Шу ауданында натрий цианидін өндіретін зауыттың құрылысы басталды
- авторМағжан Орынбасар
- 26 қараша, 2025
- 251
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев натрий цианидін өндіретін зауыттың құрылысын салтанатты түрде бастау рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бұл жоба Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған стратегиялық міндеттер аясында жүзеге асырылып отыр.
Ербол Қарашөкеев өз сөзінде Жамбыл облысы химия өнеркәсібінің орталығы саналатынын атап өтті. Бүгінде Қазақстан бойынша фосфор, аммофос және натрий цианидінің 100 пайызы өңірдің химиялық кәсіпорындарында өндіріледі.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауында айқындалған стратегиялық міндеттердің орындалуына елеулі үлес қосатын ірі жобаның құрылысы басталуда. Химия өнеркәсібі - Жамбыл облысындағы неғұрлым дамыған сала: оның облыс бойынша өнеркәсіптегі үлесі бүгінде шамамен 30% - ды құрайды. Химия өнеркәсібінде облыстың өңдеу өнеркәсібіндегі барлық жұмыспен қамтылғандардың шамамен 24%-ы жұмыс істейді. Облысымыздың химия кәсіпорындары республикалық бөліністе 100% фосфор, 100% аммофос, 100% натрий цианидін өндіреді. Өңірде 13 млрд. тонна фосфорит қоры бар 48 кен орны бар. Президентіміз еліміздің болашағы мен әлемдік аренадағы орны ең алдымен инвестицияға байланысты екенін үнемі атап өтеді. Өткен жылы жалпы құны 214 млрд. теңгені құрайтын 35 инвестициялық жоба іске асырылды. Ал биылғы жылы 161 млрд. теңгеге 26 жоба жүзеге асырылып, 1 100 жаңа жұмыс орны құрылуы көзделуде. 2025–2028 жылдары жалпы құны 3,5 трлн. теңгені құрайтын 62 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл – 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Сол жобалардың бірі – «Алтыналмас Реагентс» компаниясының натрий цианидін өңдеу зауытының құрылысы. Жалпы құны 68 млрд. теңгені құрайтын кәсіпорын аумағында 100-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Зауыт жылына 25 мың тоннаға дейін натрий цианидін өндіруге қауқарлы болады. Бұл жоба – еліміздің тау-кен металлургия саласын дамытуға, өндірістік қауіпсіздік пен стратегиялық маңызды реагенттерді ішкі нарықта қамтамасыз етуге айтарлықтай үлес қосады. Жоба өңірдің жоғары инвестициялық әлеуетін айқындай отырып, индустриалды-инновациялық дамуды жеделдету, озық технологияларды өндірістік процеске енгізу және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту бағытындағы маңызды қадам болып отыр. Жалпы, химия өнеркәсібі өңірдің индустриялық дамуын қамтамасыз ететін стратегиялық маңызы бар сектор болып табылады. Салада жаңа өндірістерді іске қосу, қолданыстағы химиялық технологияларды жетілдіру, ғылымға негізделген жоғары қосымша құнды өнімдер шығару, сондай-ақ терең қайта өңдеу инфрақұрылымын қалыптастыру – мемлекет жүзеге асырып отырған өнеркәсіптік саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Химия саласын кешенді түрде дамыту өңір экономикасының тұрақтылығын арттырып, экспорттық әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік береді. Жобаны жүзеге асыру үшін Жамбыл облысын таңдап, сенім білдірген «Алтыналмас Реагентс» компаниясының басшылығына алғысымды білдіремін, – деді аймақ басшысы.
Жаңа кәсіпорын Шу ауданындағы «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағы аумағында бой көтермек. Ірі инвестициялық жобаны «Altynalmas Reagents» ЖШС жүзеге асырып жатыр. Жобаның жалпы құны – 68 млрд теңге, жылдық қуаттылығы – 25 мың тонна.
Зауыттың іске қосылуы алтын өндіру өнеркәсібінің стратегиялық қауіпсіздігін арттырып, ішкі нарықты толық қамтамасыз етуге және импортты алмастыруға мүмкіндік береді.
Өнімдер Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Моңғолия мемлекеттеріне экспортталады.
Өндіріс 2027 жылдың төртінші тоқсанында пайдалануға беріледі деп күтілуде.
– Жобаны іске асыру нәтижесінде шамамен 250 тұрақты жұмыс орны ашылады, оның 96 пайызы – Қазақстан Республикасының азаматтары. Жұмысқа тәжірибелі жергілікті мамандарды, сондай-ақ техникалық университеттердің түлектерін тартуды жоспарлап отырмыз. Бұл – заманауи химиялық өндіріс болғандықтан қызметкерлерді үнемі оқыту мен олардың кәсіби біліктілігін арттыруға ерекше мән береміз, – деді «Altynalmas Reagents» ЖШС бас директоры Уәлихан Атагелдиев.
Еске сала кетейік, 2025 жылдың қаңтар-қазан айларында өңір экономикасына 553,6 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 38,3 пайызға артқан. Нәтижесінде Жамбыл облысы инвестициялық ахуал бойынша республикада үздік үштіктің қатарына енді.
«Киімде – шежіре, сәнде – тарих» атты этносағат өтті
Ұқсас жаңалықтар
Президент Жолдауы: Облыс әкімдігінде жиын өтті
- авторМағжан Орынбасар
- 4 желтоқсан, 2025






