«Сайлау – 2025»: ақпарат құралдары мен онлайн-платформалардың саяси науқандағы рөлі туралы семинар өтті
- авторМағжан Орынбасар
- 13 маусым, 2025
- 191

Таразда «Сайлау процесін даярлау мен өткізу барысындағы бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформалардың рөлі туралы» тақырыбында семинар-тренинг ұйымдастырылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Облыстық аумақтық сайлау комиссиясы ұйытқы болған семинарға облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев, ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанболат Нұрмолдаұлы, аудандардағы атқарушы орган, масс-медиа өкілдері қатысты.
Семинар-тренингті облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов ашып, қатысушыларды бағдарламамен таныстырды. Сонымен қатар, сайлау науқаны кезеңіндегі ақпараттандыру жұмыстарына, оның ішінде, бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформалардың рөліне тоқталып өтті.
Бұдан соң облыстық сайлау комисиясы төрағасының орынбасары Талғат Жамалов баяндама жасап, ақпарат құралдары мен сайлау органдарының өзара іс-қимылы жөнінде ережелерге тоқталды.
- Сайлау кезінде БАҚ пен сайлау комиссияларының арасында ашық диалог пен үйлесімді жұмыс маңызды. Ақпараттың ресми көзден алынуы, уақтылы таралуы — жалған ақпараттың алдын алудың тиімді жолы. Осы диалогты жүйелі түрде орнату мақсатында сайлауға қатысушы тараптармен бірлескен жоспарлы жұмыстар атқарылуда. Оның ішінде, белгілі бір сала өкілдерімен тақырыптық кездесулер, заң талаптарын түсіндіру жөніндегі семинар-тренингтер, азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдау бар. Өткен жылдың маусым айында облыстық сайлау комиссиясының жылдық жұмыс жоспарына сәйкес, облыстағы барлық деңгейдегі БАҚ өкілдерімен кездесу өткізіліп, оған көршілес жатқан Шымкент қаласы мен Қызылорда, Түркістан облыстарының аумақтық сайлау комиссияларының басшылық құрамы қатысты. Облыстағы барлық ресми БАҚ құралдарымен меморандумға қол қойылып, меморандум аясында жыл ішінде 135 мақалалар жарық көрді. Бұл оң тәжірибе алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады деп білеміз, - деді Талғат Жамалов.
Сондай-ақ жиында «AULIEATA-MEDIA» ЖШС Бас директоры Данияр Асқарұлы әрбір саяси науқанда өңірдің ақпарат саласы «сапалы әрі шынайы, ашық әрі әділ» қағидатына негізделіп келгенін айтып, саяси науқанның атмосферасын көпшілікке қаз-қалпында беруге күш салатынын жеткізді.
- Өңірдің басты ақпарат айдыны саналатын «Aulieata-media» серіктестігіне қарасты ғасыр шежіресіне айналған облыстық «Aq jol», «Знамя труда», «Ar-Ai» жастар газеттері мен республикалық деңгейде хабар тарататын «Jambylinfo» ақпараттық порталы өңірдегі мемлекеттік маңызға ие барлық деңгейдегі сайлау науқанын ақпараттандыру мен кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстарына барынша қолдау көрсетіп келеді. Әсіресе, 2024 жылы серіктестік жанынан құрылған «Контент орталығы» өткен жылдың төртінші тоқсанында өткен АЭС құрылысына қатысты жалпыхалықтық референдумда әрбір сайлау учаскесінен жедел ақпарат таратты. Жалпы өңірдің айшықты оқиғасын сапалы әрі жедел түрде көпшілік назарына ұсыну – заман талабы. Ал оқырман сұранысын өтеу – кәсіби тұрғыда біздің басты парызымыз, - деді «AULIEATA-MEDIA» ЖШС Бас директоры.
Семинар - тренингте аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері, прокуратура өкілі, Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы, адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Жамбыл облысы бойынша өкілі, «Өңірлік коммуникациялар қызметі» КММ-нің директоры дәріс оқыды.
Жиында ақпарат құралдары мен онлайн-платформалар саласына енгізілген жаңашылдықтар , жергілікті атқарушы органның сайлау процесін даярлау барысындағы ұйымдастыру жұмыстары, сайлаушыларды ақпараттандыру жұмыстарын ұйымдастыру, әлеуметтік медиа маркетингтегі трендтерді сайлау саласында қолдану, мүгедектігі бар азаматтардың сайлауға қатысуын ұйымдастыру кезіндегі масс-медиа мен онлайн-платформаларды тарту жұмыстары, сондай-ақ, ақпарат кеңістігі мен сайлаудағы цифрлық мүмкіндіктер туралы тақырыптар қамтылды.
Сонымен қатар, сайлау науқандарын өткізуге қаралған бюджет қаражатын тиімді пайдалану мен аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкіміне кандидат ұсыну, тіркеу және кандидаттардың құжаттарын заң талаптарына сәйкестігін тексерудегі өзекті мәселелер талқыланды.
Аталған тақырыптар бойынша дәрістер оқылғаннан кейін, қатысушылар тарапынан сайлау науқаны барысында туындаған сұрақтар семинардың бағдарламасына сәйкес өткізілген секциялық жұмыста практикалық тұрғыда талқыланып, нақты жауаптар берілді.
Семинар-тренингті қорытындылаған Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов бірқатар азаматты сайлау процесіне белсенді атсалысқаны үшін арнайы марапаттады.