Жаңалықтар
«Елдос балалардың «кумиріне» айналды, күн сайын дзюдоға ондаған бала жазылады» - Ахмет Жұмағұл Елдос Сметовтың алғашқы бапкері
- авторМағжан Орынбасар
- 7 қыркүйек, 2024
- 3.2k
Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметовтың алғашқы бапкері Ахмет Жұмағұл шәкірті төрт жылдықтың басты додасында топ жарған соң дзюдо күресімен айналысуды қалайтын, Елдос ағасындай чемпион болуды армандайтын балалардың көбейгенін айтады
Ахмет Жұмағұл қазір зейнетте болса да, қазақ балаларын жапон халқының ұлттық күресі дзюдоның қыр-сырын меңгертіп, талай чемпионның томағасын сыпырып жүр. Елдос батырды 5 жасынан татамиге шығарып, спортшының дзюдоға деген махаббатын ашқан. Бұл туралы даңқты балуан Елдостың өзі үнемі айтып жүр. Jambylinfo.kz. тілшісі Париж төрінде атой салған білекті балуанды күтіп алу салтанатты рәсімінде Ахмет Жұмағұлды әңгімеге тартып, аз-кем сұхбат құрған еді.
- Ахмет аға, Елдос шәкіртіңіздің жеңісі құтты болсын! 5 жасында дзюдоның әліппесін таныстырған балаңыз Олимп шыңын бағындырғанда қандай сезімде болдыңыз?
- Әлбетте, қатты қуандым. Қуанғаннан төбем көкке бір елі жетпей қалды. Шәкірттің жеңісі – ұстаз еңбегінің ақталғаны. Елдос бұл жеңіске оңайлықпен жеткен жоқ. Жылдар бойы жинаған тәжірбие, білім, ізденіс пен бойындағы қайтпас қайсарлық оны осы күнге жеткізді. Күмісі бар, қоласы бар, "бір алтын жетпей тұр" деп айтушы еді. Сол арманына жетті. Бәрі құтты болсын! Елдос мені «ата» дейді. Лайым, Алла тағалам баламды тіл-көзден сақтасын.
- Сіз Елдос балуанды неше жасына дейін жаттықтырдыңыз?
- Мен Елдосты қолыма 5 жасында алдым. Кіп-кішкентай бала еді. Бірақ кішкентайынан қайтпас қайсар мінезі бар. Қарсыласынан жеңіліп жатса, жылап, жүріп күресетін. Сол бір жылдан кейін жарысқа алып барып едім, жеңіп шықты. Содан әрі қарай кете берді. Менің қолымда 10 жылдай болды, одан кейін интернатқа жібердік. Интернатта қазіргі жеке бапкері Ғалымжан Жылгелдиев ағасымен танысты. Ғалымжан да менің шәкіртім. 3-сыныптан бастап менің қолымда болды. Талай жарыстарда жеңімпаз болды. Еуропа мен Азия чемпионтаттарында топ жарды. Кейін біржолата бапкерлікке бет бұрды. Шүкір, екі шәкіртім чемпион атанып, елді қуантып жатыр. Ұстазға бұдан артық не керек?
- Аға, қазірде шәкірт тәрбиелеп жүрсіз бе?
- Әрине, осы Тараз қаласында кішкентай балаларды жаттықтырып жүрмін. Ауыз толтырып айтатын шәкірттерім көп. Баланы спортқа беру керек. Спортпен шұғылданған бала жан-жақты мықты болады. Жас ата-аналар осыны қаперде ұстаса деймін...
- Парижде күрескен Елдос Сметовке еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін жанкүйер болғанын көрдік. Айтыңызшы, Елдос чемпион болған соң дзюдо күресімен айналысуды қалайтын балалардың қатары артқан болар?
- Иә, мұның рас. Елдос чемпион болған соң балалар өздеріне жаңа «кумир» тапқандай. Қазір мен жаттықтыратын спорт кешеніне күніне кемі 20-30 бала келіп, дзюдодға жазылып кетеді. Күні кеше Лондон Олимпидасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаровтың өзі келіп, екі қызын маған тапсырып кетті. Бұйырса, әлі талай Елдостың іні-қарындастары байрақты бәсекелерде топ жарады деп сенемін.
- Ахмет аға, сұхбатыңызға көп рақмет! Чемпион шәкірттеріңіз көп болсын!
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
«1 млн. 107 600 теңге»: Жамбылдық ұстаздар ақшалай сыйақыға ие болды
- авторjambylinfo.kz
- 20 желтоқсан, 2024