«Өз-өзіңді тану» тақырыбында психологиялық тренинг өтті
- авторМағжан Орынбасар
- 5 сәуір, 2025
- 188

Жамбыл облыстық қылмыстық атқару жүйесіне қарасты 58-мекемеде М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің 6В03111 – «Әлеуметтік сала» білім беру бағдарламасының студенттері мекеме психологтарымен бірлесіп, «Өз-өзіңді тану» тақырыбында психологиялық тренинг өткізді,- деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бұл шараның негізгі мақсаты – адамның өзін-өзі тану деңгейін арттыру, ішкі сенімділігін нығайту, эмоцияларын басқаруға көмектесу және адамдармен тиімді қарым-қатынас орнату дағдыларын дамыту. Тренинг барысында қатысушылар өздерінің ішкі әлеуетін зерттеп, түрлі практикалық жаттығулар арқылы жеке тұлғалық ерекшеліктерін тануға мүмкіндік алды.
Мекеме қызметкерлеріне бағытталған бұл психологиялық тренинг кәсіби және жеке өмірдегі қарым-қатынасты реттеуге, жұмыс барысында кездесетін психологиялық қиындықтарды еңсеруге, эмоционалдық тұрақтылықты сақтауға көмектесуге негізделген. Тренингті ұйымдастырған М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің тәжірибе алушы психологтары өздерінің теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырып, мекеме қызметкерлеріне жан-жақты қолдау көрсетті.
Практикалық бөлімде қатысушылар өзін-өзі тануға бағытталған арнайы жаттығуларды орындады. Бұл тапсырмалар ішкі сезімдерді тереңірек түсінуге, өз эмоцияларын дұрыс басқара білуге, сондай-ақ сенімділік пен позитивті ойлауды дамытуға бағытталған. Тренинг барысында қатысушылар бір-бірімен пікір алмасып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Мұндай тренингтер қызметкерлердің эмоционалдық интеллектін дамытуға, ішкі ресурстарын нығайтуға, олардың кәсіби қызметінде кездесетін күйзелістерді жеңуге және жұмыс тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, бұл шара ұжым арасындағы ынтымақтастықты күшейтіп, қызметкерлердің өзара түсіністігін жақсартуға оң әсерін тигізді.
Алдағы уақытта да осындай тренингтерді жиі ұйымдастыру жоспарланып отыр. Себебі өзін-өзі тану – адамның өмір сапасын жақсартудың, психологиялық саулығын нығайтудың және тұлғалық дамудың маңызды құрамдас бөлігі.