Жаңалықтар
Маңғыстаудағы бір мектепте 40 ер мұғалім қызмет етеді
- авторjambylinfo.kz
- 5 қазан, 2023
- 524
Маңғыстаудағы бір мектепте 40 ер мұғалім қызмет етеді
Маңғыстау облысы Түпқараған ауданына қарасты Ақшұқыр ауылындағы мектеп-лицейде 40 ер мұғалім қызмет етеді. Былтыр білім ордасында 36 ер мұғалім болса, биыл олардың қатары 40-қа жеткен, деп хабарлайды Жамбылинфо ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
Ақшұқыр мектеп-лицейі 2014 жылы 14 қарашада өңірдегі үш ауысымды оқыту мәселесін жою мақсатында ашылған. Бүгінгі таңда 1700 оқушы білім алады. Мектеп-лицейде 137 мұғалім қызмет етеді.
Білім ордасы ашылғанда онда 7 ер мұғалім болған және олардың көбі дене тәрбиесінен сабақ берген. 9 жылда ағайлардың қатары 40-қа жеткен.
Олардың алды өз ісінің майталманы, кейінгісі – теориясы мен практикасын ұштастырып, ізденіс жолында жүрген жас буын. Ер мұғалімдер қазақ тілі, тарих, география, ағылшын тілі, музыка, көркем еңбек, дене шынықтыру, математика, физика, информатика пәндерінен сабақ береді.
"Біздің мектеп-лицейдің кадрлық құрамы жағынан республикалық мектептерден едәуір айырмашылығы бар. Өйткені ұжымда 40 ер мұғалім қызмет етеді. Олардың екеуі - шебер-педагог, үшеуі - зерттеуші педагог, бесеуі - сарапшы педагог, сегізі - модератор-педагог қызмет сапында. Ер мұғалімдердің жетеуі – өз түлегіміз әрі оқу үздіктері", - деді мектеп директоры Қаламқас Тілеубаева.
20 жылға жуық еңбек өтілі бар тарих пәнінің мұғалімі Бауыржан Айманов осы білім ошағында 6 жылдан бері қызмет етеді. Ол тарих пәнінен «Үздік педагог-2021» конкурсының жеңімпазы, бірнеше рет пәндік олимпиаданың республикалық кезеңінің жеңімпаздарын дайындаған.
Қазір саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау комиссиясының құрамында мұрағат ақтарып, ұлттың жоғын түгендеп жүрген ұстаз. Бауыржан оқу ордасында ер мұғалімдердің көп болуы тәрбие процесінде оң ықпалын тигізетінін айтады.
"Білім саласындағы реформалар, мұғалімдерге деген құрмет, ұстаздарға қоғамдағы оң көзқарас, педагог мәртебесі заңының қабылдануы, мұғалімдерге жасалып жатқан әлеуметтік қолдаулар, жалақының көбеюі - осының барлығы қазіргі таңда білім саласында ер мұғалімдердің көбеюіне өзінің әсерін тигізіп жатыр деп ойлаймын. Оқушыларға ер мұғалімдердің негізгі пәннен сабақ беруі де ұл балалардың мұғалімдікке келуіне бетбұрыс жасап отыр", — деді тарих пәнінің мұғалімі, педагог-шебер Бауыржан Айманов.
Ал 21 жастағы Асылзат Мәдиұлы – мектеп-лицейге биыл жұмысқа орнласқан жас маман. Ол оқушыларға қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді.
«Ұстаз деген ұлғатты есімді арқалау - үлкен жауапкершілік. Біз қазақ жастарының әдебиетке көбірек назар салып, бет бұрғанын қалаймыз. Өз мамандығымызды таңдап, осындағы алдыңғы буын ағаларымыздың артын қуып, осы білім ордасынан еңбек жолымызды бастап жатырмыз", — деді Асылзат Мәдиұлы.
Мектеп басшысы ер мұғалімдердің көптігі оқушылардың патриот, ұлтжанды болуына ықпал ететін айтады.
"Қазір қоғамдағы келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін мектепте ер- азаматтардың ұстаздық етуі маңызды. Ер ұстаздардың мектепке көптеп келуі «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен берілген жеңілдіктердің де арқасы екенін айта кету керек. Ал біздің мектеп-лицейге жұмысқа келуін айтатын болсақ, жалпы өзіміз мықты мамандарды зерттеп, зерделей отырып, сол бағдарлама арқылы мектепке шақырдық. Соңғы уақытта мектеп түлектерінің өздері де жоғары оқу орындарын бітіріп, өзіміздің қатарымызды көбейтіп жатыр", — деді ол.
Айта кетсек, өткен оқу жылында осы мектеп-лицейдің 11-сынып оқушылары түгелдей ҰБТ-дан жоғары ұпай жинап, мектеп тарихында тұңғыш рет барлығы мемлекеттік грантқа ие болған. Ал бұл жерде негізгі пәндерден ер мұғалімдердің сабақ беретінін де ескеру керек.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз