Қайтарылған активтер есебінен елімізде 400-ден астам әлеуметтік нысан бой көтеруде
- авторАрайлы Жақсылық
- 18 маусым, 2025
- 180

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, бұл қаражат ел көлемінде әлеуметтік нысандардың құрылысын жүргізуге және оларды жаңғыртуға бағытталуда.
Қайтарылған қаражат Қаржы министрлігі жанынан құрылған Арнаулы мемлекеттік қорға шоғырландырылады. Қазіргі уақытта осы қорға түскен қаражат есебінен 406 жобаға қаржылай қолдау көрсетіліп отыр. Оның ішінде 333 жоба іске асырылып жатыр. Атап айтқанда, 9 білім беру, 3 спорт, 162 денсаулық сақтау және 159 сумен жабдықтау нысаны салынуда.
Бұл жобалар Мемлекет басшысының әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі стратегиялық бастамаларын жүзеге асыру аясында қолға алынған. Мектептер мен білім беру мекемелері – сапалы әрі қолжетімді білімнің кепілі. Ал спорт нысандары бұқаралық спортты өркендетіп, салауатты өмір салтын насихаттайды.
Ауылдық елді мекендерге медициналық қызмет көрсетуді жақсарту мақсатында «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы бойынша жаңа емдеу мекемелері бой көтеруде. Сонымен қатар, елді мекендерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін су құбыры желілерінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар 2025 жылға қарай қалалар мен ауылдарды 100% таза сумен қамтуды көздейтін ұлттық мақсаттарға сай келеді.