бейсенбі, 3 шілде, 2025 22:17

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Таразда қаламгер Елен Әлімжанның мерейтойына орай әдеби кеш ұйымдастырылды

Таразда қаламгер Елен Әлімжанның мерейтойына орай әдеби кеш ұйымдастырылды
Фото: Jambylinfo.kz
Кеш барысында жазушының шығармашылық жолы мен әдеби мұрасы кеңінен насихатталды.

Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Жазушымен бір күн» жобасы аясында көрнекті жазушы, драматург, публицист Елен Әбдуатұлы Әлімжанның 80 жылдығына арналған «Азамат. Қаламгер. Тұлға» атты әдеби кеш ұйымдастырылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Елен Әлімжан – Қазақстан Жазушылар одағы мен Журналистер одағының мүшесі, «Құрмет» ордені мен «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Жамбыл облысының Құрметті азаматы.

Кеш аясында А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық драма театрының әртістері жазушы шығармасына негізделген «Абылай ханның арманы» атты театрландырылған көрініс ұсынды. Сонымен қатар Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншісі Гүлшат Тінәсілова қаламгер сөзіне жазылған «Жарыма» әнін орындап, кешке көркемдік реңк берді.

Шараға М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Т. Мұқашев, аталмыш университеттің аға оқытушысы, Жазушылар одағының мүшесі, әдебиеттанушы Б. Мақашев, журналистика және филология кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты А. Нусупова, театртанушы А. Қадіралиева, «Дарын» мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Б. Рыспайұлы, Әлихан Бөкейханов атындағы №1 гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, жас қаламгер Е. Нұрланов қатысты.

Кеш қонақтары Елен Әлімжанның шығармашылық жолы туралы мазмұнды пікірлерін білдіріп, жазушының әдебиетке қосқан үлесіне жан-жақты шолу жасады. Әдеби кеш оқырмандар мен жастар үшін тағылымға толы рухани кездесуге айналды.

Садуақас Айсұлу
Автор

Садуақас Айсұлу

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар