YouTube-арнадағы сөз үшін соттасты: Кемелов Бишімбаевтардың пайдасына өтемақы төлейтін болды
- авторБақытжан Бекболат
- 23 мамыр, 2025
- 293
Астананың азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ата-анасы - Нұржан Бишімбаев пен Балнұр Нұрпейісованың өз туысы Қайрат Кемеловке қарсы түсірген шағымын қарады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Олар ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғау туралы талап қойған.
Іс YouTube-тегі Airan арнасында Кемеловтің айтқан сөзіне байланысты қозғалған. Онда ол:
«Маған марқұмның денесі жатқан моргке барып, сарапшылардан олардың ұлының пайдасына қорытынды сұрауымды өтінді. Айтарлықтай ақша ұсынды», – деп мәлімдеген.
Бұл сөзге наразылық білдірген ата-ана мәлімдемені жоққа шығаруды және әрқайсысы үшін 8 миллион теңгеден моральдық өтемақы талап етті. Лингвистикалық сараптама Кемеловтің сөзі жалған болса, арызданушылардың ар-намысына нұқсан келуі мүмкін екенін растады.
Азаматтық заңнамаға сай, айтылған мәліметтің шындығын дәлелдеу – оны таратқан адамның міндеті. Бірақ Кемелов өз сөзін растайтын нақты дәлелдер ұсынбаған.
Сот бұл ақпаратты жалған деп танып, Кемеловті мәлімдемесін сол арнада ресми түрде жоққа шығаруға және әрбір талапкерге 100 мың теңгеден өтемақы төлеуге міндеттеді.