«Қызметкерлері жоқ мекеме». Жамбылда мекен-жайы жоқ кәсіпорын бар
- авторМағжан Орынбасар
- 30 мамыр, 2024
- 495
Жамбыл облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Асылхан Шәймерденов квазимемлекеттік сектордың активтерді тиімді пайдалануы бойынша бірқатар мәселені айтты, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Комиссия мүшесінің сөзінше, «Тараз Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ 16 жоба бойынша заңды тұлғалардың капиталын ұлғайту арқылы үлеспен кірген. Бірақ, жобалардың орындалуы кенжелеген. Тиісінше, «Агромаш Холдинг БК» ЖШС-мен бірлесіп «Тараз сервистік-өндірістік орталығы» бірлескен кәсіпорнын құру жобасындағы бірқатар шикілік тексеріс нәтижесінде анықталған.
«Алайда, аудит барысында заңды мекенжай бойынша өндірістік орталықтың орналаспағаны анықталды және АҚ-ның өкілі Тараз қаласы немесе аудандарда Тараз сервистік-өндірістік орталығының нақты қайда орналасқанын көрсетпеді. Сонымен қатар, аталған орталықта жалғыз директордан басқа қызметшілер жұмыс атқармайтыны белгілі болды. Ал директордың өзі тұрақты Қостанай қаласында тұратыны мәлім болды. Нәтижесінде, аталған жоба бойынша күтілген нәтижеге қол жеткізілмей 24,5млн. теңге қаражат тиімсіз жұмсалуына жол берілген»,- деді Асылхан Шәймерденов.