Жамбылда мәслихаттардың құрылғанына 30 толуына орай ауқымды іс-шара өтті
- авторМағжан Орынбасар
- 20 қараша, 2024
- 419
Биыл еліміздің мәслихаттарының тарихының бастау алғанына 30 толып отыр. Осы жылдар ішінде өкілді органдар институционалды түрде қалыптасып, өздерін сайлаушылар мүдделерінің шынайы демократиялық драйвері ретінде көрсетіп, халық қалаулылары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып келеді. Қоғамдағы экономикалық және әлеуметтік мәселелерді шешуде маңызды рөлге ие болып, халық пен жергілікті деңгейдегі биліктің өзара іс-қимылының негізгі жолына айналған мәслихаттар мерейлі мерекесі өңірімізде де аталып өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде өткен басқосуға жергілікті атқарушы органдардың басшылары мен өкілетті органның барлық тармақтарының өкілдері қатысты. Салтанатты жиында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев мәслихаттардың маңызы мен қоғамдағы рөліне баса мән берді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен соңғы жылдары еліміз үшін аса маңызды саяси реформалар жүзеге асып, өз жемісін беруде. Саяси реформалардың басты мақсаты – еліміздегі басқару жүйесінің тиімділігін арттыру. Біз осы реформалар арқылы саяси жаңғыруға, «Әділетті Қазақстанды» құру жолына қадам басып келеміз. Мәслихат – Қазақстан Республикасының қолданыстағы Заңнамаларына сәйкес, халықтың еркін білдіретін, өңірлерді әлеуметтік-экономикалық реттеудің елеулі өкілеттіктеріне ие негізгі институт. Осы уақыт аралығында мәслихат құрылымы халық пен билік арасындағы алтын көпір қызметін атқарып келеді. Қазіргі уақытта облысымыздың тыныс-тіршілігіне қатысты барлық маңызды мәселелер мәслихат назарында. Сондықтан мәслихаттың өңір өміріндегі орны мен халық көкейіндегі сауалдардың шешімін табудағы рөлі орасан. Аймағымызда саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету барысында жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыс, өзара құрмет, ортақ мүдде жолында бірге жұмыс жасау жергілікті мәслихат қызметінің басым бағытына айналды, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Ел Президентінің бастамасымен 2022 жылдан бері өткен бес ірі саяси науқанда жергілікті мәслихат депутаттары белсенді жұмыс атқарғанын атап өткен аймақ басшысы бірқатар азаматтарды марапататтады. Атап айтқанда, облыстық мәслихат аппаратының бас инспекторы Жарылқасын Өнетаев, облыстық мәслихат депутаты Талғат Сәрсембаев облысқа сіңірген еңбегі үшін төсбелгісімен марапатталса, Байзақ аудандық мәслихатының депутаты Мырзағали Мәдімаров, Жамбыл аудандық мәслихатының депутаты Нышанбек Малдыбаев, Қордай аудандық мәслихатының депутаты Сергей Сидоренко мен Т.Рысқұлов аудандық мәслихатының депутаты Сейітбек Көкімбаевқа облыс әкімінің Құрмет грамотасы табысталды.
1994 жылы 7 наурызда облыстағы 35 сайлау округтерінде өткен сайлау нәтижесінде Жамбыл облыстық мәслихаты құрылғалы бері отыз жылдың ішінде өңірдің өркендеуіне бағытталған істердің ортасынан табылып, жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқарды. Әр жылдары мәслихат шешімдері уақыт талабына сай өзгеріп, алға қойылған мақсаттарға табандылықпен жетуге жол ашты. Жиында әр жылдары өңірдің дамуына бағытталған шешімдерді қабылдауға атсалысқан II, III, IV, V шақырылымдардың депутаты, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев мәслихаттардың жергілікті басқарудың дамуына үлкен үлес қосқандығын тілге тиек етті.
– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындықтарға қарамай, халқымызды күйзелтпей, ішкі тұрақтылығымызды сақтай отырып, жергілікті атқарушы билік пен мәслихаттар бірлесіп ел игілігі үшін қызмет етті. Қоғамды демократияландыру жұмысында жергілікті өкілді органдар, яғни мәслихаттар халық билігінің негізгі формасы ретінде өздерін көрсете білді. Мәслихаты әр жылдары басқарған Щорс Шарафутдинов, Әбдінұр Әсілбеков, Бағлан Қарашолақов, Махметғали Сарыбеков төрағалық еткен барлық шақырылымдағы мәслихат депуттары табысты жұмыс атқарды. Бүгінде саяси жүйеге конституциялық өзгерістер енгізіліп, мәслихаттар жоғары деңгейге көтерілді, – деді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев.
Жастарға жаңашылдық жарасады
Ұқсас жаңалықтар
«Ауыл аманаты»жобасы аясында 4 мыңнан астам жоба қаржыландырылды
- авторМағжан Орынбасар
- 21 желтоқсан, 2024