Таразда Аshyq жобасымен 39 кәсіпорын ғана жұмыс істеуде
- авторjambylinfo.kz
- 28 сәуір, 2021
- 175
COVID-19 жұқтырғандар санының артуына байланысты облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен коронавирустық инфекцияның таралуына қарсы күрес жөніндегі штабтың кезекті отырысы өтті.
Өткен тәулікте талдама қорытындысы 57 адамда оң нәтиже көрсетіп, өсім 0,7 пайызды құрады. Ең көп жағдай Тараз қаласы, Қордай және Байзақ аудандарында анықталды. Облыс орталығы «қызыл» аймақта. Шаһардағы апталық өсім 304 науқасқа жетіп, 8,7 пайызды құраған. Қордайда бұл көрсеткіш – 6,2 пайыз. Ал, республикалық көрсеткіш 5,6 пайыздан аспайды.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, 27 сәуірдегі жағдай бойынша инфекциялық стационарда 897 адам ем алуда (төсек-орындардың толу жүктемесі – 36%), оның 54-і жан сақтау бөлімінде. Медициналық мекемелердің материалдық-техникалық жабдықталуы мен дәрі-дәрмектермен қамтылуы бойынша ешқандай мәселе жоқ.
Облыста 37 егу пункті жұмыс істеуде. 36,7 мың жамбылдық вакцинаның бірінші компонентін, 9,9 мың жамбылдық екінші компонентін қабылдаған. Мойынқұм, Шу, Меркі аудандарында және Тараз қалалық №9 емханада вакцинация әлсіз жүруде. Сәуір айының соңына дейін тағы 49,9 мың адамға екпе егілуі керек.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Байділдә Шыналиев қазіргі таңда қосымша шектеулер енгізу туралы құжат әзірленуде екендігін жеткізді. Оның айтуынша, жаңа шаралар базарлардың, облысаралық автобус қатынасы мен басқа да сегменттердің қызметіне әсер етеді.
Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Алмас Мәдиев Аshyq жобасының мардымсыз іске асырылып жатқанына назар аудартты. Таразда тек 39 кәсіпорын жобамен жұмыс істеуде, ал аудандарда бұл тәжірибе мүлдем таратылмаған.
- Төтенше жағдайлар департаменті мониторингтік топтардың жұмысына ешқандай көмек көрсетіп отырған жоқ. Олармен тұрақты байланыста болу үшін ТЖД бастығы шұғыл мәселелерді шешу бойынша өз орынбасарын бекітуі қажет. Тұрғындар арасында санитарлық нормаларды қатаң сақтау қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстарының ауқымын кеңейту маңызды. Қоғамдық көлік пен базарларға айрықша назар аудару керек. Мектеп оқушылары мен мұғалімдер арасындағы инфекцияның таралуына бақылауды назарға алыңыздар, - деді Бердібек Сапарбаев.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз