
Дрон-шоу 9 мамырда сағат 21:00-де Абай алаңында қойылады. Оның басты ерекшелігі – соғыс жылдарында Қазақстанды даңққа бөлеген батырлардың бейнесі көрсетіледі, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
"Алматы аспанында аты аңызға айналған қаһарман қыздар Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлова, сондай-ақ Бауыржан Момышұлының бейнесі жарық арқылы жанданады. Заманауи технологиялар мен жарық анимациясының көмегімен олардың ерлігі мен рухын жеткізетін көріністер арқылы елге таныстырылады", - дейді әкімдік өкілдері.
Сонымен қатар дрон-шоу барысында еске алудың белгісі ретінде тырналар да көрсетіледі. Ал шоудың соңында қазақтың ою-өрнегі аясында "Жеңіс күні құтты болсын!" деген жазу пайда болады.
Әкімдік өкілдері іс-шара демеушілердің қолдауымен барлық қауіпсіздік талап сақтала отырып ұйымдастырылатынын мәлімдеді.
Айта кетейік, ұйымдастырушылар дрон-шоуды тамашалауға арналған бірнеше ыңғайлы алаң дайындады.
Басты орындар – Абай алаңы, "Қазақстан" қонақ үйінің маңы, Caspian University жанындағы орын және Абай даңғылы бойындағы аумақтар – Назарбаев даңғылынан Достық даңғылына дейін.
Іс-шараны дайындау және өткізуге байланысты 9 мамыр күні сағат 20:30-дан 21:30-ға дейін қала орталығында автокөлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі. Абай даңғылының Назарбаев даңғылынан Достық даңғылына дейінгі бөлігі, сондай-ақ, Достық даңғылының Құрманғазы көшесінен Сәтбаев көшесіне дейінгі аралығында жол жабылады.
Алматы қаласының әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын бағытты алдын ала жоспарлауға және уақытша қолайсыздыққа түсіністікпен қарауға шақырады.