сәрсенбі, 14 мамыр, 2025 4:57

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Ерікті қоныс аудару: 2024 жылы қанша адам жаңа өңірлерге көшті?

Ерікті қоныс аудару: 2024 жылы қанша адам жаңа өңірлерге көшті?
Фото: gov.kz
Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді

2024 жылдың қорытындысы бойынша жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы аймақтарға 8 950 адам қоныс аударды, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Олардың 3 000-ы – қандастар, ал 5 950-і – қоныс аударушылар. Барлық қоныс аударушылар мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етілді.

Қоныстанушылардың басым бөлігі Павлодар облысына (3 422 адам) және Солтүстік Қазақстан облысына (2 547 адам) қоныс аударды. Сонымен қатар Қостанай облысына – 1 020 адам, Шығыс Қазақстан облысына – 781 адам, Ақмола облысына – 537 адам, Абай облысына – 530 адам, Ұлытау облысына – 70 адам, Қарағанды облысына – 43 адам көшіп барды.

Қоныс аударған қандастар негізінен Моңғолиядан (1 072 адам), Өзбекстаннан (908 адам), Қытайдан (762 адам) және Ресейден (164 адам) келген. Басқа елдерден келгендердің саны – 94 адам.

Көшіп келген 4 279 еңбекке қабілетті адамның 2 721-і тұрақты жұмысқа орналасты, 207 адам кәсіпкерлікпен айналысуда, ал 25 адам бизнес ашу үшін мемлекеттік грант алды. Қоныс аударушылар денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, білім беру және өнеркәсіп салаларында еңбек етуде.

Қоныс аударған азаматтардың бірі – Сүлейменовтер отбасы. Олар 2023 жылы Маңғыстау облысынан Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша қаласына көшіп барған. Мемлекет тарапынан әрбір отбасы мүшесіне 1 690 500 теңге көлемінде материалдық көмек көрсетіліп, экономикалық ұтқырлық сертификаты арқылы тұрғын үй сатып алу мүмкіндігі берілген.

Отбасының отағасы Жанболат Сүлейменов – Ақтау қаласының №1 кәсіптік лицейін «Есептеу техникасына қызмет көрсету жөніндегі техник-оператор» мамандығы бойынша бітірген. Ал жұбайы Жадыр – «Педагогика және психология» мамандығы бойынша жоғары білім алған. Тайынша ауданының мансап орталығы оларды жұмысқа орналастыруға көмектесті. Бүгінде Жанболат «Көкше Техстрой» ЖШС-де жұмыс істесе, жұбайы «Қарлығаш» балабақшасында тәрбиеші болып қызмет етуде.

Ерікті қоныс аудару бағдарламасы аясында мемлекет бірнеше қолдау шараларын ұсынады. Олардың қатарында әрбір отбасы мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде көшуге арналған бір реттік субсидия, 12 ай бойы тұрғын үй жалдау мен коммуналдық қызметтерді төлеуге ай сайынғы субсидия, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту, жұмысқа орналасуға немесе кәсіп ашуға көмек және экономикалық ұтқырлық сертификаттары бар.

Сонымен қатар, қоныс аударған азаматтарды тұрақты жұмысқа қабылдаған және тұрғын үймен қамтамасыз еткен жұмыс берушілерге 400 АЕК мөлшерінде біржолғы субсидия беріледі.

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар