сейсенбі, 5 қараша, 2024 16:36

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Ғарышкерлер жайлы қызықты деректер

Ғарышкерлер жайлы қызықты деректер
ашық дереккөзі
Ғарышкерлер жайлы қызықты деректер
Тоқтар Әубәкіров – әлемнің 256-ыншы ғарышкері. Талғат Мұсабаев әлемнің 309-ыншы ғарышкері. Айдын Айымбетов әлемнің 545-інші ғарышкері Бүгін - халықаралық ғарышкерлер күні. Бұл күнді қазақ халқы ерекше естеліктермен қарсы алады. Талай қазақ баласының ғарышкер болу арманға құлшындырып, аспан көгіне деген ынтызарлығын оятқаны анық. Қазақ ел болғалы үш батырын аспан көгіне ұшырды. Олар - Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев, Айдын Айымбетов. Осы орайда ғарышкерлер күні қарсаңында қазақ ғарышкерлерінің өмірі мен аспан әлеміндегі таңғажайыптары жайында қызықты деректерді оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік. 1. Тоқтар Әубәкіров КСРО-да алғаш болып МиГ-29К истребителін «Тбилиси» крейсерінен истребительге арналған трамплиннің көмегімен алғаш болып ұшырды. «Тбилиси» крейсерінен жаңа әдіспен ұшақты көкке көтеру оқиғасына бүкіл әлем көз тікті десе де болады. Бұл әдістің ерекшелігі: ұшақ трамплиннен түскендей төмен лықсып келіп, бірден көтеріліп кетуі керек. Ол әрине ұшақтың маторына байланысты еді. Барлық мәселе секундтар еншісінде болатын. Сәл іркіліс болса, бітті: ұшақ судың астына кіріп кетеді. Сынақшы-ұшқыш Тоқтар Әубәкіров құлдилап та, көтеріліп те үлгерді. Авиация тарихында бірінші рет мұндай әдіспен ұшуды жүзеге асырған қазақтың осы ерлігі Гиннесстің рекордтар кітабына енгізілді. 2. Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдиновтың құрметіне Талғат есімі берілген қазақтың екінші, әлемнің 309-ғарышкері де рекордшы атанған. Ол бір ай ішінде бес рет (30 сағат 8 минут) ашық ғарышта болған сапары үшін Гиннесс рекордтар кітабына енген. 3. Тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтың аспан көгіне саяхаттауына Елбасы да үн қосты. «Тоқтар, халқымыз бұл күнді 30 жыл күтті. Әзір қолымызда тұрған ғарыштық технологияның барлығы біраз уақыттан кейін ешкімге керексіз күйінде қалады. Ғарышқа халқың үшін ұш!»,-деді Нұрсұлтан Назарбаев. Тоқтар Әубәкіровтың сынақшы-ұшқыш болуына Кеңес Одағының Батыры А.Федотов үлкен әсер еткен. 4. Қазақ жерінде дүниеге келіп, ғарышқа үш рет ұшқан ғарышкер Владимир Шаталов. Ол Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласында туып өскен. Авиацияның генерал-лейтенанты, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, техника ғылымдарының кандидаты КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. 1969 жылдың қаңтарында «Союз-4» кораблімен алғаш рет ғарышқа ұшты. Сол жылғы қазан айында «Союз-8» кораблінің командирі ретінде үш корабль құрамында ғарышқа топтасып ұшуға қатысты. В.Шаталов «Союз-10» кораблімен және «Салют» орбитальдық станциясымен 1971 жылғы сәуірде үшінші рет ғарышқа ұшты. 1991 жылғы қыркүйекке дейін ғарышкерлер даярлау орталығының жетекшісі болды. 5. Қазақ публицистерінің арасында ғарыш тақырыбын алғаш жазған авторлардың бірі – Жүсіпбек Қорғасбек. «Қазақ әдебиетіндегі» «Туған тұғырдан ғарышқа» ұшар деп үміттенген қос қазақтың бірі – Совет Одағының Батыры Тоқтар Әубәкіров» /ҚӘ. 1991, 25 қаңтар/ – деген Жүсіпбек Қорғасбековтің мақаласы газет бетіне алғаш басылды. Мақалада Тоқтар қазақ жұртына тұңғыш рет таныстырылды. «…Ол Тоқтар Әубәкіровтің туған жер төсінен, Байқоңырдан космосқа сапар шегуге мүмкіндік алуы болып отыр… Өйткені, біз үшін қазақ азаматының ғарышқа ұшуы – қазақ жерінің осыған дейін космосты игеруге қосқан орасан зор үлесінің символы іспетті көрінері хақ…» – деп тебіренеді Жүсіпбек Қорғасбек ағамыз. 6. Қазақ ғарышкерлерінің бірі Талғат Мұсабаев туралы алғашқы мақаланы журналист Несіп Жүнісбаев ағамыз жазды. «Туған тұғырдан ғарышқа» ұшар деп үміттенген қос қазақтың тағы бірі – Талғат Мұсабаев». /ҚӘ. 1991, 1 ақпан/ Мақала авторы қазаққа Талғатты таныстыра келе, Талғаттың ғарышқа бастар баспалдақтарын өрнектей келіп: «Талғат бір халықтың атын космос әлеміне жазуға даярланып жатқан жігіттің бірі», – деп таныстырды. 7. Ғарышкерлер тамағы Мәскеу облысының Ленин ауданында орналасқан Бирюлев тәжірибе зауытында даярланады. Бұл цехта Гагариннен бастап, күні бүгінге дейінгі ғарышкерлердің бәріне тамақ дайындалады. Алғашқыда ғарышкерлер тамағы 165 граммдық түбекшелерде дайындалыпты. Одан алғаш ауыз тиген Гагарин болыпты. 8. Ғарышкерлері шығарып салу салтанатына ғарышкердің ағайын-туысы, отбасы мүшелері қатыса алады. 2015 жылы ғарыш көгіне ұшқан үшінші қазақ ғарышкері Айдын Айымбетовты зайыбы Лилия, ұлы Әмір, қыздары Диана мен Даяна шығарып салды. Халықаралық ғарыш станциясында ұшқалы отырған қазақ ғарышкері Айдын Айымбетовтың қызы Даяна әкесін шығарып салып тұрып: «Мен әкеме ақ жол тілеймін, ғарышта жатпланеталықтармен танысып, жерге аман-есен оралсын деп тілек айттым. Сондай-ақ, әкеме өзімнің ең сүйікті ойыншығым — арыстанды сыйладым деген болатын. 9. Қазақ ұлттық ғарыштық зерттеулер және технологиялар орталығы дайындаған ғылыми бағдарлама аясында10 тәжірибе жүргізу жос-парланып отыр. Олардың арасында ең маңыздысы «Дауыл» жобасы. Қазақстандық ғалымдар бұл жобамен 20 жылдан бері айналысуда. Ұлттық ғарыштық зерттеулер және технологиялар орталығы жерді қашықтан зондтау тәсіліне басымдық беріп отыр. Ғарыштан түсірілген суреттер төгілген мұнайды, шаңды дауылдың қозғалысын, қардың қалыңдығы мен ылғалдылықты анықтауға мүмкіндік береді. Бұл әдістің ел экономикасы үшін маңызы зор. Жаңа тәжірибелер Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаевтың ғарыш орбитасында жүргізген зерттеулерінің жалғасы іспетті. 10. Ғарыш экспедициясына арнап Қазақ тағамтану академиясының ғалымдары азықтық және биологиялық құндылығы, әрі медициналық-биологиялық қасиеттері жоғары бие сүті мен жылқы майының негізінде қазақтың ұлттық мәзірінің арнайы дайындалған өнімдерін әзірлеген болатын. «Дастарқан» деп аталатын бұл ұлттық тағам кешенін Айдын Айымбетов өзімен бірге Халықаралық ғарыш стансасына алып барды. 11. Тоқтар Әубәкіров – әлемнің 256-ыншы ғарышкері. Талғат Мұсабаев әлемнің 309-ыншы ғарышкері. Айдын Айымбетов әлемнің 545-інші ғарышкері. 12. Тоқтар Әубәкіров пен Айдын Айымбетов бір айда, бір күнде дүниеге келген ғарышкерлер. Туған күндері - 27 шілде. Екеуі де Армавир жоғары әскери ұшқыштар училищесінің түлектері. 13. 2003 жылы Алматыдағы молекулярлы биология және биохимия институты картоптың жаңа сұрыбын ойлап тапты. Ғарышқа жіберілген дән өсіп шыққан соң, ғарышкер Тоқтар Әубәкіров дәнді жерге алып келді. Бұл қазақ ғылымында «Тоқтар» картобы деген жаңа сұрыптың тууына ықпал етті. 14. Талғат Мұсабаев ғарышкерлер арасындағы алғашқы хируг атанған. 2001 жылғы сапарында Талғат алғашқы ғарышкер-турист, американ миллионері Денис Титомен бірге ұшады. Экипаж командирі ретінде Титоға барынша көмектеседі. Ұшу кезінде денсаулығы нашарлап укол салады. Станцияда басын жаралап алған кезде емдеп, тігеді. Осыдан кейін Талғат Мұсабаев «ғарыш турисінің күтушісі», «алғашқы ғарыш хирургы» деген ресми емес атақтарға ие. 15. Ғарышқа сапарларының бірінде Талғат Мұсабаев ажал аузынан қалады. Айтуынша, ашық ғарышқа шыққан кезде, кемеге бекітетін тетік ажырап кетеді. Кемеден алыстай түсіп, енді оралмастай болған жағдайда, таңғажайып құдірет оны құрдымнан суырып алады. Солайша ғарышкер аман қалады. Дереккөз: https://e-history.kz/kz/news/show/397/
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар