Жамбыл жаңалықтар
Жылыту маусымына дайындық – басты назарда
- авторjambylinfo.kz
- 20 қыркүйек, 2021
- 191
Жылыту маусымына дайындық – басты назарда
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Сарысу ауданында болып Жаңатас жел электр стансасының жұмысымен танысты.
«Жаңатас жел электр станциясы» ЖШС Түркістан ауылдық округінде орналасқан. Жобаның құны 44,8 миллиард теңгені (130 миллион АҚШ доллары) құрайды. Қуаттылығы – 100 мВт электр энергиясын өндіру. Наурызбек Жұмағазиннің айтуынша, қазіргі кезде жалпы жоба бойынша 40 жел турбинасы орнатылып, бүгінде барлығы сынақ режимінде іске қосылған. Биылғы жылдың екінші жартысынан бастап толықтай қуатында жұмысқа кіріскен стансада 30-дан астам жаңа жұмыс орны ашылған. Жел электр стансасы үстіміздегі жылдың І-тоқсанының қорытындысымен 1162,8 миллион теңгені құрайтын 51271,4 мың кВт/сағат электр энергиясын өндірген. Жоба тарапынан жалпы 20266,3 миллион теңге инвестиция салынған.
Кәсіпорында стансаның электр энергиясын өндіру қуаттылығы 500 мегаватқа жеткізілмек. Бүгінде осы жобаны жүзеге асыру үшін ұйымдастыру жұмыстары қолға алынған. Бердібек Сапарбаев облыс басшылығы тарапынан мүмкіндігіне қарай көмек беруге дайын екендіктерін айтып, станса қуаттылығын арттыру жоспарын құптайтындығын білдірді.
Келесі кезекте облыс әкімі аудан орталығындағы қазандықтың жұмысымен танысып, алдағы жылу беру маусымына дайындық барысын көрді. Аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Оңласын Мұқашов биыл бу қазандықтарының желдеткіштері жөндеуден өткізіліп, жарамсыз құбырлар ауыстырылғанын, пештің іші жылу сақтауға арналған отқа төзімді кесектермен қаланғанын, қазандықтың бүгінгі күнге жылу беру маусымына 99 пайыз дайын екендігін, тек мазуттың келуін күтіп отырғандарын баяндады.
- Былтырғы кемшіліктердің бәрі ескерілді ме? Зертхана жайы не болды? - деген аймақ басшысы мазуттың, көмір мен газдың бағаларын салыстыра отырып, «көгілдір отынның» арзандығын, алдағы жылы газға көшуді қолға алуды жеделдетудің қажеттілігін атап өтті.
Бөлім басшысы былтырғы кемшіліктің жөнделгенін, зертханаға 6 миллион теңге қаралып, тапсырыс берілгенін, енді тек әкеліп, орналастыру ғана қалғанын жеткізді.
Аудан орталығында тұрғындарға жазғы күндері ыстық су беру мәселесін бұдан бұрын да көтеріп жүрген облыс басшысы оны келесі жылдан қалдырмай қолға алуды аудан әкімінің есіне салды.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала