Таразда Отан қорғаушылар мен Жеңіс күніне арналған салтанатты митинг өтті
- авторСадуақас Айсұлу
- 6 мамыр, 2025
- 247
Тараз қаласындағы 5513 әскери бөлімінің саптық алаңында 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр – Жеңіс күніне арналған салтанатты митинг өтті, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Митинг Мемлекеттік Гимнмен басталды. Әскери оркестрдің орындауындағы ән саптық алаңдағы әр сарбаздың рухын көтеріп, салтанатты көңіл күй сыйлады. Мемлекеттік Туды көкке көтеру мәртебесі қатардағы жауынгер Төлеухан Нұрымға берілді.
5513 әскери бөлім командирі, полковник Кәдірбек Ғазиз Оңласынұлы жеке құрамды мерекемен құттықтап, ел қорғаны болудың маңызын атап өтті. Ол сарбаздарға адал қызмет пен тәртіптің мәнін еске салды.
Митинг барысында үздік әскери қызметшілер мен ардагерлерге ҚР ІІМ, Ұлттық ұлан “Оңтүстік” өңірлік қолбасшылығы, Жамбыл облысы және Тараз қаласы әкімдігінің марапаттары табысталды. Марапаттау рәсімін штаб бастығы, полковник Эглит Артур Эдуардович өткізді.
Әрі қарай сөз алған ардагерлер кеңесінің төрағасы, запастағы подполковник Ақайдар Дүсембиев жас сарбаздарға ізгі тілегін жеткізіп, өткеннің өнегесі бүгінгі ұрпақтың бойында лайықты жалғасатынына сенім білдірді.
Жиын барысында жас жауынгер Ысқақ Ерік те сөз сөйлеп, командирлерге алғыс білдіріп, қатардағы сарбаздарды Отан алдындағы борышқа адал болуға үндеді.
Шара соңында әскери оркестрдің сүйемелдеуімен патриоттық әндер орындалып, мерекелік концерт қойылды.