Жамбылға жұмыс сапарымен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі келді
- авторБақытжан Бекболат
- 19 мамыр, 2025
- 741

Сапар аясында ол кәсіпкерлікті қолдау және халықты жұмыспен қамту бағытында жүзеге асып жатқан бағдарламаларға қатысушылармен, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірлік өкілдерімен және басқарма басшыларымен кездесті, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Сонымен қатар, вице-министр жаңа цифрлық платформалардың тиімділігі туралы айтып, олардың еңбек нарығына тигізер оң әсеріне тоқталды.
Кеңеске облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов модераторлық етті. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылы «Әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашу» көрсеткішіне сай Жамбыл облысында 12 534 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланғанын, қазіргі таңда оның 983-і іске асқанын атап өтті.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесов те сөз алып, өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, 2025 жылы жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 55 179 адамды тарту көзделген. Бүгінгі күнге дейін бұл көрсеткіштің 36 пайызы орындалып, 19 870 адам түрлі шараларға қатысқан.
2024–2029 жылдарға арналған еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасы аясында 2025 жылы 45 778 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған. Қазіргі таңда субсидияланатын жұмыс орындары мен жұмыс берушілердің ұсыныстары арқылы 16 393 адам жұмысқа орналасқан.
«Жұмысшы мамандықтар жылы» шеңберінде өңірде 113 бос жұмыс орындар жәрмеңкесін өткізу жоспарланса, соның 33-і жүзеге асып үлгерген. Бұл жәрмеңкелерде 100-ден аса жұмыс беруші 1 621 бос жұмыс орнын ұсынған. Нәтижесінде 481 азамат тұрақты жұмысқа жолдама алған.
Сондай-ақ, әлеуметтік осал топтарға жататын 1 636 адамға жалпы көлемі 2,5 миллиард теңгені құрайтын қайтарымсыз гранттар беру көзделуде. Алғашқы лек 21 мамырда басталады. Дегенмен, бұл бағытта 2026 жылдан бастап республикалық бюджеттен қаржы қаралмау қаупі бар екенін ескерткен басқарма басшысы Еркін Келесов Үкімет деңгейінде тиісті қаражаттың бөлінуіне қолдау көрсету қажеттігін жеткізді.
Кеңесте сөз алған вице-министр Асқар Сақтағанұлы «Инновациялық навигатор» және «Еңбекті нормалау платформасы» жобаларын таныстырды. Оның айтуынша, бұл цифрлық бастамалар жұмысқа орналасу үдерісін жеңілдетіп, жұмыс беруші мен жұмыс іздеушінің байланысын күшейтеді. Ендігі кезекте бұл платформаларды өңірдегі колледждер мен жоғары оқу орындарына енгізу маңызды. Себебі аталған жүйе арқылы жұмыс берушілер оқу орнындағы студенттерді бірден жұмысқа шақыра алады.
Ұқсас жаңалықтар
ХТУ ректоры жаңа оқу жылының басымдықтарын таныстырды
- авторБақытжан Бекболат
- 17 маусым, 2025
Жамбылда блогер жарнама түсіремін деп 10 тәулікке қамалды
- авторСадуақас Айсұлу
- 17 маусым, 2025