Меркіде балалар-жасөспірімдер мектебінде өрт-тактикалық оқу-жаттығу өтті
- авторБақытжан Бекболат
- 8 мамыр, 2025
- 106

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің тапсырмасына сәйкес, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында Жамбыл облысы Меркі ауданына қарасты Меркі ауылында орналасқан №20 Балалар-жасөспірімдер мектебінде жоспардан тыс өрт-тактикалық сабақ өткізілді, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Іс-шараға Меркі ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі мен №9 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері, сондай-ақ мектеп ұжымы мен әкімшілік өкілдері қатысты. Сабақ барысында өрт туындаған жағдайда мекеме қызметкерлері мен оқушылардың іс-қимылдары пысықталып, эвакуациялық жаттығу өткізілді.
Оқу-жаттығу сценариі бойынша, мектеп ғимаратында шартты өрт шықты деген хабарлама түскен соң, барлық қатысушылар белгіленген тәртіп бойынша эвакуациялық жолдармен сыртқа шығарылды. Өрт сөндірушілер нысанға жедел жетіп, арнайы жабдықтар арқылы шартты өртті сөндіру және адамдарды құтқару жұмыстарын жүргізді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – адамдар жаппай жиналатын мекемелерде өрт болған жағдайда дұрыс әрекет етуді үйрету, сондай-ақ өрт сөндіру бөлімшелерінің күштері мен құралдарының өзара әрекеттесу деңгейін арттыру. Сонымен қатар мектеп қызметкерлеріне алғашқы өрт сөндіру құралдарын қолдану бойынша тәжірибелік кеңестер берілді.
Осындай оқу-жаттығулар алдағы уақытта да өз жалғасын табады. Себебі өрт қауіпсіздігі – күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселе. Меркі аудандық ТЖ бөлімі азаматтарды қауіпсіздік талаптарын сақтауға және төтенше жағдай кезінде дұрыс әрекет етуге шақырады.
Ұқсас жаңалықтар
Жамбылдық чемпиондарды халық ыстық ықыласпен қарсы алды
- авторБақытжан Бекболат
- 19 мамыр, 2025