Таразда түрмеге есірткі алып кіруге талпынған азамат ұсталды
- авторМағжан Орынбасар
- 29 қаңтар, 2025
- 213
Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты 58-мекеменің жедел бөлімі қызметкерлерінің жедел ақпаратына сәйкес, 2025 жылғы 28 қаңтар күні сағат 16:45 шамасында мекеменің бақылап өткізу пунктінде есірткі заттарын алып кіруге талпынған азамат ұсталды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
«Амир» жеке кәсіпкерлігі атынан келген заңды тұлға, Б. есімді азаматтың заттарын тексеру барысында, пластикалық терезенің (форточка) ішіне жасырылған спецификалық өткір иісі бар жасыл түсті шөп тектес 8 орама анықталды. Сараптама нәтижесінде тәркіленген заттардың 157,41 грамм гашиш пен 65,97 грамм марихуана (анаша) екені дәлелденді.
Қазіргі уақытта аталған азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша жауапкершілік қарастырылып отыр.
Айта кетейік, 2025 жылғы 2 қаңтарда күшіне енген заңнамалық толықтыруларға сәйкес, есірткі өндіру мен өткізуді ұйымдастырған тұлғаларға жауапкершілік күшейтілді. Атап айтқанда, мұндай қылмысқа барған азаматтардың мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Ал қылмыстық әрекет бірнеше рет қайталанған жағдайда, қылмыскер 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесіледі.
Құзырлы органдар азаматтарды заңсыз әрекеттерден аулақ болуға шақырып, есірткі қылмысына қатысы бар кез келген адамның қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертеді.