Абай облысының полиция қызметкерлері кішкентай Аделяның арманын орындады
- авторБақытжан Бекболат
- 23 мамыр, 2025
- 309

Ол хатында полицей болуды армандайтынын, олардың қызметіне қызығатынын айтып, өз сезімдерімен бөліскен, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
— Сіздердің жұмыстарыңыз туралы білгім келеді. Бізді қорғайтыныңыз үшін, адамдарға көмектескендеріңіз үшін рақмет. Бұл – маңызды әрі оңай жұмыс емес, — деп жазды Аделя Instagram парақшасындағы балалар айдарын көріп.
Жас жеткіншектің жүрегінен шыққан шынайы сөздері полиция қызметкерлерін бейжай қалдырмады. Олар Аделяға ұмытылмас күн ұйымдастырып, Полиция департаментінің жүрегі саналатын Жедел басқару орталығына экскурсия жасатты.
Аделя сол күні бейнебақылау жүйесінің қалай жұмыс істейтінін, «102» арнасына келіп түсетін қоңыраулар қалай қабылданатынын және оқиға орнына нарядтар қалай жіберілетінін өз көзімен көрді. Оған учаскелік полицейдің, тергеушінің және кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектордың жұмысы да таныстырылды.
– Аделяның хаты бізге кім үшін қызмет етіп жүргенімізді еске салды. Балалардың өзін қауіпсіз сезініп, әділдікке сенуі – біз үшін басты міндет, – деді полицейлер.
Кішкентай қонақ сапар соңында полиция логотипі бейнеленген блокнот пен жарқын әсерлерге толы естеліктерге ие болды. Ең бастысы – ол болашақта полицей боламын деген арманына сеніммен қарай бастады.