
Халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар, жергілікті билік пен тұрғындардың бірлескен еңбегі ауылды жаңа деңгейге көтеруде, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Қазіргі таңда Нұрлыкентте 4410 адам тұрады, олардың басым бөлігі ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау және шағын кәсіпкерлік саласында жұмыс істейді. Жұмыссыздықты азайту мақсатында мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, "Жұмыспен қамту жол картасы" аясында 229 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Жастарға арналған гранттық бағдарламалар іске қосылып, өз кәсібін бастауға мүмкіндік жасалды.
Білім беру саласына ерекше көңіл бөлінуде. Ауылдық округте екі мектеп пен үш балабақша жұмыс істеп, балалардың сапалы білім алуына жағдай жасалған.
Өткен жылы Нұрлыкент ауылында “ALI” спорттық орталығы ашылып, еркін күрес, сурет және би үйірмелері іске қосылды. Қазіргі уақытта орталықта 174 бала қамтылған. Биыл онда шахмат және ағылшын тілі курстарын ашу жоспарлануда.
Сонымен қатар ауылдық округке қарасты Түктібай ауылында орналасқан №12 Мұхтар Әуезов атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп, қосымша жаңа ғимарат салынды. Жаңартылған оқу кабинеттері мен заманауи техникамен жабдықталған сыныптар оқушылардың білімін арттыруға септігін тигізуде.
Денсаулық сақтау саласында да бірқатар оң өзгерістер бар. Ауылдағы медициналық пункт заманауи құрал-жабдықтармен толықтырылып, дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған курстар ұйымдастырылды. Алдағы уақытта жаңа медициналық орталық салу жоспарланып отыр.
Нұрлыкенттің инфрақұрылымы жыл санап жақсарып келеді. Ауыл ішіндегі көшелердің 99%-ы асфальтталып, көше жарықтандыру жүйесі орнатылды. Бұл тұрғындардың қауіпсіздігін арттырып қана қоймай, ауылдың эстетикалық келбетін жақсартты.
Ауыз су мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде. Өткен жылы бірнеше үйге орталықтандырылған су жүйесі қосылды. Биылда бұл жұмыс жалғасын тауып, ауыл маңындағы Қазбастау разъезіне таза ауыз су жеткізу жоспары жасалған. Сонымен қатар, электр желілері жаңартылып, тұрақты жарықпен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда.
Көлік қатынасын жақсарту мақсатында аудан орталығымен байланыстыратын жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жол бойындағы сервистік кешендер мен демалыс орындары ашылып, ауыл тұрғындары мен жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасалуда.
Нұрлыкент ауылдық округі – аграрлық аймақтардың бірі. Мұнда 60-тан астам шаруа қожалығы жұмыс істейді. Жаңа технологияларды енгізудің арқасында ауыл шаруашылығы саласында өнімділік артып келеді. Голландиялық картоп тұқымын егу нәтижесінде әр гектардан 450 центнерге дейін өнім алынуда. Бұл – ауыл шаруашылығын дамытудың нақты көрсеткіші.
Мал шаруашылығы да ауылдың негізгі салаларының бірі. Соңғы жылдары мал басының көбеюіне байланысты жайылымдық жерлер кеңейтіліп, су ұңғымалары қазылып, қажетті инфрақұрылым жасақталуда. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы шаруаларға жеңілдетілген несиелер ұсынылып, жаңа технологиялар енгізілуде.
Кәсіпкерлікті дамыту – Нұрлыкенттің басым бағыттарының бірі. Ауыл тұрғындары мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдетілген несие алып, өз кәсіптерін дамытуда. Жақында ауылда құс фермасы ашылып, ет және жұмыртқа өндірісі жолға қойылды. Бұл тек ауыл экономикасына ғана емес, аудан деңгейінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де үлес қосады.
Бұған қоса, ауылдағы шағын дүкендер мен қызмет көрсету орындары көбейіп, халыққа қажетті тауарлар мен қызметтер ұсынылуда. Жергілікті кәсіпкерлер ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өңдеу және сақтау бағытында жаңа жобаларды қолға алып жатыр.
Нұрлыкенттің болашағы – жастардың қолында. Сондықтан да ауылда спорттық және мәдени іс-шараларға ерекше көңіл бөлінеді. Жасөспірімдерге арналған спорт секциялары, мәдени үйірмелер жұмыс істеп, жастардың бос уақытын тиімді өткізуге жағдай жасалған.
Жуырда Нұрлыкентте жаңа мешіт ашылып, тұрғындардың рухани өміріне оң әсерін тигізді. Сонымен қатар, мәдениет үйінде түрлі концерттер мен іс-шаралар ұйымдастырылып, ұлттық дәстүрлерді насихаттау жұмыстары жүргізілуде.
Нұрлыкент ауылдық округі – даму мен өркендеудің жолында тұрған аймақ. Ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, инфрақұрылым және әлеуметтік салалардағы оң өзгерістер ауылдың болашағына үлкен сеніммен қарауға мүмкіндік береді. Жергілікті билік пен тұрғындардың бірлесе атқарған жұмыстары нәтижесінде ауыл жылдан-жылға көркейіп, халықтың өмір сапасы жақсарып келеді.
Алдағы жылдары ауылда жаңа өндірістік нысандар ашу, ауыл шаруашылығын одан әрі дамыту, жастарды қолдау және инфрақұрылымды жетілдіру жоспарланған. Нұрлыкент – дамудың жаңа белесінде тұрған ауыл!
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз