқанда, біздің Қостөбе осы тұндырма алаңдарына өте жақын. Маламыз келіп су ішеді. Оның сүтін біз ішеміз. Бұзау тастап, ауру болатындары да бар. Жалпы бұл су жерге сіңеді. Яғни, жерасты суларына араласып кетуі мүмкін. Сонда біз құдықтан ішіп жүрген суға кәріз суы араласпағанына кім кепіл? Иіс мәселесі тағы бар. Күндіз онша білінбегенімен, кешке қарай бұл жақта кәріз иісі сасиды,- дейді ауыл тұрғыны. 

БИЫЛ КӘРІЗ СУЫН ТАЗАРТАТЫН КЕШЕННІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛАДЫ
Мәселе әне-міне шешіледі дегелі бірнеше жыл өтті. Бірақ, нақты натиже жоқ. Осы сұрақтың жауабын қала әкімінің орынбасарынан сұрадық. Нұрсұлтан Исабековтың сөзінше, қалдық суды тазартатын кешен құрылысы биыл басталады. Проблеманың бұған дейін шешілмеуін ол қаржының болмауынан деп түсіндірді. Ендігі құны 46,5 млрд теңге болатын жобаны іске асыру үшін Жамбыл ауданының қақпасы мен мал базарының аралығынан 42 га жер телімі бөлінген. 

- "Жамбыл су" мекемесі Жамбыл облысының әкімдігімен және Тараз қаласының әкімдігімен бірлесіп кәріз тазарту құрылыстарын салу жобасын іске асыруда. Жобаның болжамды құны 46,5 миллиард теңге және қаржыландырудың аралас нысанына ие. Оның бір бөлігі Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкінің 36 881 314 миллиард теңге сомасына қарызы есебінен, екінші бөлігі 9 563 846 миллиард теңге сомасына республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен қаржыландырылады. Техникалық-экономикалық зерттеу және техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу үшін Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкі тарапынан 159,9 миллион теңге көлемінде гранттық қаражат бөлініп, 2023 жылғы 23 қаңтарда Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкінің электрондық мемлекеттік сатып алу алаңында ашық конкурс өткізу нәтижесінде жеңімпаз атанған Словениялық "СЕСТ Consulting" компаниясымен келісімшарт жасалды. Қазіргі таңда «Халықаралық қаржы ұйымыныңсу жүйелеріне кепілдікпен қарыз алу» тетігі бойынша кәріз тазарту құрылғысын салу және реконструкциялау жобаларының жол картасын іске асыру бойынша қажетті шаралар қабылдануда. 2024 жылдың қарашасынан 2025 жылдың наурыз айлары аралығында Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкінің мемлекеттік сатып алу порталында Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкінің қарыз қаражаты есебінен ЕРС моделі арқылы жобаны іске асыру үшін кешенді мердігерді айқындау бойынша сауда-саттық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бекітілген жол картасына сәйкес, кешен құрылысы 2025 жылдың 4-тоқсанында басталып, 2027 жылы аяқталады деп жоспарлануда,- деді қала әкімінің орынбасары.

Ал, жоба әкімшісі Анар Молдақұлова кешен салынса, ауыл тұрғындарының мәселесі түбегейлі шешілетінін айтты. Ғимарат күнделікті қаладан шыққан қалдық суды тазартады. Бұдан кейін техникалық су Аса арнасы арқылы шаруаларға беріледі. Осылайша тұндырма алаңдары құрғатылып, жағымсыз иіс те болмайды. 

- Қазір жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі дайын. Мемлекеттік және салалық сараптамалардың бәрінен өтті. Кешен тәулігіне 80 мың куб кәріз суын тазартады. Бұл күнделікті қаладан шығатын сарқынды судың көлемі. Кешеннің бірінші сатысында су механикалық тазартудан өтеді. Бұдан кейін биологиялық және басқа тазарту кезеңдерінде тазартылып, ультрофиолетпен суды залаласыздандырылғаннан кейін бұл техникалық су болады. Мұнан кейін су Аса арнасына жіберіледі. Осы арна арқылы жергілікті шаруаларға беріледі. Біз бұған дейін осы аумақтағы ауылдарда сауалнама жүргізгенбіз. Тұрғындардың көбі егін шаруашылығы, оның ішінде жоңышқа егетінін айтты. Ал, бұл тазартылған техникалық су осы өсімдіктерді суаруға жарамды. Тазарту кешені соғылғаннан кейін сүзгі алаңдары құрғатылып, жойылады. Осылайша мүңкіген иіс те кетеді. Зауытта алдын ала болжам бойынша 60 адам жұмыс істейді деп жоспарлануда. Бүгінгі күні мердігер анықталған жоқ. Біз бұл жобаны жасағанда 2040 жылға дейінгі статистикалық мәліметтерге сүйендік. Егер сарқынды судың көлемі ұлғайып жетса, жобаның екінші кезеңі іске асырылып, кешен қуаттылығы 20 мың кубқа көбейтіледі. Бірақ, бұл басқа жоба болады,- деді Анар Молдақұлова. 

Бүгінгі күні сарқынды су айдындарына кезекпен су жіберілуде. Мұндай амал жасамаса, тұндырма алаңдары тасып кетуі мүмкін. «Жамбыл су» МКК бөлім басшысы Төлеубек Шәкірәлиев ескі алқаптардың су сіңіру қабілеті төмендегенін айтады. Алдағы уақытта қаладан келетін кәріз суының көлемі көбейсе, қауіп деңгейі жоғарылайды.  

- Бүгінгі күні мұнда 105 тұндырма алаңы бар. Оның ішінде 12-сі 2022 жылы салынған. Қазіргі қаладан келіп жатқан судың 60 пайызы осы жаңа су айдындарына жіберілуде. Өйткені, ескілерінде судың сіңуі қиындап отыр. Біз жаздан бері 8 алаңды демалдырып жатырмыз. Осылай су ағынын реттеп отырамыз. Енді алдағы уақытта су көлемі күрт көбейетін болса, өте қауіпті жағдай болуы ықтимал,- дейді «Жамбыл су» МКК бөлім басшысы.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар