«Ой шебері» зияткерлік ойыны: Исламбек Дастан оқушылардың кітапқа қызығушылығы артқанын айтты
- авторМағжан Орынбасар
- 15 мамыр, 2025
- 331

Аталған жоба аясында өңірде кітап оқу бойынша түрлі деңгейдегі сайыстар мен рухани іс-шаралар өткізіліп келеді. Соның ең ауқымдысы – «Ой шебері» зияткерлік ойыны деп айтуға болады. Білім сайысын ұйымдастыру міндетін «Жамбыл облысы Азаматтық Альянсы» ЗТБ басқарма төрағасы Исламбек Дастан мойнына алып, бүгінгі күні 7-і аудан – Байзаққа табан тіреді. Алда 3 аудан мен Тараз қаласы қалып отыр. Осы орайда Jambylinfo.kz тілшісі зияткерлік ойынның негізгі мұраты, жүлделерді үлестіру процесі, жалпы сайыстың өту барысы бойынша Исламбек Дастанмен шағын сұқбат құрған еді.
- Исламбек Дастанұлы, биыл ел Президенті кітап оқуға қатысты бірқатар мәлімдеме жасады. Тіпті «Кітап күні» де кең көлемде атап өтілді. Бұл бағытта Жамбыл облысында да атқарылып жатқан жұмыс аз емес. «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында «Ой шебері» зияткерлік ойыны жоғары деңгейде өтіп жатыр. Осы ойын жөнінде айта өтсеңіз...
- «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында біз жыл басында облыс әкімі Ербол Қарашөкеевке зияткерлік ойын өткізу бойынша ұсыныс жасадық. Аймақ басшысы аталған сайыстың талаптарымен танысып, мақұлдап, өткізуге рұқсат берді. Осылайша зияткерлік ойынды облыс әкімінің қолдауымен, білім басқармасының қаржыландыруы арқылы ұйымдастырып отырмыз. Бірінші шарамыз 18-і қаңтар күні ұйымдастырылды. Оған 90 команда, 450 оқушы қатысып, 3 жеңімпаз анықталған еді. Бүгін біз іріктеу кезеңінің 7-і ойынын Байзақта өткіздік. Бұл ойында жалғыз оқушылар командасы гранд-финалға жолдама алды. Жалпы зияткерлік ойын басталғалы бері 5 мыңға жуық бала қамтылды. Бұл ойынды өткізудегі біздің басты мақсатымыз – оқушыларды, жастарды кітап оқуға шақыру. Жай оқып қана қоймай, сайысымыздағы түрлі сұрақтар арқылы олардың кітап мазмұнын қаншалықты түсінгенін тексере отырып, дұрыс бағыт-бағдар беру. Ынталы жастың талабын ұштауға біз күш салып отырмыз. Ойынға дайындық барысында оқушылар 5 кітапты толық оқып шығып, жетекшілерімен талқылайды. Тағы бір жақсы жағы, олар тек білім алып қана қоймай, топпен жұмыс істеуді үйренеді. Қорыта айтқанда, жоғары деңгейдегі жарыстарға тәжірибе жинайды.
- Білім сайысының талаптары да өзгеше екен. Мысалы, сұрақтарға жауап тест форматында алынбайды. Бүгінгі күнге дейін тіркелген ең жоғары көрсеткіш қай ауданға тиесілі ?
- Бүгінгі күнге дейін облысымыздағы 7 ауданда білім бәйгесін өткіздік. Ендігі қалып отырғандары – Шу, Мойынқұм, Қордай аудандары мен Тараз қаласы. Есебімше әзірге мектептер арасында ең жоғары көрсеткіш көрсетіп отырғаны - Байзақтағы Н. Киікбаев атындағы мектептің оқушылары. Өйткені, жинаған баллы өте жоғары. Мысалы, Меркіде барлық оқу ұяларының арасында білім-танымымен Сыпатай Әлібекұлы атындағы мектеп алға озып шықты. Былай қарасаң, кіп-кішкентай ауылдағы қарапайым мекеме. Бірақ, оқушыларының дайындығы өте мықты. Сол секілді зияткерлік ойында оқушылар білімі мектептің көлемі, дәрежесіне қарамайтынына көзіміз жетіп отыр.
- Оқушыларға тапсырма ретінде берілген кітаптар тізімі қалай жасалды?
- Кітаптардың тізімін жасағанда біз жергілікті ақын - жазушыларымыздың шығармашылығына басымдық бердік. Әр ауданға әртүрлі 5 кітап оқуды міндеттедік. Оның ішінде Күләш Ахметованың «Бақ», «Орман» деген туындылары 4 ауданда, Н. Дәутайұлының кітаптары 3 ауданда, өзіңіз келіп отырған Байзақ ауданына осы жердің тумасы Қасқырбай Нарбатыровтың өлеңдер жинағын, Меркінің оқушыларына ақын Шырын Мамасерікованың, Жамбыл ауданында Көсемәлі Сәттібайұлының, Таразда Оралхан Дәуіт пен Елен Әлімжанның шығармалары берілді. Жалпы осы күнге дейін 100-ден астам кітап оқылды. Негізі мектеп оқушыларының тәрбиесіне оң әсер ететін, санасы сәуле түсіретін кітаптарды таңдадық.
- Жалпы бұл зияткерлік ойынның қорытынды финалы қашан болады ? Жалпы келесі жылы да осы білім бәйгесі жалғаса ма ?
- «Ой шебері» зияткерлік ойынының аудандық қалалық іріктеу кезеңін 25 мамырға дейін аяқтауды көздеп отырмыз. Ал, грандфинал қазан айында болады деп жоспарлап отырмыз. Ол кезде жүлде қоры да қомақты болады. Бас жүлде 2 миллион теңгені құрайды. Осы жерде тағы бір ерекшелік бар. Аудандардағы іріктеу кезеңінде бірінші орын алған командалар 500 мың теңгені еншілейді. Бірақ, оны оқушылар қолма-қол ала алмайды. Тек мектеп әкімшілігінің ұсынысы арқылы сол соммадағы керекті заттарды алуға болады. Ал, финалда жеңіске жеткен командаға қаржы жеке өздеріне беріледі. Өйткені, ақтық сында оқушылар 5 емес, 20 кітап оқып дайындалады. 4 ай уақыт беріледі. Тағы бір сұраққа жауап бере кетейін. Өзіңіз қойған «ойын келесі жылы да жалғаса ма» деген сауал бұған дейін көтерілді. Наурыз айында бірінші 8 финалистердің тарапынан облыс әкіміне мұндай ұсыныс айтылды. Оған Ербол Қарашөкеев қолдау білдірген. Ендігі уақытта іске асырылу жағы қалай болатыны ойынның қорытынды финалынан кейін белгілі болады. Айта кететін дүние, қазір біз ұйымдастырып жатқан ойын аудандарда мектепішілік жарыстарға ұласып жатыр. Бұдан бөлек, дарынды мектептер, колледждер арасында лигалар ұйымдастырылуда. Өңірдегі 14-18 жас аралығындағы барлық баланы қамтымасақ та, кітапқұмар жастарды осындай сайыстарға қатыстырып жатырмыз.
- Оқушылар алдында «бұл ойын таза, адал, әділ өтеді» деп, астын сызып тұрып айттыңыз. Жалпы ойын қаншалықты әділ өтіп жатыр?
- «Ой шебері» зияткерлік ойынында тамыр-таныс, туыстық қатынастың жүлде беру процесінде рөлі ойнамайды. Қазіргі қоғамда өкінішке қарай осындай стереотип қалыптасқан. Біз осы «кеселді» жоюға күш салып, сайысты әділ өткізіп жатырмыз. Ашықтық бар. Бірінші 90 команда қатысқан ойынды ұйымдастырғанда маған көп қоңырау келіп түсті. Яғни, осындай жағдай менің басымнан өтті. Сондықтан әр ойынның алдында оқушыларға білім сайысы әділ өтетінін айтып отырамын. Бұл – менің жауапкершілігім. Әрі осы міндетімді адал атқарып жүрмін деп ойлаймын.
- Сұқбатыңызға рақмет!