Талаптыда дәстүрлі спорттық турнирдің 25 жылдығы аталып өтті
- авторСадуақас Айсұлу
- 15 мамыр, 2025
- 144
Жамбыл облысы Талас ауданының Талапты ауылында соғыс және еңбек ардагерлері, ағайынды Әбдірахмет пен Әбдірасыл Құлекеевтерді еске алуға арналған дәстүрлі облыстық спорттық турнир өтті, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Құлекеевтер – Ұлы Отан соғысының ардагерлері, бейбіт заманда ұстаздық еткен, ауыл дамуына үлес қосқан азаматтар. Әулет ұрпақтары бірнеше жыл бұрын Талапты ауылында өз қаражаттарымен спорт кешенін салып, кейін Бостандық және Аққұм ауылдарында филиалдарын ашты.
Қазір кешенде 4-5 тұрақты қызметкер жұмыс істейді, спорт секциялары жүйелі түрде қаржыландырылады.
2025 жылғы турнир Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен тұспа-тұс келіп, республикалық деңгейде өтті. Алматы, Шымкент, Түркістан қалаларынан және облыс аудандарынан келген спортшылар үш спорт түрі бойынша сынға түсті.
Футбол жарысына 18 команда, қазақ күресіне 20-ға жуық палуан, ал боксқа 100-ден аса спортшы қатысты. Жарыстың ашылуы концерттік бағдарламамен басталды. Қонақтар мен жанкүйерлерге арналған түскі ас ұйымдастырылды.
Жеңімпаздар дипломдармен, естелік сыйлықтармен және қаржылай сертификаттармен марапатталды.