Алматы әуежайындағы қарулы шабуыл бойынша үш қылмыстық іс қозғалды
- авторАрайлы Жақсылық
- 9 наурыз, 2025
- 217

Алматы әуежайында орын алған қарулы шабуылға байланысты үш қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Ер адам қолына пышақ алып, әуежай қызметкерін кепілге алды және жолаушыларға бомба бар деп қорқытты. Осы оқиға бойынша үш қылмыстық іс қозғалды:
Кепілге алу (ҚР ҚК 261-бабы 2-бөлігі 4-тармағы) – 7 жылдан 12 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу қарастырылған;
Қару қолданып жасалған бұзақылық (ҚР ҚК 293-бабы 3-бөлігі) – 3 жылдан 7 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру көзделген;
Терроризм актісі туралы жалған хабарлау (ҚР ҚК 273-бабы) – 5 мың АЕК-ке дейін айыппұл салу немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», – делінген ведомство хабарламасында.
ІІМ өкілдерінің айтуынша, қазіргі уақытта тергеу жалғасуда, ал оқиғаны жан-жақты зерттеу үшін тергеу-жедел тобы құрылған.
«Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Сот шешімімен күдіктіге екі ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды», – деп қосты министрлік өкілдері.
Ерлік жасаған азамат марапатталды
Еске сала кетейік, 7 наурыз күні Алматы әуежайында белгісіз ер адам пышақпен қаруланып, бір адамды кепілге алып, оған қауіп төндірген. Қылмыскерді сол жерде болған Мұса Абдраим есімді азамат залалсыздандырды. Осы батыл әрекеті үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оны мемлекеттік наградаға ұсынуды тапсырды. Кейін мемлекет басшысы тиісті жарлыққа қол қойып, 8 наурызда Алматы әкімі Ерболат Досаев ержүрек азаматқа «Ерлігі үшін» медалін табыстады.
Күдікті бұған дейін де қылмыстық істерге қатысы болған
Кейінірек анықталғандай, әуежай қызметкерін кепілге алған күдікті бұған дейін де қылмыстық іске қатысқан. 2024 жылдың қараша айында Алматы қаласының 66 жастағы тұрғыны қоғамдық көлікте қызды соққыға жықты деген күдікпен ұсталған.
Полиция әрекетсіздігі сынға ұшырады
Оқиғадан кейін құқық қорғау органдарының әрекетіне тағы да сын айтылды. Қоғам белсенділері полиция қызметкерлері қылмыскерді залалсыздандырудың орнына, қарапайым азаматтардың артына тығылды деп мәлімдеді. Сонымен қатар, бұл жағдай 2024 жылдың қыркүйегінде болған оқиғаны еске салды. Ол кезде мешітке келген адамдарға пышақпен қаруланған ер адам қауіп төндірген, бірақ полиция әрекетсіздік танытты деген пікірлер айтылған болатын.
Ұқсас жаңалықтар
Таразда «Шаңырақ күні» перзентханадағы аналарға құрмет көрсетілді
- авторСадуақас Айсұлу
- 16 наурыз, 2025