сейсенбі, 1 қазан, 2024 20:44

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жамбылда «Асарлатып үй салу» жобасы арқылы 338 отбасы баспаналы болған

Жамбылда «Асарлатып үй салу» жобасы арқылы 338 отбасы баспаналы болған
Сурет: «Qazaqstan» арнасынан
Аймақта бұл игілігі мол жоба 4 жыл бұрын басталған

Жамбыл облысында Байзақ ауданының тұрғындары асар дәстүрін жаңғыртып, мұқтаж отбасыларға тегін баспана салып берген. Былтыр тағы әлеуметтік аз қамтылған 105 отбасы қоныс тойын тойлаған. Үйлі болған жандардың бірі Мұхамеджан Қарқынбаев «Жақсылық жаса» студиясында қуанышымен бөлісті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

Жаңа қонысқа ие болған Мұхамеджан Қарқынбаевтың айтуынша,  мамыр айында жаңа үйдің кілтін қолына алған. 

«Үйді мамыр айында табыстады. Мектеп бітіргеніне 20-30 жыл толған түлектер мен ауыл тұрғындарының көмегімен үйлі болдық. Қуанышымда шек жоқ. Үйіміз кең, 5 адам тұрамыз. Баспана кімге берілу керектігін ақсақалдар алқасы, ауыл белсенділері мен демеуші кәсіпкерлер шешеді. Осы жақсылықтар жалғасын тауып, келесі жылы да тағы бір отбасыға асарлатып үй салып беруге атсалысуға дайынмын», - дейді Мұхамеджан Қарқынбаев.

Сондай-ақ, "Жақсылық жаса" бағдарламасының студиясына қонаққа
«Асарлатып үй салу» жобасының басы-қасында жүрген ұйымдастырушылар, ауыл белсенділері Олжас Әбілдаев және Мадияр Бақторазов келді.

Талай отбасыға қуаныш сыйлап жүрген атпал азаматтардың сөзінше, өңірде "Асарлатып үй салу" жобасы дәстүрге айналған. 

«Асарлатып үй салып беруді 2020 жылы 1983 жылғы мектеп түлектері бастады. Кейін бұл жоба басқа түлектерден де қолдау тауып жыл сайынғы үрдіске айналды. Түлектерден бөлек игі іске ауыл тұрғындары, шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер де атсалысуда. Биыл демеушілер көмегімен газы жоқ 13 үйге газ кіргіздік», -дейді Олжас Әбілдаев.

Жоба жүздеген шаңырақты қуантты. Қаншама адам армандаған үйдің кілтіне ие болды. Осыған қарап, әлі де арамызда қазақтың төл дәстүрін айна қатесіз ұстанып, ұлттық  құндылықтарымызды дәріптеп жүрген жандар бар екеніне көзіміз жетті. 

Айта кетейік, «Qazaqstan» арнасынан әр жұма сайын 21:25-те тікелей эфирге шығатын «Жақсылық жаса» жобасының мақсаты – қоғамда түрлі ерлік істерімен танылған ел азаматтарын насихаттау әрі көрерменді бүгінгі күннің батырларынан үлгі алуға шақыру. 

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар